Сонау 1990 жыл. Шағын қаланың ішінде «Темірқазық» қазақ жастар орталығы ашылыпты деген хабар желдей ескен. Қазір ғой, орталық, ұйым дегендерге көз үйреніп, көңіл қаныққаны. Қандай орталық екен дескен тосын, таңсық жаңалықтан құлақтанған жұрт. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, әдет-ғұрпымызды тірілтіп, төл өнерімізді өрістетуді мақсат тұтқан деседі.
«Аты жақсы екен», дескен ұлтқа қатысты шаруаға бүйрегі бұрып тұратындар.
Темірқазық. Демек уақыт шымылдығы тұмшалаған, кеңестік темір шеңгелмен құрсауланған кеңістіктен бұзып-жарып шыққан ұлт мұратының темірдей тегеурінді, мық шегедей мықты тірегі болмақ қой. Басшысы – сол уақытта айтыскер ақын ретінде тәмам жұртқа танылып қалған Құдайберлі Мырзабек. Студент, жұмысшы жастар аз ғана уақыттың ішінде болашағынан үлкен үміт күттіретін орталық төңірегінде топтаса бастады. Халық бұл кезде көне мұрасына, қасиетті мұрасына шын мәнінде сусаулы еді. Құдаш бастаған орталық негізінде Құдаштың өзі алғашқы шаруасын Абылай ханның туғанына 280 жыл толуына орай республикалық айтыс өткізуден бастады.
Бұрын мұндай іргелі шаруаның ортасында жүрмеген соң білмепті. Қияпат іс екен. Дәтке қуаты, сол кездегі Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы Серікжан Қасымовтың қолдай кеткені. 10 мың рубль бөлгізді. Ол кезде көп қаражат. Ақындарға жүлде қорын жасақтау да оңай-оспақ шаруа емес екен. Ілкі заманнан бері сал-серінің мекені атанған Көкше топырағынан лайықты сый-құрмет көрмей кетсе, сүйекке таңба-дағы. Айтысты ұйымдастырудың машақатымен жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген Құдайберлі Серікжан ағасының кабинетін босатпайды. Сөйтіп жүріп үш мұздатқыш, үш теледидар, он кілем, үш кір жуу машинасын алған. Ақын інісінің болашағынан үлкен үміт күтетін қала басшысы қалауын орындап, жомарттық танытты.
Бір кезде өзіміз көрген, осындай деңгейдегі тұңғыш сөз сайысының куәсі болған сол бір мерейлі шақ күні бүгінге дейін көз алдымызда. Облыс орталығындағы ең үлкен Ленин атындағы мәдениет сарайы лық толған. 600 орындық сарайға 900 адам жиналған. Бәлкім, одан да көп. Орын жетпегендер қос қатар орындықтың ортасындағы баспалдақтарға отыруға мәжбүр болған. Қалай да айтыс деген құдіреттің сөзбен айтып жеткізгісіз кереметін көрмек, тамашаламақ.
Алғашқы үлкен айтыстың ұлағатын, әдемі әсерін тілмен айтып жеткізу – қиынның қиыны. Ұлт мұратына қатысты шымыр шумақтар, орынды айтылған айшықты пікірді халық қолдап, ду қол шапалақтап, сарайды басына көтерді. Елдікті ойлаған, ұлтының болашағын көксеген халық үш жүздің басын қосқан айбарлы хан Абылайдың ерлігін ұрпаққа үлгі етейік деп шешті. Ел Президентіне ұсыныс хат жазылды. Хатта бар ғұмырын халқының бірлігіне арнаған аруақты ханның ескерткішін тұрғызсақ, көшеге атын берсек, республика көлемінде мерейлі мерейтойын өткізсек деген ұсыныстар жазылды. Айтыс көрермендері түп-түгел қол қойды. Халық талабы тегеурінді екен, алғашында тосын дүниеге тіксіне қараған облыс басшылары райынан қайтып, қолдағандай болды. Бурабай баурайында республикалық көлемде Абылай хан тойының өтуіне бастамашы болған осы айтыс, айтысқа жиналған халықтың қалауы еді. Осы игі істің басында жалынды жырларымен жалпақ жұртты тәнті еткен талантты ақын Құдайберлі Мырзабек тұрған.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, нарықтық қатынас басталған кезде әманда жақсы жаңалыққа жаны құмар ақын қазақ жастарын жаңаша жұмыс істеуге үйретпекші болып ұмтылды. Сол жұмысқа бастамашы бола отырып, шарапаты ең алдымен алтын бесік ауылға тисе екен деп аңсады. Қошқарбай тауының баурайындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Қошқарбай аулында жұмысын бастамақ. Құдаштың ойынша, ауыл жастары кәсіп істеп үйренуі керек. «Алма піс, аузыма түстің» заманы өткен. Ауыл еңбеккерлерінің қордаланып қалған қарызы бар екен. «Темірқазық» орталығының есебінен төлеп берді. Екі трактор әкелді. Ауыл шаруашылығына қажетті өзге де қыруар техника жеткізілді. Сегіз пәтердің құрылысы басталып, аяқтауға қаражат табылмай жатыр екен, сегіз үйге еркін жетерлік кірпіш түсірілді. Ол кезде қол жете бермейтін дүние. Енді-енді іске кірісерде аудан басшылары алғашқы ойынан айнып, жолын кескені...
Есімі исі қазаққа танымал Ерік Асқаровты Алматыдан Көкшеге көшірді. Басына баспана әперді. Көлігін мінгізді. Облыс орталығында тұңғыш рет Науан хазірет атындағы баспахана ашуға қаражат бөлді. Әдебиет майданында, айтыс сахнасында жалаңтөс батыр атанып жүрген ерке ақын Еріктің Көкшеге келуі сөз өнерін сыйлайтын тәмам жұрттың көкейінен шығып, ел тағы да Құдашқа ақ алғысын жаудырды. Рухани жүдеп, салы суға кетудің аз-ақ алдында тұрған елдің еңсесін көтеру міндет еді. Алдымен ақын үшін, ел қамын ойлайтын азамат үшін парыз іспетті. Мектепте қатар оқып жүргенде Құдаштың көкірегіндегі арманының ұшқынын талай сезінгенбіз. Жасыл шалғыны кеудеден келетін сайын дала. Желқуық ақбоз ат, соңында жүйрік тазы. Алашқа ақ бесік болған ақселеулі даланы асқақ әнімен тербетіп, жалынды жырымен жадыратып ақын келе жатыр. Қатар оқыған, оқи жүріп елді сүйген жүрегінің дүрсілін тыңдаған замандастың жанынан жай тапқызбайтын балауса арманның бедерлі бейнесі осы еді. Кейін Алматыдағы эстрада-цирк өнер колледжінің түлегі, дәстүрлі әнші Қажыбай Жахинді, атағы Алашқа танылған Серік Құсайыновты жанына топтастырып, ел аралады. Ілкі замандағы сал-серілердің дәстүрімен. Қайда барса да, ұлттық өнерге сусап отырған тәмам жұрт төбесіне көтеріп қарсы алатын, сөзге жүйрік Құдаш ел есінде сақталған ескі естеліктерді тірілтіп, бағзы замандағы баһадүр бабалардың елдік пен ерлікті аңсаған кейінгіге өнеге жолдарын сипаттайтын. Ал Серік ақын жырмен өрсе, Қажыбай әнші әнмен әдіптейтін. Ел еңсесін көтеруге қызмет етті. Көне кебеженің қақпағын ашып, асыл мұраны аршып алып, халқына табыстады.
Бірде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Тәукенов ағасы шақырған. Мерейлі міндет жүктеді. Ресейдің Омбы, Түмен аймағын жайлаған қалың қазақты аралап шығу керек. Ел сәлемін жеткізу парыз. Ондағы елді атажұртқа шақырса тіпті жарасымды. Сол кездегі облыс орталығындағы кітап дүкенінің директоры Қасқырбай Сейдахметовке тапсырған. Іргедегі Ресейде рухани дүниеге шөлдеп отырған ағайынға құрқол бармай, ел сәлемдемесін ала барса, жөн болар еді. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы, белгілі жазушы Жанайдар Мусин көп көмегін тигізген. Көлікке қазақ тіліндегі әдебиеттерді тиеп алып, шет жайлап, шалғайда жүрген ағайынның ортасына күмп ете түскен. Қасында әйгілі әнші Қажыбай Жахин бар. Омбыдағы «Мөлдір» ұлттық мәдени орталығында болып, қазағы қалың елді мекендердің картасын жасап алып, ел аралады. Бірінші хатшы Қасым Тәукеновтің сәлемдемесін жеткізген. Қазақ елі қашан келсең де құшақ жайып қарсы алады. Бар тұрмыстық жағдайыңды жасайды дескен. Тағдырдың тәлкегімен бір кезде үдере көшкен жұрт ата қонысқа ат басын тіктеген ұлы көштің алғашқы легі осындай сәтті де сүйінішті қадамнан басталған.
Ет жүрегі елім деп соққан Құдайберлі Мырзабек облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры болып біраз жыл қызмет етті. «Мәлік Ғабдуллин тұлғасына ғылыми бетбұрыс» деп аталатын көпжылдық бағдарламасын әзірледі. Ізгі мұратын ілгері бастырудың тетіктерін дәл тауып отырды. Ғалым тұлғасын ардақтап, мұрасын қастерлеп, бар еңбегінің басын біріктіріп, кейінгіге үлгі-өнеге етудің оңтайлы жолдарын қарастырды. Музей қорында ұзақ жылдан бері жинақталып қалған қыруар материалды электронды форматқа көшіріп, ғылыми кеңес отырыстарында мұқият жүйелеп, көптомдықтың тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдамада Серік Негимов, Аманжол Ыдырысов, Сәбит Жәмбек тәрізді ғалымдар ұсынған бірнеше нұсқаның негіздері талқыланып, мақұлданды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сараптама кеңесіне тапсырылып, рецензия алынды. Көптомдықтың алғысөзін академик Уәлихан Қалижанов жазды. Осы музейде Мәлік Ғабдуллин тұлғасын зерттеу және насихаттау мақсатында «Мәлік батыр» атты кітап жарыққа шығарылды. «Ақын халықтың батыр ұлы» атты жинақ жарық көрді.
Бүгінде облыс орталығындағы Тарихи-өлкетану мұражайының директоры болып қызмет істейтін ақын Құдаш өлкенің өрісін, ұлт мұратына талғажау болатын тұстарын мұқият зерттеп жүр. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын талапты да талантты, алғыр ақынның халқына берер сыбағалы сыйы аз емес.
Бірнеше халықаралық, республикалық ақындар айтысында жұлдызы жарқыраған Көкшенің Құдайберлісі туған халқына өлеңімен ғана емес, бар өмірімен, жан-тәнімен қызмет етіп келеді. Біздің бірауыз сөзбен айтқымыз келгені де осы еді.
КӨКШЕТАУ