Соңғы уақытта стоматологиялық ем-шараны МӘМС пакетіне қосу туралы ұсыныс-пікір жиілегенімен, құны қымбат қызметтің шығыны салаға, мемлекетке жеңіл тимейтіндей көрінеді. Қазір тіс емханасына баласын жетектеген ата-аналардың кейде шыдамы таусылып, амалсыз ақылы қызметке жүгінетінін ескерсек, сақтандыру қорына жарнасын аударып отырған ел азаматтарын түгел тегін емдеу іс жүзінде мүмкін емес тәрізді.
Біз стоматологиялық қызметтің жай-күйі туралы мақаланы тіс емханаларының жұмысын кім, қалай бақылайды деген сұрақтан бастағанды жөн көрдік. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық қызметтің бұл түрі лицензия арқылы үйлеседі. Ол үшін субъект медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына толық сәйкес келуге тиіс. Әуелі санитарлық қағидаларға сай ғимараттың болуы шарт. Сосын мамандардан тиісті мамандық бойынша сертификат талап етіледі. Осыдан соң стоматологиялық көмек көрсету стандартына сай келетін медициналық бұйымдар, құралдар, аспаптар, жиһаз сынды тағысын-тағы жабдықтар қажет. Тіс емханасын ашуды ойлаған азамат керек-жарағын түгендеген соң құжаттарын «Электрондық үкіметтің» веб-порталына жүктейді. Кейін қорытындыны Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті шығарады. Тиісінше, тіс емханасы талаптарға сай келмесе, лицензия бұйырмайды.
Бірнеше күн бұрын біз тақырып аясында Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінен ресми жауап алған едік. Соған үңіліп, тіс емханаларының Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сай жұмыс істейтінін білдік. Бүгінде елде бас-аяғы 5 934 стоматологиялық клиника тіркеліпті. Оның ішінде 3 897 клиника жекеменшік болса, ведомстволық және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында 2 037 стоматология кабинеті бар екен. Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес тіс емханаларын тұрғындардың арыз-шағымынсыз жылына екі мәрте профилактикалық бақылауға болады екен. Сондай-ақ тұрғындардың талап-арызына қарай жоспардан тыс тексеруге де мүмкіндік бар. Қысқасы, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін емханаларға ешкім орынсыз шүйлікпейді.
18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл түрде көрсетіледі. Мұнда қарапайым және күрделі тұрақты тісті анальгетикпен жұлып тастау, терең тісжегін емдеу, пломбалау, тұрақты тістің екі тамырын пломбалаумен пульпитті емдеу сынды ем-шаралар қарастырылған. Сол секілді 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдарға, «Алтын», «Күміс» алқалы көпбалалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, зейнеткерлерге, инфекциялық, өзгелерге қауіп төндіретін ауруға шалдыққан науқастарға, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыссыздарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын тұрғындарға шұғыл көмек көрсетіледі. Оларға тісті анальгетикпен жұлып тастау, химиялық пломбалау, абсцесс аутопсиясы сынды ем-шаралар тегін. Сондай-ақ туа біткен жақ-бет патологиясы бар балаларға ортодонтикалық көмек қарастырылған. Осы ретте «Стоматологиялық қызметті МӘМС пакетіне қосуға іс жүзінде мүмкіндік бар ма?» деген сұраққа министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті ұсынған жауапты келтірейік.
«МӘМС жүйесі арқылы стоматологиялық қызметтер әдеттегіден қолжетімді болды. Нәтижесінде, стоматологиялық көмек алатын тұрғындардың саны да едәуір өсті. Стоматологиялық қызмет алатындардың тізімін кеңейту және толықтыру МӘМС жүйесіне қосымша қаржы жүктемесін тудырады. Сондай-ақ ДДҰ мәліметіне сәйкес ауыз қуысындағы аурулардың туындауы азаматтардың ауыз қуысына жасалған профилактикалық шараларға байланысты. Сондықтан қазіргі таңда МӘМС жүйесінде стоматологиялық қызмет алушылар тізімін кеңейту мәселесі қаралмайды», делінген ресми жауапта.
Демек тегін стоматологиялық қызметке МӘМС жүйесі арқылы екінің бірі жүгіне алмайды. МӘМС жүйесі енгізілгелі қорға ақша аударып отырған пациенттер медициналық көмектің сапасына қатысты сын-пікірлерді ашық айтып жатыр. Айма-ай аударып отырған қаржының ретін қордан сұрап, талап ете бастады. Есесіне қордан қаржы алып отырған ұйымдар медициналық көмектің сапасына көбірек көңіл бөле бастады. Тұрғындар денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің барлығын дерлік МӘМС-ке теліп жатқан соң, қор да қарап қалмай, медициналық ұйымдардың кемшілігін анықтап, реттегені дұрыс-ақ. Тіс емханаларының жұмысын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары да мониторингілейді. Мұны бізге Астанадағы «Dental city» тіс емханасының бас дәрігері Жанар Абуова айтып берді. Емхана меңгерушісі қор басшылығының осы қадамынан пайда болмаса, зиян шекпейтінін айтады.
– Былтыр наурызда клиникаға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары келді. Біздің жұмысты білікті мамандардан құрылған топ бақылап, құжаттардың барлығын тексерді. Дәрігерлердің біліктілігіне назар аударды. Пациенттерді кім, қалай және қай жерде қабылдайтынын көзбен көрді. Медициналық көмектің сапасына зейін қойды. Мұның себебі белгілі, қазір денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктердің барлығы дерлік сақтандыру қорына келіп тиеді. Тұрғындар жарнасын төлеп отырған соң, сапалы қызмет алғысы келеді. Қызығы, сапаны емханадан емес, қордан талап етеді. Тіс емханаларын осылай бақылап тұрғаннан біз ұтылмаймыз. Қазір кейбір тіс емханаларында дантистер күрделі ем-шараларды шімірікпей жүргізеді деп естиміз. Өз басым мұндайға жол бермеу керек деп санаймын. Өзіміз МӘМС-пен ұдайы байланыстамыз. Бір жағы өзім – Астана қаласы бойынша штаттан тыс балалар стоматологімін. Осы салада жүрген соң қолдан келгенше саланың дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстармен айналысудан қашпаймыз, – дейді тіс емханасының меңгерушісі.
Тіс емханаларының көбін қазір қор қаржыландырады, мониторингілейді дегенмен, министрлік, денсаулық сақтау басқармалары жекеменшік ұйымды орынсыз тексере бермейді екен. Орайы келгенде Жанар Абуовадан тіс емханаларындағы кезек, сапамен қоса қаржылық мәселелер турасында сұрап-білуді жөн көрдік.
– Қазір елде 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, сосын тағысын тағы бірді-екілі санаттағы азаматтарға тегін ем-шаралар қарастырылған ғой. Тегін емге сұраныс көп. Себебі статистикаға үңілсек, стоматологиялық ем-шараға жүгінетіндердің шамамен 90 пайызы – балалар. Сұраныс көп болған соң, біз оларды кезекке қоюға мәжбүрміз. Иә, кезекті апталап күтетіндер бар. Олар «Егер ақылы қызметке жүгінсек, бірден емдер едіңдер» деген сипатта жиі уәж айтады. Бұл былай, басқа тіс емханаларын білмедік, бірақ біз дәрігерлерге кесте бекітеміз. Күнделікті пәленше пациентті тегін, түгеншесін ақылы емдеу керек дейміз. Әрине, тегін емге жүгінетін пациент көп болса, ақылы емге баратындар аз. Сондықтан ақылы қызметте ұзын-сонар кезек бола бермейді. Бірақ біз тегін емдегі пациенттердің көптігіне қарамастан бетін қайтармауға тырысамыз. Шұғыл көмек көрсету қажет болса, міндетті түрде дәрігерлер уақыт табады. Өйткені сырқат ертесіне асқынып кетуі әбден мүмкін ғой. Ал мұндай келеңсіздікке мүлде жол беруге болмайды. Тағы бір жайға тоқталсам, қазір тіс емханалары анестетиктерді қаржыландыру ісіне алаңдап отыр. Бұл мәселе – тіс емханаларын шығынға алып келуі мүмкін. Қор басшылығы жуықта келеңсіздікті реттейтінін алға тартып отыр, – деді Ж.Абуова.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылған шақтан қаражатты аумақтық емханаларға аударып келсе, былтырдан бастап тіс емханаларын тікелей қаржыландыруға кіріскен. Осыған қарамастан соңы аптаға созылатын кезек әлі күнге азаймай тұр. Шағымданатын азаматтар көп. Бір қарағанда, бұл да – реттеуге болатын шаруа. Тіс емханалары қордың қаржыландыруымен жұмыс істеген соң, мәселенің көбі қаржыландыруға, жұмысты бақылауға келіп тіреледі. Нақ қазіргі жағдай былай, тіс емханаларында дәрігер күнделікті жоспар бойынша 5 баланы емдейтін болса, сонымен көңілі күпті болып, шектелуге мәжбүр. Тіс дәрігері жоспарды асырып орындаса, емханаға шығын. Егер қаржыландыру мәселесінде осы тәртіпті алып тастар болса, аптаға жалғасатын кезек бірнеше күнге азаюы мүмкін. Тіс емханасына келімді-кетімді емделушінің ішінен Гүлжан Сыдығалиева есімді қала тұрғынымен тілдесудің сәті түсіп, пікірін түртіп алған едік.
«Тіс емханасына ұл-қызымызды алып келдік. Өзім – көпбалалы анамын. Емханаға жазылудың еш қиындығы жоқ. Өзіміз мекенжай бойынша №1 қалалық емханаға тіркелгенбіз. Әуелі сондағы терапевтке бардық. Ол бірден қалада МӘМС арқылы қаржыландырылатын тіс емханаларының мекенжайын ұсынды. Бүгінгі емханаға бұрыннан қатынап жүрген соң, жұмысын жақсы білеміз. Мұнда келіп, тіркеу бөліміне қайырылғанда, олар бос күнді ұсынып, белгіледі. Сосын аллергияға қарсы екпе салу керегін ескертті. Мұнда қызметтің бұл түрі ақылы болған соң, өзіміздің емханадан тегін өтіп, анықтама алдық. Енді араға апта салып келіп отырмыз», деді қала тұрғыны.
Сонымен стоматологиялық көмек алу үшін пациент Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерекқорындағы стоматологиялық ұйымдардың қай-қайсысына да ең жақын арадағы уақытқа алдын ала жазылып, жүгіне алады. Ал ақылы қызметке кім, қашан жүгінсе де өз еркі. Ақылы қызметтің құнын жеке кәсіпкерлік субъектілері дербес белгілеуге құқылы екенін ескерсек, бір тіс емханасындағы ем-шараның құны екінші емханадағыдан әлдеқайда қымбат болуы ықтимал. Мұны да біле жүргейсіз, оқырман.