Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ұлттық домбыра күніне орай жаңа композиция – «Алаш қырандары» күйінің тұсауын кескелі отыр. Оркестр күйшісі, сыбызғышы Ұғыбайдолла Мүфтәннің бұл туындысы алғаш рет үлкен сахнада орындалып, тыңдарман тарапынан лайықты бағасын алады деген сенім зор.
Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрін қанатының астына алып отырған Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожановтың айтуынша, тұсауын кескелі отырған жаңа күй Ертіс-Баян өңірінің күйшілік өнерінде үлкен жаңалық болады деп күтілуде. Себебі қазіргі таңда оркестрге лайықтап ірі форматтағы шығармалар жазатын композиторларды табу үлкен мәселе. Оркестрге орайластырып күй шығаратын отандық авторлар жоқтың қасы деуге болады. Ал «Алаш қырандары» – қазақтың рухын көтеретін, Алаштың айбарын асқақтатып, азаттық жолында өмірін қиған тұлғаларымызды әспеттеуге арналған ауқымды туынды. Оркестр орындауындағы жаңа композиция сәтті шығатын болса, болашақта еліміздегі күйшілердің репертуарынан ойып орын алатыны анық.
«Ұлттық домбыра күнін жоғары деңгейде атап өтуге біздің филармонияның оркестрі жыл сайын барын салып дайындалады. Биылғы мереке біз үшін аса маңызды болып тұр. Себебі оркестрге есімі берілген атақты жерлесіміз, дауылпаз күйші Рүстембек Омаровтың туғанына 105 жыл толып отыр. Ұлт аспаптар оркестрінің 10 жылдығында, яғни 2017 жылы бір топ азамат жүгіріп жүріп, әйгілі өнерпаздың есімін оркестрге алып бердік. Бұл қатарда оркестрдің бас дирижері, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімовтің еңбегін де лайықты атап өткен абзал. Рүстембек атамыз қазақтан шыққан кәсіби домбырашы, Құрманғазы оркестрінің бас домбырашысы болған. 1934 жылы Ахмет Жұбановтың көзіне бірден түсіп, Құрманғазы оркестрі алғашқы қабылдаған 10 күйшінің қатарынан табылған. Осы ретте Ұлттық домбыра күніне орай өнер иесінің жастық шағы мен Қарт Ертістің ағысын күйге қосып, ролик түсіріп жатырмыз. Мерекедегі ең үлкен тарту оркестр орындаушысы Ұғыбайдолла Мүфтәннің «Алаш қырандары» күйі болмақ. Қазіргі уақытта біздің филармонияның 9 ұжымы бар, әрқайсының өзіндік көрермен аудиториясы қалыптасқан. Бұл біз үшін үлкен жетістік деген ойдамыз. Өнер ұжымдарында жастар баршылық, ұлт аспаптар оркестрінің өзін 25 пайыз жастар құрап отыр. Бұған қоса ізбасарларымызды дайындау мақсатында «Самға» деген жобаны қолға алып, мектеп оқушылары мен студенттерді үлкен шығармаларды орындауда қатарымызға қосып жүрміз. Үлкен сахнаға жас толқынды осылайша бейімдемек ойымыз бар», дейді Амангелді Қожанов.
«Алаш қырандары» күйін Ұғыбайдолла Бейсенұлы 2020 жылы, пандемияға байланысты ел бүтіндей үйде қамалып отырған уақытта шығарыпты. Бірде теледидардан Алаш көшбасшысы Әлихай Бөкейхан туралы қысқаметрлі автобиографиялық фильм көрсетіліп, жас өнерпазға үлкен ой салса керек. Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күресіп, өмірлерін қиған алаштықтардың тағдырын, басынан өткерген қиындықтарын, ел алдында берген анттарын, сол кездегі тәуелсіздік үшін жасаған қадамдарын ойша елестетіп, қатты әсер алады.
«Сол әсердің құшағында теледидар алдында ұйықтап кетіппін. Түсімде қыран құстың аспанда қалықтап ұшып жүргенін көріп қалдым. Қанаттарын еркін созып, биікте бір өзі самғап, аспанның патшасы екенін танытып тұр екен деймін. Келесі күні күйдің бастапқы әуендері санамда ойнай бастады. Әуел бастан-ақ шығармамды Алаш елінің алыптары, яғни қырандары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына арнап, «Алаш қырандары» деген атау бердім. Кейін ол өзгеріске ұшырап, кәсіби шығарма ретінде оркестрдің сүйемелдеуімен жеке домбыра аспабына лайықтап түсірілді. Осылайша, арада 4 жыл өткенде сәті түсіп, шығарманы Ұлттық домбыра күніне орай алғаш рет көрерменге таныстырмақпыз», деп өз ойымен бөлісті күй авторы.
Күй әуелі баяу басталып, халқымыздың мұң-зарын бейнелегендей болады. Одан әрі шығарманың өн бойында ерекше бір ырғақ пайда болып, «Алаш» партиясының алғашқы қадамдары, азаттықтың ақ таңын жақындатуға деген ұлт зиялыларының талап-тілегі қылаң бергендей. Композицияның соңына қарай өзгеше бір ырғақ арпалыстың, Алаш қайраткерлерінің күресін жеткізгендей болады. Бас дирижер Талғат Кәрімов Ұғыбайдолланың ұстазы болғандықтан ба, күй ырғағын оркестрге кіріктіруде автор мен дирижер бірін-бірі жақсы түсініп, үйлесіммен еңбек еткендері байқалады.
Күй авторы туралы бір-екі ауыз сөз қоса кетсек. Ұғыбайдолла Мүфтән 1994 жылы Павлодардың Май ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. Байғабыл Жылқыбаев атындағы өнер мектебін, Павлодар музыкалық колледжін, С.Торайғыров және Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттерін тәмамдаған. Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты. 2018 жылы «Әл-әки» халықтық фольклорлық ансамбліне, кейін Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне қабылданады.
Тыңқылдағанның бәрі күй емес, ол өзінің формасына келуі, дамуы, сол арқылы шыңына шығуы керек. Ендеше, ұзақ уақыт әбден пісігі жетілген жаңа туынды, «Алаш қырандары» күй композициясы күйсүйер қауымға өз деңгейінде таныла берсін дегіміз келеді.
Павлодар облысы