• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 02 Шілде, 2024

Батыр бейнесі

136 рет
көрсетілді

Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенұлы 1913 жылы 16 ақпанда Пав­ло­­дар облысының Красно­кутск ауданындағы (қазіргі Ақтоғай ауданы) Чкалов кең­шарына (қазіргі Мүткенов ауылдық окру­гі) қарасты №16 ауылда (қазіргі Шоқ­пар аулы) дүниеге келіп, 1944 жылы Украина жерінде ерлік­пен қаза тап­қан.

Батырдың ата тегі жөнінде өңірге белгілі шежі­реші, ақын Қимадиден Ны­ғы­манұлы «Ақтілестің ауыз­екі шежіресі» өлеңінде былай деп жырлаған еді:

«...Сүйіндік ақылды ата болған ырыс.Жақсыбай абыз шыққан осы атадан,Орнатқан Алашқа аял, елге тыныс.Жақсыбай Құттықадам бел баласы,Қазақтың сөзін ұққан хан, қарасы.Дүйсенбі, Қуат деген екі ұлы,Ту тіккен бостандыққа боп таласы.Абыздың Мүткен екен немересі,Жазбаған батырлықтан ел үлесі.Ұлы Отан соғысында ерлік еткен,Серікбай батыр өткен шөбересі...»

Биыл Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткен­ұлы­ның мерт болға­нына 80 жыл толады екен. Екінші дүние­­­жүзілік соғыс жылдары Украина жерінде ерлік­пен қаза тапқан батыр бабамыздың жүріп өткен жолын бү­гінгі ұрпақ еш ұмытпақ емес. Қаһарманның ру­­хына біз қалай тағзым етсек, Украина елі де дәл со­лай­­ қадірлейді.

Бүгінде Серікбай Мүткенұлына қатыс­ты жинақ­тал­­ған мұралар қатарында ба­тырдың көп жерде та­рал­­­­ған, ертеректе реставрацияланған жалғыз суреті, ба­­­­тыр атағын алғандығы жөніндегі архив­тік құ­жат­­тары, газет-журналдарға жария­лан­ған мақа­ла­лары мен естеліктері, батырға тиесілі жәді­гер­лер му­зей қо­рында біраз жылдан бері сақталып келе­ді. Де­генмен батырдың артында қалған жәді­герлері мен та­рихи мұрасы толық жинақталды дей алмасақ керек. Архив қой­науын, құжаттарды індетер болсақ, әлі талай жәдігерге кезігеміз деп нық сенім­мен айта аламыз.

Соның бір айғағы ретінде Серікбай Мүткенұлының көп жерде таралған жалғыз суретінен бөлек, тағы бір жарқын бейнесі бейнеленген тарихи құнды құжатты көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік. Сурет Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі басшылығының рұқсатымен архивтік қор бөлімінен алынып, баспасөз бетінде тұңғыш рет жарияланып отыр.

Абзал РЫМБЕК,Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері

Павлодар облысы