Елімізде букмекерлік кеңселер саны жыл санап артып келеді. Жарнамасын жарқыратып беріп, менмұндалап тұратын букмекерлік, компьютерлік клубтардың да қарасы азаяр емес. Салдарынан оңай жолмен ақша табамын деп, құмаройынға құныққан, бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізіп жүрген жастар көбейді.
Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмаройынға тәуелділердің қатарын көбейтіп келеді. Елімізде қазір 700 мыңнан аса оқушы құмаройынға тәуелді ретінде тіркелген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, компьютерлік және букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы өткен жылы 500 миллиард теңгеге жеткен. Елдегі букмекерлік кеңселер, компьютерлік клубтар мен казинолардың біркүндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңге болса, жылдық қаржылық айналымы 1 триллион теңгені құрайды. Онлайн құмар ойынды жарнамалаған екі мыңға жуық интернет ресурс бұғатталған. Құмаройынға құныққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетеді екен. Еміне айына 600 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Қарап отырсаңыз, құмаройындардың көрігін қыздырып отырғандар қаншама адамның тағдырына балта шауып, өмірмен қош айтысуына себеп болып жатыр.
Ойынның жетегінде кетіп, қарыздан көз ашпайтын адам кез келген уақытта қылмысқа барады немесе оның өз-өзіне қол салмауына кепілдік жоқ. Себебі ойынқұмарлық – психологиялық ауру. Тәуелділікке ұшыраған адамдар көп жағдайда өз әрекетіне есеп бере алмайды. Мұндай адамдар қоғамға қауіпті.
Түркістан қалалық емханасының психологі Бағила Бимендиева ойынқұмарлық та нашақорлық пен ішімдікке құмарлық секілді тәуелділіктің бір түрі екенін айтады. Психологтің сөзіне қарағанда, лудоманиядан емделген адамның толықтай сауыққанына 100 пайыз кепілдік берілмейді. Өйткені құмаройынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Маманның сөзіне сенсек, емделушілердің көбі бір рет ойнап көрген соң әрі қарай ойынды тоқтата алатынына өз-өзіне сенімді болғандар. Алайда алғашқы бәс тігуден кейін өз әрекетіне есеп бере алмай, соңында несие алып, қарызға батып, бастарын жоғалтып алады екен. Психологтің көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігі 25-35 жас аралығындағы науқастар болса, оның ішінде 15-18 жастан бастап құмаройынға құмартқандар да жиі кездеседі. Себебі елімізде құмар ойындардың нарығына бақылау жоқтың қасы.
– Елімізде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауға шектеу қойылмаған. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мәселен, экономикасы көш ілгері кеткен Ұлыбританияның өзінде 25 жастан бастап қана бәс тігуге рұқсат береді. Бұл жаста адамның физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамуы толық жетілген болып есептеледі. Жиырма бес жасқа дейінгі жастарға кез келген нәрсе қызық. Олар өмірдің оң-терісін толық бағамдап үлгермеген жаста болғандықтан, жастықтың буымен шалыс басуға бейім тұрады. Яғни өз әрекетін толық тежей алмайды. Жалпы, кез келген жастағы ойынқұмарлармен жұмыс істеу – өте қиын және өте ұзақ үдеріс. Олармен терең әрі үздіксіз жұмыс істеу керек. Қауіптің бетін қайтарғанымызбен, емделуші кез келген уақытта сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қайтадан ойынға салынып кетуі мүмкін, – дейді Бағила Рахманбердіқызы.
Яғни жарнамасы жарқырап тұрған ойынды тағы бір ойнап көрейін деп, бұрынғы әдетіне қайта басады. Өйткені әлгінде айтқандай, елімізде құмаройындарға қарсы күрес пәрменді емес. Жарнама жасауға кедергі жоқ, кез келген спорттық ойындарда букмекерлік кеңселердің өкілдері келушілерді құрығына іліндіріп, арбап алады. Бұл науқастардың ойынқұмарлықтан арылуына мүмкіндік бермейді. Керек десеңіз, әлеуметтік желі арқылы рулетка ойынын ойнатқызып, ақша тауып жүрген пысықайлар да бар. Интернет арқылы ақылы ойын ойнап, ата-анасының картасындағы ақшасын ұтысқа салып жіберген балалар да кездеседі. Ақылы ойынға құмартатын 10-15 жас аралығындағы балалар. Ал Түркістан облысында лудомандарды емдейтін орталық та жоқ.
Егер лудоман үлкен сомаға ұтылып қалса, ол тоқтамайды, керісінше, қайтарып аламын деп, қосымша ақша іздей бастайды. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан зор. Сондықтан жас ұрпақты құмаройынның зиянды ықпалынан қалай да қорғау керек. Қазақ жастарының құмаройындарды емес, спортты серік ететін жігерлі, жалынды азамат болуына қайткенде ықпал етуіміз қажет.
Раушан НАРБЕК, журналист