• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Шілде, 2024

Сырдың бәйтерегі құлады...

5258 рет
көрсетілді

Елімізге және өңірге есімі танымал қайраткер, облыстың құрметті азаматы Алмагүл Божанованың өмірден өткеніне 40 күн болып қалыпты. Ол мамырдың 17-23-інде Алматыға емделуге келгенде кездесіп, дидарласқан едік. Емен-жарқын сөйлесіп, өткен-кеткенді айтып, біраз жасап қалғанбыз.

«Өмір бар жерде қаза бар» демекші, бір жеті болмай Алмагүлдің дүниеден оз­ғанын естіп, абдырап қал­­ғанымыз рас. Бар өмірін Сыр елінде өткізіп, өңірдің өркендеп дамуына айрықша үлес қосқан қабырғалы азамат, белгілі тұлға болды. Оның ерекше қайсар, қажырлы болуымен қатар, барынша әділ де адал қайраткер екеніне көз жеткіздік.

Алмагүл Божанқызы 1946 жылы бұрынғы Тереңөзек ауда­­нының Айнакөл аулында туып, Қызылөзек, Тельман атынд­ағы мектепте білім алып, оны педучилищедегі оқуымен жалғастырды. 1964-1972 жылдары Шаған аулындағы балабақша меңгерушісі, №132 орта мектепте ұстаз, 1972-1988 жылдарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы, мектеп директоры, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1988 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1997 жылдары аудан әкімі болып сайланды. Сол тұста республикамызда ал­ғаш сайланған әйел әкім болды. Бұл кезең бұрынғы одақ тарап, кеңшарлар жойылып, не істеу керектігін бажайлай алмай тұрған өліара шақта А. Божанова бар күш-жігерін жұмсап, ауданды тығырықтан алып шықты.

Ұйқысыз түндер, дамыл тап­паған күндері өз жемісін берді. Тереңөзек ауданының экономикасы, мәдениеті мен білімі, өнері дамыды, халықтың әл-ауқаты артты. Осындай жетістіктердің басында Алмагүл Божанова тұрды.1999 жылы Қызылорда облысы мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы филиалының бас­шысы сияқты қызметтерді ойдағыдай атқарып, олардың жұ­­мысын жаңа деңгейге көтере білді. Жасынан Қ.Қазантаев, Е.Кө­шербаев, Н.Ергешбаев сынды айтулы азаматтардан үлгі-өнеге алған А.Божанова еселі еңбегінің нәтижесінде елге сыйлы болды. Оны көзіміз көрді.

1973 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, ел тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құр­мет», «Парасат» ор­ден­дерімен қатар, ондаған медальмен марапатталған, Сыр­дария ауданы мен Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанған еді. Кейінгі жылдары «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігін ашып, жас ұрпақты тәрбиеледі. Әртүрлі тақырыпта бірқатар танымдық кітап жазды.

А.Божанова аудандық, об­лыстық кеңестердің депутаты, партия органдарының мүшесі болып сайланды. Алекең рухани, мәдени істерге өте мән беретін және зиялы қауым өкілдеріне асқан құрметпен қарайтын. Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұ­­хамеджанов, Ә.Жұмабаев, Ә.Жәмішов, Ш.Мұртаза, Ф.Оң­ғарсынова, К.Ахметова, Иран-Ғайып және басқа ақын-жа­зушылармен тығыз байланыс­та болды. Алмагүлге ақындар өлеңдерін, жазушылар ақ тілек­терін арнады.

«Жазмыштан озмыш жоқ», емендей берік, қажымас қайрат иесі болған Сыр елінің бәйтерегі құлады. Алайда А.Божанованың Сыр халқына сіңірген еңбегі ұмы­тылмақ емес. Өйткені ол жа­саған игілікті істердің ізі бар демекпіз.

Қош бол, жатқан жерің жаннат болғай. Сыр елі сізді ұмыт­пайды.