• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қаржы 27 Маусым, 2024

Теңгенің қазіргі бағамы

83 рет
көрсетілді

Кейінгі бірнеше күнде долларға қатысты теңге бағамы біраз шайқалып кетті. Анығында күрт әлсіреп 1 доллар 460 теңгеге дейін құнсызданды. Сарапшылардың сөзінше, бұл – 2024 жылдың ақпан айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық валюта өзінің ең ауыр құнсыздану деңгейіне шықты деген пікірлер жиі айтыла бастады. Жарты жыл тоқтаусыз нығайған ұлттық валютамыздың «күшею» траекториясынан аттап өтіп, белгісіз бағытқа бет алғаны байқалып қалды.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов журналистермен кездесуде теңге өзінің бастапқы қалпына оралатынын, уайымдауға себеп жоғын айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдың қорытындысында экономикамыз 5,1 пайызға өскен. Ұлттық қордың трансферті теңгенің 3,5 пайызға күш алуына ықпал еткен. Бес айдың ішінде трансферттік лимит­тің 70 пайызы сатылып, ай сайын 850 млн айналымға шығып отырған. Мұның бәрі де теңгемізге қосымша дем берді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы­ның жетекші сарапшысы Зарина Скрипченко­ның айтуынша, валюта бағамының әлсіреуі ішкі нарықтағы кейбір қатысушылардың шетел валютасын ірі көлемде сатып алуымен, ақша-несие саясатын жұмсарту аясында шетелдік және отандық инвесторлардың теңгедегі активтерден шығуымен байланысты болуы мүмкін. Себебі ішкі нарықта теңгенің әлсіреп кетуіне жол беріп тұрған себеп жоқ. Ұлттық банк мәліметі бойынша осы тоқсанда сырт­қы қарызды өтеу және қызмет көр­сету бо­йынша төлемдер 6,5 млрд долларды құрай­ды. Бұл өткен жылдың осы кезеңдегі төлем­дерінен 19,4 пайызға төмен. Сарап­шы айтып өт­кен­дей, ендігі кезекті теңге­нің құнсыздануын тоқ­та­татын факторлар­ды сырттан емес, іштен іздеу керек. Ұлттық қор арқылы теңге бағамын ойнатып отырудың мүмкіндігі шектеліп қалды. Сарап­­шылардың айтуынша, бұл ретте қор на­ры­ғы­­ның мүмкіндігіне назар аударған тиімді. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» акция­лары ел нарығында шетел валютасында да, теңгеге де ұсынысты арттыруға ықпал ете алады.

«2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңартылған болжамында осы жылғы долларға қатысты теңгенің орташа бағамы 450 деп көрсетілген. Ал қауым­дастық маусым айындағы сауална­масында теңге мен доллар жұбының бағамы бір долларға 450,4 теңге болады деп бол­жаған. Ішкі жағдай бұл болжамға бағынбай, қызыл сызықтан аттап кеткенін көрсетіп тұр. Базалық мөлшерлеменің жоғарылауы теңге актив­терін тартымды етеді», дейді Зарина Скрипченко.

«DAMU Capital Management» бас директоры Мұрат Қастаевтың түсіндіруінше, теңгенің әлсіреуінің объективті себептері бар.

«Ұлттық банктің шетел валютасын сату көлемін қысқартуы маңызды. Дәл қазір долларды айналымға шығару долларға деген сұранысты арттырып, теңгенің жағдайын одан сайын төмендетіп жібереді. Мысалы, Ұлт­тық банк маусым айында 100 млн долларды айна­лымға шығарды, ал мамыр айында бұл көрсет­кіш 300 млн доллар болатын. Сәуір айында 1-1,1 млрд доллар сатылған. Ұлттық банктің теңгені тым қатты өбектеп кетуі оның нарықта күш алып кетуіне себеп болды. Бізге жасанды жолмен ғана жалын күдірейтетін теңге емес, нарық заңы бойынша күш алған теңге керек», дейді ол.

Сарапшы Расул Рысмамбетовтің баяндауынша, доллар үшін қазір 465 теңге деңгейі – қолайлы баға.

«Дәл қазіргі жағдайды нарықтық баға деу­ге де болады. Сыртқы жағдайда күрт өз­ге­ріс болмаса, теңге бағамы бір доллар үшін 470-тен түспейді. Жыл аяғына дейін осы ба­ғаны сақтаудың өзі бізге күш бола­йын деп тұр. Доллар бағамы өседі деген дақ­пырт теңге бағамының құнсыздануына әсер етіп жа­тыр. Алдағы жағдай Ұлттық банк­тің жаңа валю­талық инфрақұрылымды қалып­тас­тыру туралы жоспарына қарап анық­тала­ды. Экономикамыз шикізатқа тәуелді. Әрта­рап­тандыру басталғанымен кемі 2029 жылға дейін тәуелділік сақталады. Сыртқы күй­зелістерге тәуелділікті азайту үшін көп жұ­мыс қажет. Теңгеге мұнай немесе Ұлттық қор трансферті арқылы дем беретін кездер арт­­та қалды. Қоғам доллардың ендігі жағдайы қан­дай болады, ол қандай платформаларда сатыла­ды деген сұрақтарға жауап күтеді», дейді сарапшы.