Астанадағы Оқушылар сарайында балаларды өлеңге баулитын «Жас қаламгер» үйірмесінің «Сөз патшалығы» атты есеп беру кеші өтті. Әдеби іс-шарада әлем классиктерінің әйгілі әңгімелерінен бастап, қазіргі қазақ поэзиясы өкілдерінің өрелі өлеңдері оқылды. Мәнерлі монолог, көрнекті көрініс сахна салтанатына сән қосты. Хош, «Сөз патшалығына» жасаған саяхатымызды байыппен баяндап берейік.
Оқушылар сарайының өз ыждағатымен ашылған үйірме он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында талантты оқушылар бірнеше облыстық және республикалық сайыс жүлделерін қанжығалады. Оқыту үдерісі екі бағытта жүреді: бірі поэзия, бірі айтыс. Мәселен, 10-сыныпқа аяқ басқан Әмина Байкемелқызы республикалық Абай оқуларының жеңімпазы болса, бітіруші түлек Науат Жақатаева, Әсет Берік, Назар Мысалбек сынды өнерпаздар – оқушылар арасындағы айтыстардың бас бәйге иелері.
Рухани кеш жас әнші Кәусар Саматқызының халық әні «Арман-айынан» басталды.
Бұл кісінің есімі Мереке Сағынғанова. «Жас қаламгер» үйірмесінің поэзия бағытында тәлім алып жүрген Кәусар Толыбайдың анасы екен. Сөзге тартып көрдім.
– Көзіңізге жас үйіріліп тұр...
– Иә, мұндай сәтте көңілдің толқымауы мүмкін емес. Перзентіңнің қалай есейіп кеткеніне әрі таңғалып, әрі сүйсініп отырасың...
– Қызыңыз үйірмеге қатысқаннан кейін бойынан не байқа- дыңыз?
– Өз-өзіне сенімділік. Өмірде де, сахнада да бойын еркін ұстайтын болды.
– Қандай жетістікке жетті?
– Жақында «Binom аруын» жеңіп алды.
– Тамаша! Қуаныштымын!
Талантты шәкірттің мерейлі анасымен диалогіміз осылай қысқа өрбіді. Әсерлі әңгімесін әрмен қарай тыңдағымыз келіп еді, Айзере Аманбайдың өнері назарымызды еріксіз өзіне аударды. Ол атақты Антон Чеховтің «Залым бала» әңгімесін жатқа оқыды. Оқығанда да кәсіби актерлердің монолог оқығандағы мақамына сай мәнерлеп жеткізді. Әпкесінің бір жігітпен сөз байласып жүргенін анасына айтып қоямын деп ауызбастырық алып жүрген тентек баланың әрекеті еріксіз езуімізге күлкі үйірді.
Кезек әрі қарай жас айтыскерлерге келді. Ақындар домбырасын қағып-қағып жіберіп, бір-бірімен қайымдаса жөнелді. Есіл-дерті ҰБТ болып жүрген түлектерді қағытып өтіп, достық нышанында тілектестігін білдірді. Жарасымды әзіл, жасына сай шумақтар.
Поэзия бағытындағы білім алушылар да өлеңдегі өрісін көрсете білді. Бала жүректің балауса сезімдері, көңіл көріністері көпшілік көрерменді қол соқтырды. Ал қазір оқушылардың жетекшісі Нәрия Ақбабақызы сөйлеп жатыр. Алғаш айтыс ақыны ретінде сахнаға шыққан ол, қазір педагогика саласында ұшан-теңіз еңбек етіп келе жатыр. «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Әдебиет – ел өмірінің айнасы» деп бекер айтпаған. Ал елді жасайтын – осы балалар. Олар ұлтжанды азамат болып жетілуі үшін, ең алдымен, төл әдебиетімізбен сусындауы қажет. Мұндағы балалардың барлығы ақын-жазушы яки журналист болып кетпейтін шығар. Бірақ олардың жүрегінде адамзатты сүюге жетелейтін өлеңге деген ықыласын ояту – қолымыздан келеді», деді ол.
Кештің қорытынды бөлімінде үйірме үздіктерін марапаттауға шыққан ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы былай деп ой толғады: «Біріншіден, бұл үйірме болашақтағы мықты студенттерді дайындап жатыр. Олардың қатары күннен-күнге артып келеді. Өздеріңіз де байқап жүрсіздер, осында тәрбиеленіп жүрген шәкірттер жұма сайын жүлде әкеліп жатыр. Сол себепті өнер үйірмесінің осы жетістігіне қарап, «Жас қаламгер» – өнерпаздар ордасы деп сеніммен айта аламыз».
Сонымен «Сөз патшалығына» саяхатымыз осылай аяқталды. Өлеңқұмар өрендердің хакім Абай басында тұрған патшалықтың іргесін кеңітіп, айбынын асқатата түседі деп кәміл сеніміз.