• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Шілде, 2024

Мәдени сабақтастықтың маңызы

169 рет
көрсетілді

Алматыдағы Достық үйінде мемлекет тұтастығы мен халқының бірлігін насихаттауға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Саяси сарапшылар мен ҚХА мәдени бірлестіктерінің жетекшілері қатысқан басқосуда «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталған жаңа жобаның тұсауы кесіліп, алдағы мақсаттары айқындалды.

Елдегі бейбітшілік пен келісім тақырыбын, Қазақстанды мекен еткен этностардың мәдени байланыстарын нығайтуға бағытталған бастаманы құру идеясы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған өзекті ойлардан туындаған. Жоба жетекшісі – Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова. Тұтас ел аумағын қамтитын жоба бірнеше бағытта жұмыс істемек. Дәлірек айтқанда, мәдениет, өнер, білім саласына қол­дау көрсетіп, этномәдени орталықтар­дың рухани байланысын нығайтуға бағытталған байқаулар ұйымдастыру, оларды өзара түсіністікке, ортақ бірлікке тәрбиелейтін іс-шараларға бастамашы болу көзделген. Жаңадан қанат қаққан жоба келер жылдың ортасына дейін осы бағытта 100-ге тарта іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Әлем күн сайын құбылып жатқан кезеңде бірлік пен ынтымақ басты құндылықтарымыздың бірі екенін түсінуге тиіспіз. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтай­тын боламыз», деген еді. Жоба осы қағида­ны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хат­шы­лығының қолдауымен құрылып отыр. Жоба негізінен Қазақстан­дағы мәдениеттердің әртүрлілігін және мәдениетаралық симбиозды көрсетуге бағытталған. Этномәдени бірлестіктер, шығармашылық зия­лы қауым, қоғам бірлігінің факторы ретінде Қазақстан халқының мәдени әралуандығын насихат­тап, халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтеп, мемлекеттік тілді жетік біліп, Отанға деген сүйіспеншілік мұраттарын насихаттауға үлес қосса игі. ҚХА-ның республикалық және өңірлік өкілдіктері, Азаматтық альянс, журналистер, блогерлер, Мәдениет және ақпарат, Білім, Ғылым және жоғары білім министрліктері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері жобаны қолдап отыр», дейді Нұрия Ниязова.

Алматы қаласы Азаматтық альянсы­ның төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов жоба аудиториясы ересек адамдармен қатар балалар­ды да қамтитынын атап өтті. Ол келер жылғы ҚХА-ның 30 жыл­ды­ғы­на дейін көптеген мәдени, тарихи фес­тивальдар ұйымдастыра оты­рып, жас жеткіншектерді шабыттан­дыру, орталық қалаларды ғана емес, ай­мақтар мен түкпірдегі ауылдар­дың тұр­ғын­дарын да жобаға тарту көзде­летінін жеткізді. «Республика күні қарсаңында Алматы қаласындағы барлық өзге елдер консулдықтарының өкілдерін отбасымен бірге бір алаңда жинауды жос­парлап отырмыз. Олар және олардың балалары мемлекеттің ынтымақ пен бірлікке негізделген тың бастамаларымен танысып, оң әсер алады деген ойдамыз. Жоба негізінен мәдени бағыттарды қамтитындықтан, театрлар мен өнер ошақтарын қолдау, ұйғыр, корей театрларындағы бірлік тақырыбын арқау еткен қойылымдарды жетілдіру, балалар мен жастарды бірлік ұғымы­на тәр­биелейтін бастамаларды ілгері­лету маңызды», дейді Қайыржан Әбдіхалықов.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, мәдени сабақтастыққа маңыз берумен қатар бастамашы топ қоғамның сан саласында болып жатқан күрмеуі көп күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға атсалыспақ.

АЛМАТЫ