Уақыт өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме – бүгінде адами асыл құндылықтарға көп мән бермейміз. Біздің бала күніміздегідей ел ішіндегі жағымсыз әдетті, әдепсіз қылықты бірден тыйып тастайтын үлкендер жоқтың қасы. Қазір әркім өз білгенімен, өз түсінігімен өмір сүреді. Әсіресе қалада ұятты белден басып жүретіндер көбейген секілді. Оның себебі де бар. Ауылда бәрі таныс. Кімнің не істеп, не киіп жүргені алақандағыдай көрініп тұрады. Ал қаланың жөні бөлек. Мұнда ешкім ешкімді танымайды және оған назар да салмайды. Әркім өз тірлігімен әуре. Сондықтан қалаға келген жастар «тәйт!» деп отыратын әке-шеше болмағаннан кейін «өзім білемге» салынады.
Бірде қоғамдық көлікке міндік. Ығы-жығы адам. Бір кезде артқы жақтан ұялы телефонмен айқайлап сөйлескен дауыс шықты. Жалт қарасам, біреудің жер-жебіріне жетіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, сыбап жатқан жас жігіт. Өзінде қоғамдық көлікте келе жатырмын деген ой жоқ. Үйінде отырғандай дөрекі. Амалсыздан, ол емес, жүзімді төмен түсіріп, өзім ұялдым. Міне, осындай жағдай жиі кездеседі. Жалпы, қоғамдық көліктен өмірдің кішігірім болса да көрінісін көресіз. Түрлі-түрлі мінезді бағамдайсыз.
Таяуда бір тойда болдық. Асаба жігіт қара сөзге ағып тұр. Арасында әдепсіз сөздермен тұздықтап, жұртты күлдіріп қояды. Жымидық та қойдық. Үзілісте ойын басталсын. Жасы үлкені бар кішісі бар – бәрі жиналып, ойынның қызығына түсті. Адамдарды шешіндірді ме, билетті ме, әйтеуір ойына не келді соны жасатты. Сонда оған: «әй, жігітім, мынау ұятты іс қой», дегенді ешкім айтқан жоқ. Қайта оның «тапқырлығына» бәрі мәз болды. Кейінгі кезде осындай оқиғалар әлеуметтік желіде де белең алды. Осыған қарап, ұят деген құнды қасиетімізден алыстап барамыз ба деген ой келеді.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар», депті. Қайран Әз-аға қалай біліп айтқан десеңізші.