Кез келген қоғамның ең басты байлығы адам болғандықтан, елдегі туу көрсеткіші қашанда назардан түспейді. Бұл ретте өңіріміздегі бала санының артуы, туу өсімі мәселелері жөнінде облыстық Перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная мен Білім басқармасының қамқоршылық және білім берудегі тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Мафруза Науанова біраз мағлұмат берді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда еліміздегі 20 миллион адамның 10 миллионнан астамы – әйелдер. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке қарағанда 14 пен 17 жас аралығындағы 987 мыңнан аса жастың 477 мыңнан астамы – қыздар, 501 мыңы – бозбалалар. Бұл деректерді ауызға алып отырған себебіміз – халық санын арттырудағы 15-18 жас аралығындағы қыздардың үлесін айту. Осы жастардың 17 пайызы ерте бала көтереді, алайда олардың 22 пайызы жасанды жолмен баласын түсіріп, 16 пайызы табиғи түсік тастайды. Тек 62 пайызы ғана баласын өмірге әкеледі», деді Е.Калюжная.
Кейінгі 5 жылда жасөспірімдер мен жастар арасындағы туу саны 37%-ға, яғни 2019 жылғы 1 812-ден 2023 жылы 1 508-ге дейін азайған. Мұның өзі ұлттың денсаулығын арттыруға өзіндік үлес қосады. Алайда халықтың репродуктивтік сипаты жастар арасында төмен. Репродуктивтік денсаулық дегеннің өзі – ауру-сырқаудың болмауы ғана емес, физикалық, психикалық және әлеуметтік амандық. Оның сақталмауына тұрақты күйзелістер, дене қимылының аздығы, алкогольді ішімдіктерді шектен тыс тұтыну, есірткі қолдану, экологиялық зиянды ахуал әсер етеді. Сонымен бірге кездейсоқ жыныстық қатынастардың тәуекелі зор. Ондайда жыныстық жолмен берілетін мерез, гонорея, хламидиоз, трихомониаз, т.б. жұқпалы ауруларды жұқтырудың қаупі көп. Ондай аурулар ерлермен қатар әйелдердің денсаулығына да үлкен қауіп тудырады.
Солтүстік Қазақстан облысында отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулықты бақылауға арналған арнайы жоспар бар. Онда жас қыздардың аяғы ауыр болып қалуының алдын алу, жасанды түсіктің зиянын болдырмау, жыныстық жолмен жұқпалы ауруларға ұшырап қалмау, контрацепция әдістерін қолдану, жыныстық тәрбие сияқты профилактикалық шаралар қамтылады. Қазір облыс тұрғындары арасында 15 пен 49 жас аралығында 116 060 бала көтеру мүмкіндігі бар әйел тұрады. Соның жартысына жуығы түрлі сырқатпен медициналық есепке тұрғызылған. Дәл қазір 25 болашақ ана жүктілік кезеңді жоғары топтағы тәуекелдік жағдайында өткізіп жатыр. Оларды Астанадағы Ана мен бала орталығында босандыру жоспарланып отыр. Жергілікті дәрігерлердің әйелдерді мұндай қауіпті жағдайда босандыру мүмкіндігі жоқ.
2021 жылдан бері елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты баласыз отбасыларға сәби сыйлауға бағытталған. Кейінгі үш жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысына 608 квота бөлінген еді. Оған барған ата-аналар арасынан 194 жұптың жолы болып, перзент сүйді. Тіпті 25-і егіз туды. Ал биыл министрлік облысқа 189 квота бөлген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 8 рет отырысын өткізген арнаулы комиссия бүгінге дейін 84 квотаны бөлді. Соның ішінде әзірге 67 отбасы бағдарламамен қамтылды.
Былтыр перинаталдық орталық барлығы 6 мыңға жуық әйелді аман-есен босандырып алған. Соның 46-сы – жасөспірім қыз. Ал шаранасын жасанды жолмен түсіруге 2 188 әйел өтініш еткен, оның 14-і – жасөспірім қыз.
Отбасын жоспарлау репродуктивті денсаулықты сақтаудың профилактикалық шараларының біріне жатады. ДДҰ сипаты бойынша отбасын жоспарлау деген – бұл ерлі-зайыптының өз қалауымен және жауапкершілігімен балалар санының қанша болуын және қашан тууын анықтауы. Сондықтан олардың құқына ешкімнің араласуына жол жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы