Кейінгі жылдары Алматыда мопед тізгіндегендердің саны еселеп артқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қала көшелерінде күн сайын 50 мыңға тарта мопед пен электрскутер қатынайды. Өкініштісі сол, жыл басынан бері қос дөңгелекті көліктердің қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тапқан, ауыр жарақат алғандар саны 500-ден асып жығылады.
Желдей жүйткіген мопед жүргізушілерінің дені жастар. Олардың басым бөлігі жылдам жеткізу қосымшасында жұмыс істеп, нәпақа табатындар. Жеңіл көліктердің жолын кес-кестеп, жиі тәртіп бұзатындар да солар. Мопед тізгіндегендерден жүргізуші куәлігі талап етілмейтіндіктен, ережені елемегендер түрлі жантүршігерлік оқиғаға тап болып жатыр. Былтыр шаһарда мопедтердің қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың салдарынан тағы 16 адам ажал құшқан.
«Талдау нәтижесі көрсеткендей, жарақат алумен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының 16,1 пайызы мопедтер мен скутер жүргізушілерінің кінәсінен болады. Көп жағдайда көлік жүргізушілері оларды байқамай қалады. Сонымен қатар мопед жүргізушілерінің көбі қарапайым жол қозғалысы ережелерін білмейді. Күні бүгін Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Құқықтық тәртіп» жалпыреспубликалық іс-шарасының үшінші кезеңі жүріп жатыр. 100-ге жуық ата-ана балаларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл жалпы заң мен қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді. Кең ауқымды рейдтер кезінде мыңнан аса мопед, сондай-ақ 3 625 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды», дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Шумаев.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, өткен демалыс күндері мегаполис жолдарында 2 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігін электрсамокат пен мопед тізгіндегендер жасаған. Жалпы, самокаттар мен мопедтерді пайдалану бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауға қатысты жергілікті іс-шара басталғалы, 4 800 мопед жүргізушісі және 5 200 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Экологиялық тұрғыдан таза қатынас құралы саналатын электр самокаттардың аясы кеңейе беретіні анық. Дегенмен олардың қатысуымен болатын оқиғалар да жиілеген. Электрсамокатын тізгіндегендерден құжат талап етілмейтіні былай тұрсын, жол ережесіне қатысты емтихан да алынбайды. Оған қатысты жол ережелері де заңнамаларда нақты айқындалмаған. Мамандар қос дөңгелек тізгіндеген азаматтарды жол қозғалысы кезінде мұқият болып, бірқатар ережені қатаң сақтауға шақырды.
«Адам мен көлік саны көбейген мегаполистерде мопедтердің кең қолданысқа ие болуы заңды құбылыс. Дегенмен осы бастан тәртіпті күшейткен абзал. Желіде жүргізілген әлеуметтік сауалдамада «Алматы екінші Мумбайға айналып бара ма?» деген мәселе көтеріліпті. Расымен солай, мопедтер мен мотоциклдер саны күн сайын артып келеді. Көбі күнкөріс қамымен жүр, сондықтан оларға шектеу қою мүмкін емес. Алайда мопед тізгіндеген жастарымыз өмір өзіне керек екенін ұмытпауға тиіс, өзгенің де өміріне құрметпен қарағаны жөн. Күңгірт түсті киім киген самокатшылар жолда жиі байқалмай қалады. Бұл олардың өздері үшін де аса қауіпті. Жолға шығар кезде ашық түсті киім таңдап, жарыққа шағылысатын кеудеше киген дұрыс. Сонымен қатар басқа шлем киіп, көрініске кедергі келтіретін ештеңе тақпаған абзал», дейді қоғам белсендісі Сымбат Байжөкен.
Полиция басқармасы мотокөлік пен самокат пайдаланушыларына жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейткен. Рейдтік іс-шаралардың мақсаты – мопедтер мен самокаттардың жүруіне тыйым салу емес, олардың жеке жауапкершілігін еске салып, көлік жүргізу мәдениетін үйрету. Жаз айларында елдің ең ірі шаһарында көбейе түсетін микромобиль жүргізушілері осы жайларды жадында ұстаса игі.
АЛМАТЫ