• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Маусым, 2024

Сәби Байбосынов: Қашанда салмақты ақпарат маңызды

159 рет
көрсетілді

Күні бүгінге дейін «Болашақ» бағдарламасымен бас-аяғы 253 журналист шетелде оқыған. Оның ішінде докторантурада – 2, магистратурада – 196, бакалавриатта 23 стипендиат білім алған. Ал 32 маман білігін шыңдап, тағылымдамадан өткен. Мүмкіндікті қалт жібермей шекара асқандардың бірі – Сәби БАЙБОСЫНОВ. Мереке қарсаңында «Болашақ» түлегімен аз-кем әңгімелесіп, Америка Құрама Штаттарындағы, қазіргі ақпараттық кеңістіктегі үрдістерді сөз еттік.

– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қайда білім алып, журналистикаға қашан қадам бастыңыз?

– Солтүстік Қазақстан облы­сының Жамбыл ауданындағы Муромское деп аталатын ша­ғын елді мекенде дүниеге кел­дім. Екі көшені жағалай орна­лас­қан 60 түтін бар. Қызық-шы­жығын, қайғы-мұңын бір отба­сыдай өткерген ауыл еді. Сол өңірдің жасыл желегіне аунап, балалық шағымның тәтті кезеңдерін өткіздім. Кейін нашар инфрақұрылым әсерінен тұрғындары көшіп тынды. Біз­де көппен аудан-қала маңын жағаладық. Кішкентайымнан әдебиетке құмарлығым бір төбе, шығарма жазғанды жаным сүйетін. Тіпті маңдайалды басы­лымдардың бірін қалдырмай оқитынмын. Осының барлығы менің гуманитарлық салаға бет бұруыма сеп болды. Одан қалды, теледидардағы сериалдардан жур­налист мамандығына ма­хаббатым ашылды.

Әкем еңбекқор, өмір бойы тракторшы, ал анам еден жуушы болып жұмыс істеді. Содан болар, әкем шешіміме үзілді-кесілді қарсы болды. «Жұрттың балалары секілді мұғалім не дәрігер бол» деп үгіттеді. Көнбедім. Сөйтіп жүріп ҰБТ таяды, ақыры сынақтан сүріндім. Сонда да 2006 жылы Манаш Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекет­­тік университетінің журналис­тика мамандығына ақылы бөлі­міне қабылдандым.

Бірінші курста ата-анам сиы­рын сатып, оқудың ақысын амал­дадық. Шығармашылық орта­ға тез бейімделдім. Алғашқы семес­трден-ақ облыстық «Қазақстан-Петропавл» (қазір Qyzylzhar) арнасындағы студенттік «Пара­сат» бағдарламасы аясында ша­ғын репортаждар жасай баста­дым. Оң-солымды танып, 19 жасымда «Қазақстан» телеарнасы­ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Жас бол­сам да, аймақтың өткір мәсе­ле­­­лерін қаузап, өңірдің проб­ле­ма­ларының шешілуіне түрткі бол­дым. Жур­налистика тегінде тео­риядан гөрі тәжірибе дер едім. Өйт­кені жұ­мыс істеп жүріп, теория­ны да, тә­жірибені де тез игердім.

– Алып держава АҚШ-тағы жетекші жоғары оқу орын­да­ры­ның бірі – Джонс Хоп­кинс университетінде магистратурада оқыдыңыз. Қарапайым ауыл баласының «Болашақ» ар­қылы Америкада білім алуына не себеп болды?

– Шетелге барып білім алу­ды кім армандамайды? Бәріміз ­де жақсылықты көруге ұмтылып, ізденіске ден қойдық. Сол мотивпен университет бітірген соң, 2010 жылы алғаш туристік визамен АҚШ-қа табан тіредім. Тура бір жылда Батыс мәдение­­ті­мен танысып, тұрмыс-тірші­лі­гі­не бейімделдім. Кейін отба­сы­лық жағдайларға байланыс­­ты елге қайтуыма тура келді. Де­сек те, араға уақыт салып, 2016 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Вашингтондағы Халықаралық журналистер ор­та­лығы ұйымдастырған студент­тік саяхатқа грант ұтып алдым. Орталық Азия елдерінен шамамен 10 журналист қана таңдал­ды. Тур барысында біз америка­лық телеарналарда, газеттерде, ақпараттық порталдарда, редакцияларында болдық. Сондай-ақ журналистика факультеттерінде білім беретін жоғары оқу орындарын араладық. Сол жердің атмосферасы қатты ұнағаны сонша, оқуға қайта оралғым келді.

Сөйтіп жүріп, 2018 жыл­дың жазында достарымнан «Бо­ла­­шақ» бағдарламасы тура­лы ес­тідім. Әрине, басты мәсе­ле – ағылшын тілін білу. Аз ғана уақыт ішінде деңгейімді көтер­дім. Құжат тапсыру мерзімі аяқ­талуға шақ қалғанда, керек қа­ғаз­дарды өткізіп, бағымды сынап көрдім. Асығым алшысынан түсіп, «Filmand Media» бағдарламасымен магистратураға оқуға түстім. Деректі кино мен журналистиканың арасында ортақ нәрселер көп. Мәселен, оқу бағдарламасында сценарист, иммерсивті сторителлинг, дыбыс режиссері, деректі кинорежиссер сынды бағыттар қамтылған. Мен деректі кинорежиссер болуды мақсат еттім. Деректі кино, сценарий жазу, монтаждау, операторлық өнер бойынша көбірек сабақ алдым. Былайша айтқанда, техникалық дағдыларымды шыңдадым. Каме­ра­мен жұмыс істеуді, түсіруді, монтаждауды, дыбыс жазуды, жарық қоюды үйрендім. Жал­пы, ақпараттық кеңістікке қа­жетті қазіргі тенденцияның ма­шықтарын меңгердім.

– Қазақстандық оқу бағдар­ламасынан айырмашылығы мен артықшылығын айта өтсеңіз. Сондай-ақ еліміздегі медиа саласының басты проблемалары қандай? Бізге әлі нені екшеу керек?

– Оқуды аяқтағаныма 15 жыл­­­дай уақыт болып қалып­ты. Жа­һандану дәуірінде тех­но­ло­гияның игілігін ұтымды пайдаланғалы айырмашы­лық жер мен көктей деуден аулақпын. Десек те, көштен іркіліп келе жатқан тұстарымыз жетерлік. Отандық білім ордаларында репортаж жасауға, сюжеттер­дің құрылымын түзуге, мақала жа­зу­ға машықтайтын «практик» журналистердің қатары әлі де аз. Теориялық жағынан, әрине, бәрі бір-бірімен бақталасып, жарысуы мүмкін, бірақ тілшілікте кез келген тақырыпта материал жаза алу машығың, оперативтілігің, digital-ды жақсы меңгергенің­мен сыналасың. Қарапайым мынадай дүние бар – бізде оқу орындарында күнтізбелік кесте көп жағдайда студенттің қалауына емес, оқытушы, профессор­дың жүктемесіне қарай ыңғайла­на­ды. Ал Америкада бір семестрге университет арнайы пәндерін ұсынады, кейін студент болашақта пайдасын тигізетін сабақты ғана таңдайды. Егер студентке пән­нің мазмұны немесе профессор ұнамаса, пән­нен еш кедергі­сіз бас тарта алады. Яғни пәннің ­қы­­зығушылық тудырып, студенттер­ге ұнауын оқы­тушылар мен профессор­­лар қамтамасыз етеді. Ол үшін профессорлар арнайы сауалнама­лар да жүргізіп тұрады. Сайып келгенде, ұстаздардың табысы мен беделі студенттің қаншалық­ты қанағаттанғанына байланысты.

Мен елге жақында ғана оралдым. Әрине, көңіл толмайтын дүниелер дамыған мемлекеттерде де болады. Қарапайым жур­налистің көзқарасымен жауап берсем, айырмашылық сезіле­ді. Жасыратыны жоқ, Батыста жур­­налистердің сөз бостан­ды­­ғы бар. Оны АҚШ Конституция­­сы­ қорғайды. Оның үстіне Амери­када кәсіподақтар мен ­түр­лі кәсі­би бірлестік өте жақ­сы жұ­мыс іс­тей­ді. Журналис­тер әлеу­­меттік желі­де пост жария­лағаны үшін түр­меге жабыл­май­ды. Бізде тіпті бір­неше жыл өткен, ескіріп кеткен жаз­балары үшін де жауапкерші­лікке тартылып жататын жағдай­лар да кездеседі. 10 не 15 жыл бұрын жазылса да, шенеуніктер немесе бизнес қауымдастық өкілдері ар-намысыма, іскерлік беделі­ме нұқсан келтірді деп сотқа шағымдана алады. Тек жуыр­да ғана «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Құжатта ақпаратты терістеу мерзімі бір жылға қысқартылғаны оң шешім болды. Бұл да бір қозғалысты аңғартады. Сондай-ақ АҚШ-та журналис­тер сот алдында жа­уап беруден қорықпай, үкіметті сынап, кез келген проблеманы көтере алады. Ал бізде журналистер биліктің цензурасы мен қысымына жиі ұшырайды. Одан қалды проб­леманы жасыруға тырысатындары тағы бар. Бұған бірден-бір себеп – елде бұқаралық ақ­парат құралдарының 90 па­йызы мемлекеттік қаржыланды­руға тәуелді. Бұл редакциялық саясатқа ықпал етеді. Америкада бұқаралық ақпарат құралдары жарнамадан немесе жазылушылар саны арқылы ақша табады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, америкалық журналистиканың кәсіби стандарттары өте жоғары. Мұнда этика, ақпараттың объек­тив­тілігі және сенімділігі ма­ңыз­ды. Бізде редакциялық стандарт жоқ.

Америка Құрама Штатта­рын­да ақпарат еркіндігі туралы заң бар. Ол мемлекеттік органдар­ды журналистер мен аза­мат­тардың сұрауы бойынша де­рек­­тер мен құжаттарға қол­же­тім­ділігін қам­тамасыз етуді мін­­деттейді. Қа­зақстанда ақпарат алу, әсіресе мем­лекеттік органдардан қиын болуы мүмкін. Бұл контенттің сапасы­на тікелей әсер етеді. Елде тәуелсіз БАҚ-тың саны артса ғана, баланс болуы ықтимал.

– Елімізде журналистиканы азаматтық белсенділіктен ажыратып тұратын шекара бар ма?

– Әлеуметтік желінің бел­сен­ді қолданушысы ретінде ке­йінгі жылдары журналистика мен азаматтық белсенділіктің шекарасы бұлыңғыр болып ба­ра жатқанын байқадым. Бірақ кәсіби журналист ретінде айыр­машылық бар екенін түсінемін. Мәселен, журналистер оқиғаны қашанда объективті түрде көрсе­туге, салмақты ақпарат беруге ұмтылады. Кәсібіне адал болса, фактілерді тексеруге міндетті. Бейтарап бола отырып, қоғамды ақпараттандыруымыз қажет.

Ал қоғам белсенділері кері­сінше, белгілі бір мақсаттар мен міндеттерді көздейді. Мүдделер­ге жұмыс істейді. Қазіргі танымал блогерлер мен қоғам­дық пікір көшбасшыларының іс-әрекеттері жеке мақсаттарына жетуге бағытталған. Олар көбіне ақпаратты эмоцияға ерік беріп, кейде бұрмалап, тіпті дұрыс-бұ­рысын тексермей, біржақты ұсы­нып жатады. Аудитория болса, кім еститіндей, құлақ асатындай жет­кізе білсе, көп жағдайда соның артынан ілесіп кетеді.

– Қазір қоғамда «Болашақ» бағдарламасының болашағы талқыланып жатыр. Бірі жоба­ның нәтижесіне көңілі толмай­ды, енді бірі қос қолдап әлі берері бар бағдарлама деп ар­тық­шылықтарын тізбектеп әлек. Бұл ретте сіздің пікіріңіз қандай?

– «Болашақ» бағдарламасы­ның игілігін сол бағдарламаның арқасында шетелде білім алып, өмірін өзгерткен адамдар ғана толық түсіне алады. Саралап қарасақ, бұл – Батыста білім алу­ға, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндігі бола бермейтін мен сияқты еліміздің қарапайым азаматтары үшін бірегей мүмкіндік. Кейінгі кездері «Болашақтың» үнемі сынға ұшырап жүргені рас. Оған, өкінішке қарай, теріс ниетті түлектердің кесірі тигенін айта кеткен жөн. Негізінде, күні бүгінге дейін қаншама бағдарлама стипендиаты билік тармақтарына өзгеріс енгізіп жатыр. Әртүрлі саланың аяқ алуына, заманауи қарқынға ілесуіне септігін тигізіп жүр. Осыны да таразы басына салу керек.

– «Болашақ» стипендиат­тарының белгілі бір бөлігі мем­лекеттік тілді білгенімен, әдет­те орысша сөйлеседі. Бұл туралы не айтасыз?

– Шынын айту керек, бұл тек «Болашақ» түлектерінің мә­селесі ғана емес. Бұл – бүкіл қо­ғамға қатысты үлкен проб­лема. Өкінішке қарай, үрдіс мемлекет­тік қызметшілердің ара­сында да жиі кездеседі. Жеке өз басым мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде оқыған аза­матпын. Бұл қажеттіліктен емес, Солтүстік өңірде шалғай­да орналасқан ауыл-аймақтар­дағы мемлекет­­тік тілдегі білім ордаларының же­тіспеушілігінен не болмауы­нан туындады. Елордаға қоныс теп­кен соң ғана қазақ тілінде еркін сөй­леп, ойымды жеткізуді үйрен­дім. Сондықтан тіл мәселесі әлі күні тәртібінен түспейтіні анық. Біз тек орта, қоғам болып, қазақ тілі­нің қолданыс аясын кеңейтуге күш ­салуымыз қажет.

– Қазақстан журналистика­сы он жылдан соң қандай бо­лады деп ойлайсыз?

– Мен оптимиспін. Демек 10 жылдан кейін елімізде журналистер тәуелсіз, цензура мен мемлекеттік бақылаудан ада болатынына сенемін. Сайып келгенде, оның болашағы көптеген факторға, соның ішінде саяси, экономикалық, әлеуметтік және технологиялық жағдайға байланысты. Сөз бостандығы мен журналистер құқығын қорғау саласында оң өзгерістер болса, әрине, медиа саласы дамып, объективті тәуелсіз ақпарат көздерінің саны көбейетіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»