Абай ақылнамасының алып арнасы – түп иесін көксеу. Оған жеткізетін «имани гүл» тұғырлы тұжырымдамасы. Ол сана иесін адамзатты, әділетті және Жаратушыны сүюге шақырады. Бұл – ынталы жүректің еңбек үдерісі. Нәтижесінде, «Құдайдың орынбасары болу» деген адамның асыл мұраты анықталады. Хакім дүниетанымында оған қол жеткізген болмыс «кәмал-и инсан» мәртебесіне көтеріледі. Белгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың «Толық адам» әдеби-салыстырмалы рисаласында Абайдың сыртқы (заһир) және ішкі (батин) әлемі жан-жақтан зерттеледі.
Зерттеу жұмысы екі кітаптан тұрады. «Сол шыншыл: Хақ және Жалғыз» атты бірінші кітапта Абайдың даналық мәйегі мен абайтанудың ең күрделі де тылсым жұмбағы – әлемді пәлсапалық тұрғыдан ойлау және оны қабылдаудың алғашқы екі сатысы пайымдалады. Бірінші саты – шариғат. Бұл – фәни тіршіліктегі барлық ақыл-ой мен амалдың қам-харекетін қамтитын таным кеңістігі. Екіншісі – тариқат. Мұнда тал бесіктен жер бесікке дейінгі ақ жолдан адаспаудың заңдылықтары қарастырылған. Ал «Бір кемел» аталатын екінші кітап Абайдың ішкі әлеміне арналып жазылған. «Ақыл азығы – мағрифат» бөлімінде: Жаратқан мен шексіз жаратылысты «жүрегіңде кір қалдырмай» шәксіз тану, сол арқылы, рухани кәмелетке жету мәселелері талданады. Ал «иман азығы – ақиқат» бөлімінде: мәңгі бақилық дидарғайып ғұмырдың ең соңғы нұр әлемі (арсы-күрсі), жаратылыстың түпкі түйіні – ақиқат сырлары Абайдың көзқарасы арқылы сараланады. Енді барлығын байыппен баяндап көрелік.
1934 жылы шыққан Мұхтар Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» атты ғылыми мақаласында «Абайдың Шығыстан кірген бұйымдарының басы – ислам діні» деп атап көрсетеді. Сол себепті Абай әлеміне бойлаған кезде, ондағы таным табалдырығын исламиятсыз аттай алмаймыз. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай және шығыс» еңбегінде ислам дініне грек философиясын пайдалану арқылы теологияны түсінідіріп, табиғат, адам, қоғам құбылыстарына логика тұрғысынан жауап беруге тырысқан мүтәкалламистердің (арабша «кәлам» – логос, ал «мұта» сөзі кәлам ілімін насихаттаушы, таратушы дегенді білдіреді) Абай талқысында сынға ұшырауын тарқатып жазады. Онда ақылмен танылуы мүмкін емес түп иені (Алланы) жүрекпен ғана сезінуге болатынын жеткізеді. Ал ондай руханият дәрежесіне жоғарыда Тұрсын Жұртбай тәпсірлеп отырған шариғат, тариқат, мағрифат және ақиқат атты руханият сатылары апарады. Шәкірті Зарнұқи (Данышманд) арқылы жеткен Қожа Ахмет Ясауидің «Мират-ул Кулуб» еңбегінде бұл түсініктің «Шариғат – сөздерім, тариқат – істерім, хақиқат – халдерім» деген Пайғамбар хадисінен тамыр алып отырғанын түсіне аламыз. Тұрсын Жұртбай осы сатылардың ой мәйегін шариғат ұйытатын және ол адал, таза, әділетті, қиянатсыз мүмін болып өмір сүрудің басты шарты екенін баса айтады. Әрі қарай ғалымның өзі сөйлесін. «Шариғатқа «Ар ілімін» игеру арқылу қол жеткізуге болады.
Абайдың: «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз», –деп отырғандағы ғылымы – осы шариғат ғылымы. Шариғи ғылым: пәлсапа, таным, теология, жаратылыстану, жұлдызнама, ғарыштану, жағрафия, экономика, психология, әдеп, әдебиет, заң-дәстүр, тарих, қысқасын айтқанда, он сегіз мың ғаламдағы мұқым үйлесімділіктің сыры мен құпиясын меңгерген, өмір сүрудің заңдылықтарын қамтамасыз ететін, ондағы тепе-теңдіктерді сақтайтын, қарама-қайшылықтарды реттейтін, ғаламшар мен олардың арасындағы қозғалыстарды бейбіт-тыныштықпен дамытудың тәртібін үйлестіретін ғылым. Шариғаттың осы тылсым заңдылықтарын игергенде ғана мүслім атанасың. Содан кейін барып шариғи үкім шығаруға, ел басқаруға, шәкірт тәрбиелеуге, иман жолын насихаттауға, заң шығаруға құқық аласың.
Абайдың: «Көп шуылдақ не табар,Билемесе бір кемел», – дейтін кемелі осы сатыда қалыптасады», дейді ғалым. Шариғаттан кейінгі сатыдан орын алатын, кісіні хакімдік деңгейге жеткеретін ілім деңгейі – тариқат. Бұл турасында Сәбит Мұқанов та хабардар болған. Ол өзінің «Халық мұрасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қазақта шариғаттан тариқат басым болған. Бұл заңды қолданушылар – билер». Тұрсын Жұртбай «Тариқатқа тағзым» бөлімінде аталған рухани мақамның тақуалық тамырын, танымдық тарауын және тәжірибелік тәлімін Абайдың ғақлияларындағы белгілерін бедерлеп көрсетеді. Сонымен тариқаттың негізгі шарттары не? Тұрсын Жұртбай ең әуелі «Құран сөзінің мағынасына негізделген ой толғау» деп береді. Кітаптың тізгін қағар сәтінде айтылған Құнанбайдың қолынан түспейтін алақандай «Бәдуам» да – осы тариқат негізін үстейтін мінәжат түрі. Бұл сатыны игеруге бел байлаған кісі үнемі ой үстінде жүруге тиіс. Хакімнің үш сүюді айта келіп, соның жолында «ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ, басты байла жолына малың түгіл» дегені осыдан келіп шығады. Одан Құдайға деген ғашықтық келіп шығады. Ол – сана иесін болмыс бірлігіне, таным тұтастығына жеткізетін рухани күш. Абай қарасөзінде былай деп түсіндіріледі: «Алла Тағаланың пендесін махаббат уә мәрхәматпен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен ғана елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз».
Сонымен, шариғатқа иланып, тариқатқа бел байлап, «толық адамға» жеткізетін таным жолы – мағрифат. Мағрифатулла – Алланы тану деген сөз. «Діннің хақ мағрифатына жету оңай емес» дейді Абай. Оған үлкен рухани еңбек арқылы қол жеткізеді. Оның кілті – сенімге төзімді және сабырлы болу. Бұл Абайдың: «Мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» деген ғақлиясымен астасып жатыр. Алдамшы қызықтан бас тарту, әділетті болу және ниет-ықыласыңды таза ұстау – мағрифат мақамдары.
Келесі әрі соңғы саты – ақиқат. Күллі болмыс осы нүктеден тарап жатыр. «Мекен берген, халық қылған Ләмәканды, яғни түп иесін көксеп» хақтыққа жету – мақсаттың басты нәтижесі. Шәкәрімнің «бұзылмайтын шындығы» да, міне, осы. Ол халге ешқашан толық анықтама бере алмаймыз. Абайша түсіндірсек, «ақылға сыймас – ол Алла».
Қош, Абайдың әдеби мұрасындағы руханият мәселелеріне хал-қадерінше түсініктеме берген Тұрсын Жұртбайдың аталған зерттеуі – абайтанудың жаңа баспалдағы. Ғақли ғибратқа Абай арқасын тіреген Шығыс, оның ішінде мұсылманшылық терезесінен қаралған еңбек қазақ оқырманының көңіл көкжиегін кеңітіп, жүрек сарайын жылытады деп есептейміз.