• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2015

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейді

328 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар жайында айтып берді. Еске салсақ, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасында кәсіпкерлік қызмет шарттарын түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Ал бұл заң аясында еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында барынша қолайлы мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Мәселен, вице-министр Тимур Жақсылықов келтірген мәліметтерге сүйен­сек, заңда жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің қызметін құру жә­не тоқтату үшін заңды кәсіп­орын­дарды тіркеу мерзімі 1 са­ғатқа дейін қысқартылған және 100 теңге мөлшеріндегі ең аз жар­ғылық капиталының болуы туралы талаптар жойылған. «2015 жылдың сәуір айына дейін бақылаушы мемлекеттік органдарда тәуекелдерді бағалау жүйесін ұйымдастырудың жаңа әдістемесі әзірленіп, Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Әдістеме жобасы бүгінгі күні әзір және осы мақсатта арнайы құрылған, барлық мүдделі органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген жұмыс тобымен пысықталуда», деді Т.Жақ­сы­лықов. Оның айтуынша, аталған әдістеме салалық ерекшелікті еске­ре отырып әрбір мемлекеттік бақы­лау-қадағалау органының ве­домстволық тәуекелдерді басқару жүйелерін әзірлеуі үшін негіз болады. Мұндай жүйелер 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында дайындалуы тиіс. Осыған орай іс жүзінде 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана кәсіпкерлерге қатысты заңды және жеке тұлғалардың шағымдары мен хабарламалары бойынша жоспардан тыс тексеру өткізілуі мүмкін. Ал екінші жартыжылдықтан бас­тап тексеруді жоспарлау толығымен тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде және сол жасалған салаларда, әлеуетті құқық бұзушыларға қатысты ғана қарастырылады. Сондай-ақ, басым жобалар бойынша инвес­ти­циялық келісім жасаған инвесторлар үшін «бір терезе» қағидасы енгізіледі. Мемлекеттік органдар сондай-ақ «бір терезе» қағидасы бойынша құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасының салалық сараптамасын алуды ұйымдастыру үшін заңға сәйкес қажетті барлық нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуді қарастырады. «Адами факторды болдырмау және жемқорлық тәуекелдерді азайту үшін мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін кезең-кезеңмен автоматтандыру қажет болады. Осыған байланыс­ты биылғы жылы Бас прокуратурамен бірге авто­мат­тандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бақы­лаудың барлық салаларын толық талдау жоспарланған. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен және сарапшылық топпен бірлесіп, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойы­ла­тын, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексеруге жататын талаптарды қысқарту үшін оларға тексеру жүргізді. Тексеру қоры­тындысы бойынша 5 228 талаптың ішінде 1810 талап немесе олардың жалпы санының 34,6 пайызы қысқартылған. Сондай-ақ, мемлекетпен өзара қарым-қатынасты барынша ықшамдау мақсатында заңда кәсіпорынды тарату рәсімін жеңілдету, құжаттар көшірмелерін міндетті нотариалды куәландыруды жою, ком­мер­циялық мақсатта пайдаланылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын жеке автокөлікті техни­калық байқауды жою, көлік құралын жүргізуге сенімхатты жою қарастырылып отыр. Кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәсе­лелері жөніндегі заңның қолданысы инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалға оң әсер етеді, бизнеске әкімшілік жүктеменің төмендеуіне әкеледі және еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады деген сенім бар. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».