Оқу үдерісіне жаппай ашық онлайн курстарын белсенді енгізу отандық университеттердің халықаралық рейтингтерінде деңгейін көтеріп, білім қызметі нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазіргі таңда көптеген елдің білім жүйесінде жаппай ашық онлайн курстар сапалы контентпен толығып, нарықта танымалдылыққа ие болып жатыр.
ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының шығармашылық және техникалық бірлескен жобасы журналистика және коммуникация саласындағы жаппай ашық онлайн курстарды әзірлеуге мүмкіндік берді. Жеті елдің, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Грузия, Әзербайжан елдері сарапшыларының, Орталық Азияның 19 университеті өкілдерінің қатысуымен онлайн курстар сараптамадан өткізілді. Кафедра оқытушылары Орталық Азия елдері тәжірибесінің негізінде халықаралық оқулықтарды интерактивті курстарға бейімдеп, оқу үдерісіне енгізді. Бұрынғы форматтан, дәстүрлі оқулықтардан мүлдем өзгеше ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл курстар инновациялық, интерактивті, инклюзивті, қызықты әрі жеңіл, құрылымында ойын элементтері бар, бағалау үшін тест пен эссе қолданылды. Онлайн курстар ЮНЕСКО мен журналистердің халықаралық федерациясының оқу материалдарына негізделді және Қазақ ұлттық университетінің платформасына орналастырылып, кең аудиторияға арналды. Осылайша, елімізде тұңғыш рет журналист қауіпсіздігі, коммуникациядағы қақтығысты төмендету, климат өзгерісі мен гендерлік мәселелерді БАҚ-та жазу әдіс-тәсілдерін үйрететін курстар әзірленді. Алгоритмі ұқсас өзге оқу курстарынан айырмашылығы, жоба нәтижесінде әзірленген кешен егер тыңдаушы сәтті аяқтаса, тегін сертификат беру қарастырылған. ЮНЕСКО сериясына енетін курстар тәулік бойы, жыл бойы қолжетімді әрі ақысыз. Платформаның функционалдары әр алуан, қазіргі цифрлық құралдардың жиынтығы білім құзыреттілігін дамытады.
Гендерлі бағытталған және инклюзивті платформаның төрт бағыты кәсіби қарым-қатынасты қолдауға машықтандырады, теориялық және практикалық материалдарды ықпалдастырып, журналистің күнделікті қызметін, БАҚ редакциясының жұмысын жақсартуға арналған құралдарды үйретеді.
Әр курстың қысқаша мазмұны сегіз тілге аударылып, мультилингвистикалық электронды оқулық әзірленді. Қазіргі таңда онлайн-курстардың шетелдік тыңдаушылары да бар. АҚШ, Норвегия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен жас мамандар, студенттер курсты оқып, сертификат алды.
Кейінгі кездері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерінің БАҚ-та жазылуы» курсына қызығушылық артты. Бұл курс бойынша маусым айында 4 тыңдаушы жазылып, курсты тыңдап сертификат алған.
БАҚ мамандарына ақпарат жинау мен оны БАҚ-қа берудің этикалық әдіс-тәсілдерін үйретуді мақсат еткен курстардағы үздік халықаралық стандарттарға негізделген тәжірибелік нұсқаулар журналист, PR мамандарына, баспасөз қызметі өкілдеріне арналған.
ЮНЕСКО мақұлдаған контент негізінде әзірленген курстарға ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі тарапынан журналист кадрларының сапасын, ақпараттық сала қатысушыларының біліктілігін көтереді, журналистика саласындағы ұлттық платформаны байытады деген баға берілді. Орталық Азия мен Кавказ аймақтарындағы әріптестер бұл курстардың әдістемелік орталық, база болып қалатындығын жеткізді. Бүгінде ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы «SC Training» платформасында бес тілде мобильді қосымшаға арналған онлайн курс әзірленіп жатыр. Кафедрада бірнеше инновациялық халықаралық және ұлттық жоба, атап айтқанда кейінгі бес жылда ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының, БҰҰ-Әйелдер өкілдігінің, АҚШ елшілігінің жобалары жүзеге асырылды.
Назгүл Шыңғысова,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі