• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Шілде, 2024

Ертістің бойы малға жай

118 рет
көрсетілді

Ертіс–Баян өңірінде шабындыққа шалғы түсіп, ауыл жұрты төрт түліктің қысқы жемшөбін қамдаудың қамына кірісті. Биыл өңір бойынша 1,4 млн тоннадан аса шөп дайындау жоспарланып отыр.

Көктемдегі ылғалдың мол­ды­ғы мал өсірген шаруа­лар үшін биыл шаш-етектен пайдалы болғалы тұр. Аумақ­тағы шабындықтар мен жайылым­дардың барлығы жасыл нуға толып, төрт түлік үшін нағыз құтқа айналды. Кейінгі 4-5 жыл бойы тықыр шөптен көз аш­паған кейбір аумақта шалғын қаулап өсіп, жер иелері табиғаттың ырыздығына дән риза. Әсіресе құнары мол еркекшөптің (жит­няк) бітісі биыл айрықша қуан­тып отыр.

Өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Зәмзагүл Бүркітбаеваның ақпа­рынша, биыл облыста жалпы аумағы 1 млн 575 мың гектар жерге шалғы түсіріледі. Оның ішінде көпжылдық шөптер – 233,3 мың, жайылмалар мен көлтабандар – 208,7 мың, біржылдық шөптер – 58 мың, шабылуға жататын жайылымдар 1 млн 75 мың гектардай болып қалады.

«Соңғы ақпарат бойынша өңірдегі қыстақтарға 1 млн 404,4 мың тонна мал азығы қажет. Мал иелеріне шамамен бір жарым жылдық азық қорын дайындауды (1 млн 823 мың тонна) ұсынып отырмыз. Шабындықтардағы шөптің шығымдылығы жылдағыдан айтарлықтай жоғары, фермер­лердің мәліметіне сүйенсек, орташа есеппен әр гектардан 8,9 центнерден айналып жатыр. Ал көпжылдық шөптердің өнімділігі гектарына – 9 центнер, жайылмалар мен көлтабандарда 18,9 центнерге дейін жетіп тұр. Бұған қоса 86,5 мың тонна пішендеме, 182 мың тонна сүрлем, 208 мың тонна сабан дайындау жоспарда бар», дейді басқарма өкілі.

Қазіргі уақытта шабын­дықтардың 81,6 мың гектары шабылып үлгерген. Шаруалар одан 64,2 мың тонна мал азығын шауып, 1,2 мың тонна сүрлем дайындаған.

Былтыр Кереку өңірінің шаруалары үшін мал азығын дайын­дау үлкен мәселеге айналған еді. Ертіс өзені бойындағы жайылмалардың небәрі 20-30 пайызына ғана су жетіп, ша­бындықтар күйіп кетті. Халық­аралық сарапшылар елімізде­гі 7 ауданда биомассаның тапшылығын тіркеп, ол жерлерде өсімдіктердің белсенді өсу кезеңі мүлде тоқтағанын анықтады. Ел бойынша 157 аудан спутник арқылы зерттелсе, соның ішінде біздің облыстағы Май ауданы тәуекелді аймақтар арасында 6-орыннан көрінді, аумақта 500 мың гектардан аса жер қуаңшылықтан әбден зардап шеккені мәлім болған еді. Ал биыл ше?

Биыл Май жұртының көңілі жай. Жергілікті халықтың айтуынша, жайылмалар тұрмақ, қырдағы жердің шөбі де қалың шығып, ат бауырынан келеді. Аудандағы 125 мыңдай түліктің (қара мал мен қой-ешкі) қысқы азығына шамамен 140 мың тоннадай шөп қажет. Бұл шамадағы азықты мал иелері қиналмай шауып аламыз деп отыр.

«Жайылмалардың көп бө­лігі әлі күнге кепкен жоқ, со­ған орай азаматтар шалғы түсі­ре қоймаған. Ал қырдың шө­біне елдің алды кірісіп кетті. Былтыр қуаңшылық кезінде мал өсірушілер қолға іліккен жердің барлығын шауып алды. Соның да нәтижесі болса керек, шабындықтар тыңайған. Гектарынан 8-9 центнер шөп алып жатыр. Мынау Ақшиман жақтың халқы мал азығын жинауда жылда қиналып қалатын. Биыл бұл жақта да жағдай тәуір», дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.

Әкімдік дерегінше, Ертіс өзені жайылмасындағы шабын­дықтардың 35 пайызы құрғап үлгерген. Өзен бойын жайлаған елді мекендер бүгінде біртіндеп малдың қысқы азығын жинауға кірісе бастаған. Биыл Шарбақты ауданының бірнеше шаруа қожалығы ауылдар маңындағы шабындықтар мен жайылымдарды жаңарту мақсатында 600 гектар жерге еркекшөп егіпті. Егер бұл жоба нәтижелі болса, оны өзге аудандарда тарату жос­пары бар.

Павлодар облысы