Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы екіжақты тиімді ынтымақтастықтың үлгісі саналатын «Қазақстан – Қытай құбыры» (ҚҚҚ) компаниясына биыл 20 жыл толып отыр. Қызмет еткен алғашқы күндерден бастап бизнесті жүргізудің жоғары деңгейін алға қою арқылы барлық халықаралық стандартқа сәйкес келетін екіжақты, тату, көршілік ынтымақтастық моделін қалыптастырды. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан компания – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар магистральды мұнай құбырларының иесі.
Серіктестіктің табысқа жету тарихы 2004 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы Негіздемелік келісімге қол қойған еді. Сол жылы шілде айында «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС құрылды. Серіктестіктің негізін қалаушылар тең басқару үлесіне ие – Қазақстан тарапынан «ҚазТрансОйл» АҚ, Қытай тарапынан Қытай Ұлттық мұнай мен газды барлау және игеру компаниясы – «CNODC» болды.
Бас директордың бірінші орынбасары Сәбит Рзиевтің айтуынша, 2006 жылы Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры пайдалануға берілгеннен бері аймақтың тіршілігі өзгерген: мемлекеттік және жергілікті бюджетке салық түсімі айтарлықтай өсіп, жергілікті тұрғындар жұмыс орнымен қамтылған, ең бастысы, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеті артқан.
2008 жылдың соңына қарай Атасу – Алашанькоу мұнай құбырының қуаттылығы жылына 10 млн тонна мұнайға жетті. Дәл сол кезде №9 мұнай айдау бекеті (МАБ – НПС) пайдалануға берілді. Екі жылдан кейін №11 МАБ іске қосылды және магистральды мұнай құбырының өткізу қабілеті жылына 12 млн тонна мұнайға дейін жетті. №8 және №10 МАБ іске қосылғаннан кейін, Атасу – Алашанькоу құбыры жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігіне ие болды.
Компания мұнай айдау стансаларын салу мен жабдықтауға басты назар аударады, себебі олардың дұрыс жұмыс істеуінің арқасында мұнай құбырлар арқылы үздіксіз ағып отырады.
Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында өндірілетін мұнайдың өсіп келе жатқан көлемін тасымалдау үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбырының екінші кезеңін салу қажеттілігі туындады. Қос тараптың үйлесімді әрекеттерінің арқасында Кенқияқ – Құмкөл тармағын екі жылға жетпейтін уақытта салып, оны 2009 жылдың қыркүйегінде іске қосты.
Осы жылдар бойында Қазақстан мен Қытайдың ішкі нарыққа, экспортқа мұнай тасымалдау және мұнай транзиті мәселелерінде тең үлес шартындағы мүдделері сақталып келеді. Серіктестік қызмет етіп келе жатқан жылдар ішінде Қазақстанның бюджетіне 135 млрд теңге көлемінде салық төленді, бұл – ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосты деген сөз. Сонымен қатар Серіктестік жыл сайын құрылтайшыларына дивиденд жіберіп отырады, бұл жобаның табыстылығын және салынған инвестицияның қайтарымын көрсетеді.
Жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан жас әрі табысты компанияның мақтанарлық жетістігі жетерлік. 2023 жылғы қаржылық-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша, компания өзінің барлық қызмет еткен жылындағы таза пайданың рекордтық деңгейіне қол жеткізді. Мерейтойлық 2024 жылдың сәуір айында Серіктестік барлық қарыздық міндеттемесін мерзімінен бұрын өтеді. «Компания бұл жетістікке өзінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігінің арқасында қол жеткізіп отыр», деп атап өтті бас директордың экономика жөніндегі орынбасары Ерхат Тұрлыханов.
Бүгінде Серіктестікте шамамен 200-ге жуық адам еңбек етеді. Серіктестік әрбір қызметкерін өз отбасының мүшесі ретінде жоғары бағалайды. Компанияда әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған, мұндағы әр қызметкер денсаулығын жақсартуға, балаларды тәрбиелеуге, денсаулықты сақтандыруға, спорттық мекемелерге баруға және шет тілдерін үйренуге байланысты төлемдер алу мүмкіндігіне ие. Серіктестіктің магистральды мұнай құбырларына қызмет көрсететін мердігерлер (тамақтану, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету) арқылы ел экономикасы жүздеген адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі есебінен синергетикалық әсер алады.
«Vision Zero» тұжырымдамасының «Алтын ережелері» мен қосарлы әрекет ету тетігін енгізу арқылы ҚҚҚ еңбек қауіпсіздігінің алдын алу мәдениетін қалыптастырып жатыр. Денсаулықты қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы осы озық тәжірибелерге әр өндірістік кезеңде ерекше назар аудара отырып, еңбек ұжымы жарақат алудың нөлдік деңгейіне қол жеткізді. Соңғы он жыл ішінде мұнда бірде-бір жазатайым оқиға тіркелген жоқ.
«Біз компания ішінде және жақын маңдағы елді мекендерде спортты дамытуға қолдау көрсетіп отырамыз және ол үшін қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Саламатты өмір салтын қолдауға бағытталған іс-шараларға белсенді түрде қатысамыз. Жыл сайын өтетін сенбіліктер, спартакиада, КТК (КВН) және түрлі қоғамдық іс-шарада қызметкерлеріміздің қатысуы ұжым бірлігін бекемдей түседі. Адами капиталды нығайту мен дамытуды қолдаймыз, өйткені қызметкерлеріміз күн сайын өз жұмысын лайықты әрі сапалы орындаудың арқасында қиындықтарды артқа тастап, жеңістерге жетіп отыр», дейді өз сөзінде бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Мереке Игалиев.
Жастар – компанияның ерекше кадрлық ресурсы. Оларды маңызды үдерістерге және қажетті шешімдер қабылдауға белсенді түрде тартып отырады. Осы жылдың қаңтар айында Серіктестікте қызметкерлердің белсенді әрі өршіл жас буынын біріктіретін Жас мамандар кеңесінің құрылуы да кездейсоқ емес.
«Біз таңдалған бағытты нақты ұстануға дайынбыз. Қызметіміздің тамаша нәтижелері, ұжымның бірлігі, өндірістік көрсеткіштер, ағымдағы шығындарды, капиталдық салымдарды және болашақ инвестициялық жобаларды жоспарлаудағы жоғары қаржылық тәртіптің арқасында келешектегі дамуға қажетті қаржылық ағындарды қалыптастырмақпыз. Барлық технологиялық учаскеде инновациялар мен үнемді өндіріс құралдарын енгізу арқылы ішкі үдерістердің тиімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз», деп қорытындылайды Е.Тұрлыханов.
Жоғары стандарттарды сақтай отырып, шетелдік қатысушылармен бірге Қазақстанның үздік әрі үлгі тұтарлық кәсіпорындарының қатарында болу – Серіктестіктің алға қойған ауқымды жоспары.
Ақжігіт ҚАЗБЕК,журналист