Бойдағы кір-қоңысты сілкіп тастап өмір сүру қазақ баласына тән емес пе еді? Мөлдіреген даласына ұқсап, елжіреген жүрекпен, кезі келгенде шамырқанып, кектеніп, есесін алмай қоймағанмен, алдына келсе атасының құнын кешкен де осы қазақ. Ондайда біздің елдей кеңпейіл ел жоқ. Соның бәрі өмірінен өзек тартқан өлеңі мен жырына тұнып, неше мыңжылдық тарихына қашалып қалғанын қалай ұмытамыз.
«Ағарып атқан таңдай деп,Шолпанды шыққан күндей деп,Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз:Арғымақтың талдай мойнын талдырып,Үйде қалған арудыңАл иіндігін аудырып», дейді жорық жырауы Доспамбет. Осылай да сөйлеуге мұнша рух пен сезім сәулесінен түскен өмірдің жарқылдағы керек емес пе? Шығарма иесінің шамырқанған өмірі жайлы толғау бұл түсінгенге. «Ағарып атқан таңдай деп, Шолпанды шыққан күндей деп» дегендегі ойын араға төрт жол салып соңғы екі тармаққа иіп әкеліп тұр. Сөз ұстыны, жыр астары қалың, бір қарағанға «алдырмайды». Ұзақ толғаудың дәл осы тұсына көңіл көзімен үңілгенге шығармадан терең сырдың ұштығы көрінбей ме? «Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп, Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп...». Демек аты жусап жатқан ер шатыр ішінде. Ерлік арасында, жорық үстінде махаббаттың сәулесі ойнайды.
Қазақ тумысына біткен осы рух ұлт тағдыры аударылып-төңкерілген аумалы-төкпелі заманда өшкіндеген шығар, біржола күйреп жоғалған жоқ. «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» деген Абайдан соң Мағжан, Сұлтанмахмұт пен Қасымнан соң Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленовтерге жалғасты. Ілкідегі Доспамбет жырау толғауының үзіндісін Қуандық ақынның бір өлеңін ашу үшін келтіргенімізді несіне жасырамыз. Бір әлемді ашарға оның бастауына үңілсе, тақырып сәулелене түсетіні бар емес пе?
Жақында ақын Светқали Нұржан әлеуметтік парақшасында «Өмірімді өзгерткен өлеңдер» атты айдар ашып, қазақ поэзиясының таңдаулы жырларын жариялай бастады. Алғысөзін былай әдіптеді:
«Біздер арғы, «бұдырайған екі шекелі, шекелігі үш елі, жараған теке мүшелі», бір өзінде «бес еркектің буы бар» жауынгер жырауларды – жырлары; үніне аққу айналған, сәніне перінің қызы байланған Сал Біржан, Сері Ақан, Пері Мұқит, Қайқы Досаттарды әндері арқылы ғана білеміз. Ал елесі көзге шалынған бергілердің ішіндегі «Құдай-Тағала көңілденіп отырғанда жаратқан» Мағжан, Сәкен сынды сияқат пен қияпатты қатар берген сұлу ақындардың қатарына Қуандық Шаңғытбаевты да қосар едім. Қуан-ағаңды көргенде Олжастың: «Поэт красивым должен быть, как Бог!» деген сөзі еске еріксіз түсер-ді...
Ол ешқашан күнелтіс үшін боққоңызданып өлең жазған жоқ немесе пәкіза поэзияны біреулерден өш алу құралына айналдырмады, яки көкдоңызданып әркімге жынын шашпады: Ару-Жырдың «көзіне шөп салмады», сондықтан да оны абырой-атақтың өзі іздеп жүрді. Есенғали марқұм Қуан-ағасын «Мэтр», «Сұңқар ақын!» деп бағалайтын» деді Светқали Нұржан. Осылай деп ақынның «Қыз қуу» өлеңін тастап келіп жібергенде, арқамыз шымыр етті. Сонау Доспамбет жырау толғауының көлеңкесін көкейімізге түсірген бұл жырды сіз де оқып, тамашаға қалыңыз.
«Төрт өрме қамшы сарт етті, Арғымақ атқып жұлқынды. Жанары қыздың жалт етті, Жарысып желмен ұмтылды.
Жігіт те шықты сыдырып, Орамал таңып басына. Жұмылған бейне жұдырық, Жабысып ердің қасына.
Топылдап тиген тұяқтан Тозаңы жердің өрілді. Дүйім ел тұрып бұ жақтан, Күледі гулеп көңілді.
Сырбай-ау, әне, қарап бақ: Қуалай өрлеп даланы, Айтылмай жүрген махаббат, Құйын боп ағып барады».
Бұл жырды жазғанда Қуандық Шаңғытбаев жиырма бес жаста ғана көрінеді. Светқали Нұржанның тілімен айтқанда, «шын мәнінде, «соц.реализм» шірнесін (мәңгүрт-телпек) шекесінен жұлып алып, «тұрпайы әлеуметшілдік» тоңын дар-дар айырған түрен-жыр болатын». Десе – дегендей-ақ!