• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Шілде, 2024

Біз үшін қуанышты сәт

87 рет
көрсетілді

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары­ның отырысы Бела­русь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау, оған ШЫҰ-ға мүше мем­лекет мәртебесін беру ту­ралы шешімге қол қою­дан бас­талды. Бұл біз үшін үлкен қуанышты сәт болып отыр.

Кеңес отырысында көп құжатқа қол қойылды. Соның ішіндегі екеуі біздің елге қатысты. Олар – Беларусь Республикасын Ұйымға мүшелікке қабылдау рәсімінің аяқталуы және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру туралы кеңестің шешімдері. Сонымен қатар Беларусь Республикасына Ұйымға мүше мемлекет мәртебесі берілуіне байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарнасы туралы шешім шығарылды.

Осылайша, Қазақстан төр­ағалы­ғының қорытындысында Ас­тана сам­митінде біздің ел ұйым­ның толыққанды мүшесі атанып отыр. Беларусь Республикасы 2015 жыл­дан бері ШЫҰ жұмысына бақы­лаушы мәртебесінде ғана қаты­сып келген. Оған дейін диалог не­гізін­дегі серіктес мәртебеміз болған.

Әрине, үш жылға созылған үдерісті аса ұзақ уақыт деуге келмес. Дегенмен осы аз ғана уақыт­тың ішінде процедуралық көп жұмыс атқарылып, Беларусь өзіне міндеттелген барлық жүктемені абыроймен атқарды. Оның үстіне ұйымның серіктесі болған 2015 жылдан бері біз барлық отырысқа, түрлі талқылауға қаты­сып, жалпы алғанда, Ұйымның негізгі бағыттарымен, барлық мәсе­лесімен таныспыз.

Жалпы, Беларусьтің Ұйымға қабылданғанын Бас хатшы Чжан Мин «тарихи жетістік» деп баға­лап отыр. Расында, Еуразия конти­нен­тінде бастапқыда «бестік» құрам­мен құрылған іргелі ұйымның «ондығын» түйін­деп жатқанымыз – рәміздік тұрғы­дан айрықша жаңалық. Ең бастысы, ұйым елдерінің қатарын көбейтіп, әлеуетін арттыру өңірдегі сауда-экономикалық байланыстарды, қауіпсіздік шараларын жандандыру үшін аса қажет. Әсіресе біздің елге жет­кізілетін тауарлардың 70 пайы­зы бүгінде осы ұйымға мүше мем­лекеттерге тиесілі. Алды­мен осы ұйымның аясында Беларусь­тен Пәкістанға дейінгі көлік-логистиканы барынша дамытуды көздеп отырмыз.

Жалпы алғанда, Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымы – маңызды келіссөз­дерге қол жеткізіп, ауқым­ды саяси шешімдер қабылдай­тын алаң. Біз өз тарапымыздан технология жағынан тәжірибе алмасып, ақпараттық қауіпсіздікті бірлесіп жетілдіру, көлік-логистикалық дәліздерді көбейту бастамаларына басымдық бермекпіз.

Максим РЫЖЕНКОВ, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі