Есімі елімізге танымал жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің өнегеге толы ғұмырбаянын, іргелі ізденістерден тұратын шығармашылық жолын әңгімелегенде облыстық «Ленин туы (қазір «Солтүстік Қазақстан») газеті алдымен ауызға алынады. Олай болатын жөні бар. Жәкең өлең, әңгіме жазуға мектепте оқып жүргенде-ақ әуестенді. Тырнақалды мақалалары жергілікті басылымда жарияланып, «тілші бала» атанды.
Сейтен Сауытбеков, Мәриям Мырзатаева секілді әдебиетші ұстаздар оның жазу-сызуға деген қабілет-бейімін байқағаннан кейін ақыл-кеңестерін беріп, журналист болуға жөн сілтеді. Еңбек жолын шалғайдағы қазақ ауылында бастаған түбіт мұртты бозбаланың «Қазақстан пионері» газетіне, «Балдырған» журналына жолдаған мөлтек әңгімелері үзбей жарық көріп, бойында қыр-сыры беймәлім мамандыққа деген іңкәрлік сезім оянды. Отан алдындағы азаматтық міндетін өтеп келгеннен кейін редакция есігін имене ашқан жас жігітті мұндағылар құшақ жая қарсы алды. Сырттай жақсы білетіндіктен, арнайы білімі болмаса да, бөлімге тілші етіп қабылдады.
Шығармашылық ортаға тез бейімделіп, кәсіби шеберлігі жағынан танылып, журналистік мамандықты кездейсоқ таңдамағанын дәлелдеді. Көп ұзамай оған кеңес құрылысы, партия тұрмысы бөлімдеріне жетекшілік ету сеніп тапсырылды. Бір жағынан, білімін де жетілдіріп, тарих және қоғамтану пәндерінің мамандығы бойынша диплом алып шықты. Қазақ радиосының меншікті тілшісі қызметін де абыроймен атқарды. Ел, ұлт тағдырына қатысты публицистикалық мақалаларын жұртшылық жылы қабылдады, іздеп жүріп оқитын болды. Егемендігіміздің елең-алаң шағында облыстық мәслихаттың баламалы сайлауына қатысып, сайлаушылардың басым даусына ие болды. Сессияларда қадау-қадау мәселелер көтеріп, ең белсенді халық қалаулылары қатарынан көрінді. Журналист қоғамның дамуына, сананың өзгеруіне ықпалы зор мамандық екенін жүрекпен сезініп, кәсіпке деген адалдығы мен жауапкершілігін бір сәт те жоғалтқан емес. Облыстық газеттің бас редакторы қызметіне білек сыбана кірісіп, атан түйеге жүк боларлық қыруар істер тындырды. Отбасы тәрбиесінен дарыған еңбекқорлық, өзіне де, өзгеге де талапшылдық, ізденімпаздық қасиеттері, қайраткерлік болмысы одан әрі толысып, шыңдала түсті. Мұқым түркі жұрағатының мақтанышы Мағжан Жұмабаев 1920 жылы іргетасын қалаған басылымның тиражы 10 мыңға дейін жетіп, еңбекақы көбейтілді. Штат құрамы жастармен толығып, ұжым жаңа ғимаратқа қоныстанды. Қатарға қалалық «Қызылжар нұры» газеті қосылды. Мағжантанушы ретінде Алаш жұртына ортақ ұлы перзент рухын асқақтату жолындағы сіңірген еңбегі ерекше, айрықша атауға тұрарлық. Әлі күнге дейін «ақтаңдақ беттері» көп тақырыпты індете зерттеуге елімізде алғашқылардың қатарында кірісіп, архивтерге шаң басқан құпия құжаттарға қол жеткізді. Тынбай ізденудің арқасында көз майын тауысып, терең талдап жазған мақалалары мен сұхбаттары «Сөнбейтін шырақ» деген атпен кітап болып жарық көрді. «Мағжан» энциклопедиясын құрастырып, тың деректермен, соны мағлұматтармен толықтыра түсті. Жәкеңнің басшылығымен «Мағжан» әдеби-көркем журналы жүйелі түрде шығып келеді.
Жазушының қоғам қайраткері ретіндегі ерекше танылған бір тұсы 2007 жылы төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғанда алмас қылыштай жарқылдай көрінуі, айтар сөзден тосылып қалмай, қабырғалы мәселелерді биік мінберлерден ұдайы жеріне жеткізе көтеріп, ұлт зиялысына тән айбарлы мінез көрсетуі, еліміздегі ең жоғарғы өкілетті орган құрамының ол сияқты білімді, білікті, елдік, ұлттық мұратты жоғары санайтын жаңа көзқарастағы буынмен толығуы сапалық құрамын айтарлықтай жақсартып қана қоймай, Парламенттің ішкі жұмысына да серпін берді. Қарымды қаламгердің пайымынша, ономастика мен тіл бір-бірінен ажырағысыз ұғым, оларды бөле-жара қарауға болмайды. Өкінішке қарай, қазақ жерінде ертеден қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйені патша үкіметі отаршылдық мүдделеріне сәйкестендіріп, зорлап өзгертті. Солақай саясат кеңес одағы кезінде де жалғасып, оның ақыры тұрғылықты халықты рухани тамырынан, салт-дәстүрінен, ұлттық құндылықтарынан ажыратуға соқтыра жаздады. Қиямпұрыс қиянат тарихқа өшпестей жазылып қалды. Осының бәрін тәуелсіздік биігінен бағамдай отырып, Петропавл қаласының байырғы атауын өзгерту жөнінде сауал жолдауына тура келді. Жан-жақты дайындықтан кейін өз ұстанымын жария етуге бел буды. Кейбіреулердің өре түрегелетінін, өңешін созып, өзеурейтінін біле тұра тәуекел етті. Ондағы ойы – көп уақыттан бері халықтың көкейінде шер болып қатқан шетін мәселені қозғау арқылы талқыға салу, өзгелердің көңіл ауанын байқау. Үкіметке бағытталған депутаттық сауал санада үлкен сілкініс тудырғаны бәріміздің есімізде, әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ. Үлкен жарылыстай әсер етіп, қоғамдық пікірге қозғау салғаны соншалық, Қызылжар атауына қарсылық білдіргендер бастапқыда не істерлерін білмей, биліктің өзі абдырап қалды.Халық қалаулысына еліміздің әр қиырынан жүздеген адам хабарласып, қызу қолдау білдірісті.
Жәкең 1965 жылдың жазында Қызылжардағы №2 қазақ мектеп интернаты оқушыларының құрамында одақтың бас қаласына барған саяхат барысында кездескен бір оғаш жайтты баяндап берді. «Мақтаулы қалаға табанымыз тигеннен көтеріңкі көңіл күйіміз су сепкендей басылды. Мұндағылардың Қазақстанды білмейтіні бізді қатты налытты. Қазақпыз десек, бірі одырая қарайды, енді бірі иығын қиқаң еткізеді, енді бірі басын шайқайды. Бұлар тарихты, географияны оқымай ма деп таң қаламыз. Қазір ойлап отырсам, біз сияқты ұлттарды көзге де ілмеген екен. Әлі күнге дейін намысымыздың тапталып, тарихтан есеміздің кеткеніне ішім удай ашиды. Сондықтан тіл, діл мәселелері мені қатты мазалайды. Әсіресе жастар тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз, олардың бойында отаншылдық рухтың жетіспейтіні үйреншікті әдетке айналып бара жатқан сияқты. Ата-аналар күнделікті тұрмыс мәселелерін көбірек күйттеу салдарынан ұл-қыздарының тәртібін босаңсытып алған сыңайлы», дейді ұлттық құндылықтарға бейжай арамайтын кәсіби журналист.
Алысқа ұзамайық, облыс орталығы Петропавл қаласында 10 мыңға жуық қазақ балаларының орысша оқитыны— сөзіміздің бір дәлелі.
«Ономастика туралы» заңды ұлт мүддесіне қызмет ететіндей етіп жасасақ, көп нәрседен ұтарымыз анық. Кеше ғана өзімізбен бір шаңырақ астында бірге өмір сүрген елдердің тәжірибесінен осыны аңғаруға болады. Қызылжар ғана емес, жалпы еліміздегі кеңестік кезеңнің көзіндей болып көрінетін кейбір аудандар мен ауылдар әлі күнге өзінің байырғы аттарын қайтара алмай отыр. Ономастика демекші, халықтық жер-су, қала атауларының өзі ерекше әуезділігі, әуенділігімен бірден жатталып қалады емес пе? Отарлау бұғауынан әлі толық тазармағанымыз, бодандықта болғанымыз санамыздан өшер емес. Жасқаншақтық, иілгіштік қанымызға сіңгені сондай, одан арылу оңайға соқпай тұр. Мұндай күрделі мәселелерді әкімдердің құзырына беру дұрыс емес, үкіметтік деңгейде шешу тиімді. Заңдарға тиісті өзгертулер енгізген жөн», – деген Жарасбай Қабдоллаұлы өңір аумағында отаршыл, кеңестік кезеңді еске түсіретін Халтурин, Ленин, Чапаев, Ульянов секілді атаулардың азаймай отырғанына, Шұғыла, Толқын, Баянды сияқты ешқандай мағынасы жоқ аттардың қойылатынына, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлының есімі еленбей келе жатқанына қынжылады.
Белгілі көсемсөзшінің қазақ қоғамында қордаланған проблеманың біріне елді мекендер жайын жатқызуы тектен тек емес. Оны таң бозарысымен малын өріске шығарып, кешке қарсы алатын, сиырын сауып, қаймағын ағызып, майын былғап, бауырсағын пісіріп, шайын қайнатып, қым-қуыт тірлікке бөленіп жататын қызығы мәңгі тарқамайтындай көрінетін ауылдың рухани мәйегінің сарқылып, жүдеп-жадап, қазіргі заманның ауыртпалығын молынан тартып келе жатқаны қатты толғандырады. Әсіресе түгін тартсаң майы шығатын құнарлы жерлерді жергілікті тұрғындар емес, айдаладағы алпауыттардың рәсімдеп алғаны жанына қатты батады. Олар бас пайдасын ғана біледі, егіншілікпен айналысуға, төрт түлік өсіруге құлықсыз. Өндіріс орындары ашылмаса, жұмыс болмаса, жастар көшпегенде қайтеді? Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде ауылдықтардың өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырған емес. Жергілікті билік тарапынан нақты шешімдердің алынуына қал-қадерінше ықпал жасап келеді. Оның ойынша, алтын бесік–ауылды түлетуге, елді көркейтуге Үкіметтің кешенді қолдауы қажет. Кезінде «Ауылдан көшпе, ағайын!» публицистикалық мақаласына арқау еткен елді мекендерде тұрып жатқан тұрғындардың заманның өзгере бастағанын, нарықтың талаптарын ескерместен бейжай, жайбарақат отырып, уақыт өткізіп алғанын мәселе етіп көтерген болатын. Бәлкім, ауыл іргесі сөгілмегенде баяғы қазақы қалпын сақтап қалатын ба еді? Әр-әр жерде орны үңірейіп қалған елді мекендер аз емес.
Бертінге дейін «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры қызметін атқарып келген жаны жайсаң, ары таза Жәкең қандай құрметке де әбден лайық. Көп жылғы мінсіз еңбек өтеуі «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен атап өтілді. Қазақстан Жазушылар одағының өткен жылғы әдеби жиын қорытындысы бойынша қызылжарлық ақын-жазушылар арасынан бірінші болып халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. Қоғамдық жұмыстарда белсенді, Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті ұйымының және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы. Абыз ақсақал ретінде жастар тәрбиесіне жиі атсалысады.
«Еменнің иір бұтағы, «Көмескі із», «Шынның жүзі», «Сөнбейтін шырақ», «Дала-бесік», «Мылтықсыз майдан», «Сәулелі ғұмыр» сияқты 30-ға жуық кітаптың авторы жуырда өңірімізге белгілі тұлға, ауыл-аймаққа сыйлы, беделді Ноғайбай би туралы деректі романын жазып бітірді. Демек әр күні ізденіске толы, шалқар шабыттың құшағында жүрген, мерейлі өмір белесіне көтерілген қарымды қаламгердің берері әлі мол деген сөз.
Өмір ЕСҚАЛИ, Мәдениет қайраткері