Жоғары оқу орындарындағы филологиялық емес мамандықтардың қазақ бөлімдерінде мемлекеттік тілді оқытудың жай-күйі «Қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде талқыланды. Мемлекеттік тілді зерттеу институты ұйымдастырған бұл жиынның тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова оқытуға қатысты туындаған бірқатар жайтты тілге тиек етті.
Ал бұған дейін өткен семинар, дөңгелек үстелдер барысында білім бағдарламалары мен оқулықтар, оқу-әдістемелік кешенге қатысты айтылған сын, ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жеткізу көзделіп отыр.
Алқалы жиында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы Аман Абасилов «Жоғары оқу орындарындағы тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы қазақ тіліне» қатысты зерттеуінде жоғары оқу орындарындағы қазақ тобындағы қазақ тілінің жай-күйі және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау мәселесін қарастырды.
Ғалымның айтуынша, тілдің дамуы, жетілу көрінісі, фонетикалық жүйесі, лексикалық байлығы грамматикалық құрылымында ғана емес, қоғам өміріндегі рөліне, жүктемесіне байланысты. Тілді қолдану аясының кеңдігі сол тілде сөйлеушілердің санымен анықталады. Осындай әлеуметтік лингвистикалық аксиома негіздеріне сүйене отырып, А.Абасилов тіл өздігінен емес, сөйлеушілер арқылы дамитынына тоқталды. Ғалым атап өткендей, тілді дамытуды реттеудің арнаулы тетіктері бар. Оның бірі, қоғамдық өмірдің өзекті саласы – білім жүйесі. Сондықтан жоғары оқу орындарында қазақ тілінің оқытылуына басымдық беру қажет. Мұндағы басты жайт – қазақ аудиториясына назар аудару. Ал мемлекеттік тілді өз саласына жеткізетін де, академиялық стилі мен ғылыми терминдерін дамытатын да қазақ бөлімінде оқып жатқан студенттер.
«Ендігі кезекте қазақ тілін оқытудың дұрыс жолын таңдамасақ, пәннің мақсатын нақтыламасақ, тілді меңгертудің құқықтық талаптарын белгілемесек, бүтіндей бір ұлттың, әрбір адамның танымы мен бітім-болмысының қалыптасуына нұқсан келтіреміз. Сол үшін қазақ тілі, әсіресе мектепте оқытылатын негізгі пән болуы керек. Өйткені қазақ тілі – қазақ әдеби тілінің нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрететін функционалдық пән. Оның басты мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кеңестік заманнан мұра етіп алғанымыздай, жоғары оқу орындарында қазақтілді аудиторияда – орыс, ал орыс тілділерге қазақ тілі пәні оқытылып, «қазақ тілі тобындағылар қазақ тілін мектептен оқып келген, олар тілді меңгерген» деген қасаң қағиданы бұлжытпай орындап келеміз», деп қынжылды ол.
Ал жоғары оқу орындарындағы тілге қатысы жоқ мамандықтардың қазақ тобында оқып жатқан жастар қазақ тілінің өзіндік жүйесін, деңгейін, қазіргі жай-күйін мықтап меңгерсе, болашақта тілді дамытатын да солар болады. Олардың қатарынан мамандығы бойынша қазақша мәтін жазып, сол саланың терминін жасап, ғылым тіліне айналдыратындар шығады. Сондықтан қазақ тобында қазақ тілі пәнін міндетті пән ретінде енгізуге және дұрыс оқытылуына мән беру керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жоғары оқу орындарында орыс және қазақ топтарында қазақ тілін оқытуда бірізділік жоқ. Бірінде ресми іс қағаздары, енді бірінде кәсіби қазақ тілі, тағы бірінде іскер қазақ тілі, сол сияқты академиялық жазылым деген пәндер болып келеді. Міне, осыны біріздендіріп, жүйелеп оқытуды міндеттеу керек.
Осы мәселені құптап, пікірін білдірген Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, тілші-ғалым Бижомарт Қапалбек «Қазақ тілін, мемлекеттік тілді, жалпы тілді дамытушы кімдер?» баяндамасында тіл студенттердің сөйлеуі, жазуы арқылы дамитынын жеткізді. Ғалымның айтуынша, тілді сөйлеуші ғана дамыта алады. Ал барлық сөйлеушіні тілді дамытады деп айту негізсіз.
«Мемлекеттік тілді өз саласында дамытып, академиялық стилін қалыптастырып, ғылыми терминдерін тудыратын да қазақ бөліміндегі студенттер. Жоғары оқу орындарының орыс тобындағы студенттер қазақ тілін қанша оқығанымен, қазақ тілінің қолданушысы болып қала береді. Сондықтан назарды қазақ аудиториясына салып, академиялық білімді де, коммуникативтік оқытуды да қолға алатын уақыт келді. Өкінішке қарай, бұл сала кенже қалып келеді. Егер Президент тапсырмасын жүзеге асырғымыз келсе, қазақ тобына қазақ тілін оқытуды жетілдіру қажет. Ал орыс тілі шет тілі қатарында таңдау пәні ретінде оқытылуға тиіс», дейді Б.Қапалбек.
Жиын барысында «Академиялық жазылым» пәнін оқытудағы түйткілді мәселелерді қозғаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті қазақ тілі білімі кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Иманқұлова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Анар Салқынбай, Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Еділбай Оспанов жоғары оқу орындарының қазақ бөлімінде академиялық жазылым пәнін оқытудың негізгі мәселелерін сөз етті. Оның барысында ғалымдар осы салаға қатысты оқулықтардың аздығын, зерттеу ісінің кенжелеп қалғанын назарға алды.
Қазақ тілінде дамыту жолы ең қиын сала – медицина. «Медицина ғылымы қазақ тілінде дамуы үшін термині де түсінікті болуы керек. Бүгінгі сабақ беріп жүрген оқытушылар үшін латын, грек тілінде кездесетін терминдердің баламасын табу қиын. Медициналық мәтін науқасқа түсінікті тілде жазылуы керек, ал аудармадағы қателіктер мен дұрыс құрылмаған сөйлемдер терең ойлануды қажет етеді. Халықаралық терминдерді тілге бейімдеу уақыт күттірмейді», дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Төлеубек Зайсанбаев.
Жиында көтерілген мәселелерді әлі де зерделей түсу қажеттігін алға тартқан Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешев мәселеге орай жан-жақты мамандарды тарта отырып, кең көлемде жиын өткізу қажеттігін айтты. Осы орайда ғылыми ойлау деңгейінің тиісті дәрежеде еместігін айтып, ғылым тілі аударма калькаға айналып бара жатқаны, дайын теорияларды көшіріп алу, ғылыми тепе-теңдіктің сақталмай отырғандығына қатысты пікірін ортаға салды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазының пікірінше, жиында көтерілген мәселе билікке жетуге тиіс. Ал өңірлерге жол тартқан халық қалаулылары сайлаушылармен кездескен кезде мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне баса назар аударғаны абзал.
Елімізде мектеп оқулықтары мемлекет есебінен жарыққа шығып келеді. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары оқулықтарын басып шығару шығыны республикалық бюджеттен қарастырылуы керек. Жиын барысында Ұлттық құрылтай мүшесі, тәуелсіз білім сарапшысы, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Президент қазақ тілі мәселесіне терең үңіліп, нақты тапсырма берді. Соның бәріне арқа сүйей отырып, жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінде сапалы оқулықтар шығару ісін қолға алу қажет. Еліміздегі оқу орындары бөлген азын-аулақ қаражат студенттерді оқулықтармен толық қамтамасыз етуге жетпейді. Сонымен қатар академиялық атақ-дәрежелер алу үшін оқытушылардың аз таралыммен шығаратын оқу-әдістемелік құралдары басты мәселені шешпейді. Бір орталықтан таратылмағаннан кейін әркім өз қарекетіне қарай оқулық жазумен айналысып кетті. Қазақ тілінің мәртебесін көтере алмай отырғанымыздың бір себебі де осында. Сондықтан жоғары оқу орындарының оқулық шығару үрдісін бюджеттен қаржыландырып, оқулық жазатын топ құру керек», деп атап өтті.
Бұл мәселені Ұлттық құрылтай отырысында да көтеріп, орта білім ұйымдарының оқулықтарын республикалық қаржы тетіктері арқылы қамту керетігін ұсынған академиктің пікірінше, сонда ғана кәсіби оқулық авторларының ұжымы қалыптасып, білікті сарапшыларды жұмысқа тартуға мүмкіндік туады. Осы айтылған ұсыныстар шешімін тауып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асып жатса, нұр үстіне нұр.
«Мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдағанда мемлекеттік тілді талап ете алмай келеміз», деп қынжылды Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.
Бүгінде Алматы қаласы бойынша бірыңғай кадр жүйесі жасақталған. Қызметкерлер бір ғана конкурстық комиссия арқылы жұмысқа қабылданады. Мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдаған кезде тілді білу деңгейіне қатысты талап қойылмайды. Яғни қай тілде тапсырғысы келеді, ерік әркімнің өзінде. Тапсырушы орыс тілін таңдаған болса, қабылдаушылар да сұрақты орыс тілінде қояды. Алайда тапсыратындардың 99,9 пайызы – қазақтілді азаматтар. «Олардың орыс тілін соншалықты сауатты меңгеріп тұрғаны шамалы. Мәтін жазып, сөйлей де алмайтын, сұхбат та бере алмайтындар көптеп кездеседі. Кейінгі отыз жылда мемлекеттік тілде амандаса алмайтындарды оқытып, көптеген жобаны іске асырғанмен, сол орыннан жылжи алмай келеміз», деп атап өтті Б.Қалымбет. Мұнымен қоса қазақ тілінде мәтін жазып, құжат әзірлейтін мемлекеттік қызметшілер мүлдем аз. Ал іс қағаздары көп жағдайда орыс тілінен қазақ тіліне аударылады. Нәтижесінде, іскерлік, кәсіби стилі, орфографиялық, грамматикалық заңдылықтары, тілдің нормалары сақталмаған мәтін шығады.
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың түйткілді мәселелерін қозғаған ғалымдар арнайы қарар қабылдады. Ендігі кезекте осы бағыттағы жиындар өңірлерде жалғасады. Ал қорытынды шешімді жауапты министрлік республикалық оқу-әдістемелік кеңеспен бірігіп қабылдайды деп үміттенеміз.
АЛМАТЫ