БАҚ беделін сөз бостандығынсыз елестету мүмкін емес. Себебі журналистиканың қоғамдағы беделі шығармашылық еркіндікпен тікелей байланысты. Екіншіден, жекеленген БАҚ-тың этикаға аса мән беруі де қолына қалам ұстаған қауымның мәртебесін айқындап береді.
Әрине, сөз бостандығын заңмен реттеуге болады, бірақ этиканы әрбір БАҚ өз ішінде қолға алуға тиіс. Қажет болса, әрбір редакцияның өз Этикалық кодексі болғаны жөн. Сонда ғана кез келген журналист өз миссиясына адал бола алады. Ал өз ісіне адал, мамандығының миссиясын білетін журналиске «Масс-медиа туралы» заң сөз бостандығына еркіндік, қорғалуына мүмкіндік берсе, отандық журналистиканың дамуына серпін алып келеді.
Менің түсінігімде заң маманның жұмысын шектемейді, дамуына мүмкіндік береді. Себебі журналист – қоғамның үнін жеткізуші. Үшіншіден, кез келген мемлекеттік орган, кез келген ақпарат қолжетімді әрі ашық болуға тиіс. Деректерді алу ашық болған кезде журналист ешқандай сұранысхат жібермей, ақпаратты еркін алуға мүмкіндік туады. Қазір біз жеті күн, бес күн деп жатырмыз. Шындығында, өзін сыйлайтын және сыйлата білетін, осы елдің заңына бағынатын кез келген мемлекеттік мекеме мен жекеменшік қауымдастық жедел әрі тексерілген ақпаратты ұсына алса, өзі үшін де пайдалы. Шын ақпарат шықпаса, ертеңгі күні жалған ақпараттың тарап кету қаупі басым. Төтенше жағдай кезінде осындай келеңсіздіктердің жиі қылаң беріп жататыны бар. Сондықтан жауапты тез берудің маңыздылығы журналиске ғана емес, мемлекеттік орган үшін де маңызды. Демек ақпаратқа қолжетімділік – ақпарат құралдарының беделін арттырудың тағы бір құралы.
Ерболат МҰХАМЕДЖАН,
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары