• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 02 Шілде, 2024

Мүмкіндігі мол комбинат

148 рет
көрсетілді

Степногор тау-кен химия комбинаты мыс-молибден кендерін өндірумен айналысады. Негізгі кен орны – Қызылту. Бір ғажабы кендегі мыстың құрамы 25 пайызға дейін жетед

Жоғарыда аталған кенмен бірге алтын, күміс тәрізді бағалы металдар да өндіріледі. Негізгі бағыты – уран шикізатын өңдеу. Уран кен орны – Семізбай деп аталатын өңірде. Дайын өнім табиғи уран тотығы мен мыс-молибден флотоконцентраты. Мыс флотоконцентраты бойынша комбинатта екі цех жұмыс істейді.

– Бұл жерде мыс-молибден ұсақталады және байыту сатылары бойынша өңделеді, – дейді комбинаттың бас инженері Андрей Черных, – Түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетейін. Негізінен реогенттермен әрекетке түсіп, байытылады. Байыту сатысынан кейін флотоконцентрат қоюланады. Міне, мынау – төртінші цех. Бұл цех шикізаттарды қабылдау­мен айналысады. Қазіргі күні көп­шіліктің экологиялық мәсе­лелерге алаңдаулы екенін біле­міз. Біздің комбинатта кен өндіру барысында қоршаған ортаға зиян тигізбеу мәселесі мықтап ескерілген. Кәсіпорын барлық талапты мүлтіксіз орындайды. Ол үшін белгіленген кесте бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп, жалпы ахуалды көзден таса етпейміз.

Мамандардың айтуынша, табиғатта кездесетін уранның кең тараған түрі нас­туран екен. Термиялық және химиялық тұрақты қосылыс. Барлық уран оксидімен салыстырғанда неғұрлым тұрақты. Шын­туай­тында, уранның барлық қосылысы тәрізді радиоактивті ядролық реакторларға арналған отын құрамындағы уран концентра­тының негізгі компоненті саналады. Уран шикізаты арнайы пеште қыздырылады. Қызуы 800ºС мөлшеріне дейін жетеді.

– Біздің цехта уран тотығы шығарылады, – дейді үймелеп шаю цехы басшысының орынбасары Қайрат Қайырисламов. – Шикізатты қайтадан өңдейміз. Экстракциялық өңдеуден өткізіп, арнайы пеште қыздырамыз. Қазір бізд­е шағын өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Барлық өңдеуден өткеннен кейін уран арнайы құтыларға құйылады. Ол құтыларды тиеу мен түсіру цехының жұмысшылары бояп, қаптап дайындайды. Осы жерде 17 жыл жұмыс істеп жүрген, әріптестерінің айтуларына қарағанда, шеберлігі әбден шыңдалған Толғанай Оразтаевамен кездестік.

– Бригадада бес адам жұмыс істейміз, – дейді Толғанай Оразтаева. – Адам жұмыс­қа төселіп алғаннан кейін қиындығы онша­лықты сезіле бермейді ғой. Бір жақсысы, жалақы тұрақты қолымызға тиеді. Комбинат басшылары тарапынан жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жасалған. Уақы­тында дем аламыз. Қарапайым жұмыс­шы­ларға бұдан артық не керек? Бір ғана айта кететін жай, қыста қойманың іші салқын­дау. Ал ұжым мүшелері өте жақсы, бір-бірімен іскерлік қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр.

Тиеу-түсіру учаскесінің басшысы Ғалым­жан Пердебаев – комбинатта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман. Бұл бөлімнің негізгі қызметі – комбинаттың дайын өнімін қаптау. Сондай-ақ дайын құтыларды жүктеу.

– Біздің комбинатты уран өнімін шығару бойынша жұмыс істейтін ең ірі зауыттардың бірі десек те болады, – дейді учаске басшысы Ғалымжан Пердебаев. – Өнім көлемі ұлғайған сайын жұмысшылардың санын көбейту көзделіп отыр. Бір жағынан бұл да халыққа тиімді, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазір 32 маман жұмыс істейді. Табыстары толымды.

Гидрометаллургиялық цехтың ауысым бас­шысы Роман Киселевтің айтуына қа­раған­да, негізгі жұмыс екі бағытта өрбиді. Оның ішінде толымдысы – Қызыл­ту кен орны­нан жеткізілетін мыс-молиб­ден концентра­тын өңдеу. Бір ауысымда 80-нен аса жұмысшы жұмыс істейді екен. Кейінгі жылдары жұмысқа қажетті техникалар жаңар­тылып, құрал-саймандар алына баста­ған. Жұмысшылардың айтуынша, бұл – өте маңызды мәселе. Материалдық-техникалық базаның заман талабына сай жаңғыруы еңбек өнімділігіне де тікелей әсер етеді. Цех жабдықтары техникалық талапқа сай уақтылы жаңартылып, жөндеуден өткізіліп тұрады. Әйтсе де, кеңес заманынан қалған техникалар да жұмысқа пайдаланылып жүр. Сапалы шығарылғаннан ба екен, әлі күнге дейін шыдап келеді дейді жұмысшылар.

– Зауытта 2006 жылдан бері жұмыс істеймін, – дейді басқару құрылғысының операторы Сергей Савченко. – Комбинатта орталықтандырылған бақылау жүйесі орнатыл­ған. Мен осы жерде жұмыс істеймін. Барлық ақпарат рет-ретімен жазылып алынып отырады. Тәртіп үшін керек дүние. Осы арада отырып комбинаттың бар тыныс-тіршілігін алақаныңдағыдай көріп отыруға болады. Міне, қараңызшы, мыс кені әбден ұсақталғаннан кейін бас сорғы стансасына жеткізіледі. Ол жерден флотацияға өтіп, мыс концентраты байытылып, өнімге айналады.

Кенді кәдеге жарату оңай-оспақ шаруа емес екен. Бірнеше өңдеу түрінен өткізілгеннен кейін соңғы қорытынды мыс концентраты деп аталады.

Степногор тау-кен химия комбинатында жылына 4 000 тонна уран өнімін, мыс-молибден флотоконцентратының 1 миллион тоннасын өндіреді. Уранның тек 30 пайызы ғана өңделіп келсе, алдағы уақытта бұл көлемді екі есе арттыру межеленіп отыр. Құла­шын кеңге жайған комбинат өнім өнді­ру­мен қатар Степногор тәрізді шағын қала­ның шаруасына да араласып, әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайын жақсартуға қолұшын беріп келеді.

Ақмола облысы