Кейінгі жылдары медициналық қызметтер сапасын арттыру жолында көп жұмыс атқарылды. Десек те мүгедектікті белгілеу тәртібіндегі, сондай-ақ осы санаттағы адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудегі түйткілдер түбірімен шешілді деуге әлі ерте.
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сонымен қатар көрсетілетін қызметті берушілердің алушылармен байланысын болдырмауды тапсырғаны мәлім. Бұл іске жауапты органдар өзара бірлесіп еліміздің барлық 20 өңірінде қанатқақты режімде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асырып келеді. Былтыр 76,4 мыңнан аса өтінім сырттай форматта қаралса, бұл – куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4 пайызы. Оңды өзгеріс – мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, қажетті тексеруден өткеннен кейін қалған үдерістің ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз жүргізілуі. Әзірлеушілер сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жойып, МӘС шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететініне сендіреді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту үшін көрсетілетін қызметті беруші мен алушының арасында тікелей байланысты болдырмау мақсат етілген. Сонымен қатар жоба мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік туғызды.
Қазіргі уақытта елімізде 680 мыңнан аса мүгедек адам бар. Жыл сайын 50 мыңнан аса азамат мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына қосылады. Биылғы мамырдағы жағдай бойынша мүгедектігіне байланысты жәрдемақы (орташа мөлшері 63 695 теңге) алушылардың саны 539,7 мың адамды құраған. Әсіресе туа біткен даму ақаулары, психикалық бұзылулар, эндокриндік аурулар мен қатерлі ісіктер диагнозы қойылған балалар мүгедектігінің өсіп келе жатқаны алаңдатады. Қазір елімізде 109,5 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Егер 2021 жылы осы санаттағы кішкентай балалар саны 25,8 пайызды құраса, 2022 жылы ол 26,6 пайызға жеткен. Өкінішке қарай, көңілсіз статистикаға іліккен жандардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге, әртүрлі мемлекеттік мекемелерге қажетті құжаттарды жинау мен тапсыруға көп уақытын кетіріп, жүйкесін тоздырып жүретініне көз үйренген. Өтінімді мақұлдау, тағайындау барысындағы бюрократиялық кедергілер, дәрігерлік комиссиялардың көбіне мүгедектік туралы қорытынды беруді созбалаңға салуы немесе мүгедектік тобын жеңілдетуі, одан кейін әлеуметтік жәрдемақыны ұзақ күту сынды келеңсіз кедергілер аз кездеспейді.
Осы жағдайды зерделей келе жуырда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері Үкімет алдына мүгедектікті белгілеу үдерісін жақсарту туралы ұсыныспен шықты. Партия мүшелері проблема негізінен Денсаулық сақтау және Әлеуметтік қорғау министрліктеріне ведомстволық бағынысты ұйымдардың іс-қимылдарының сәйкес келмеуінен туындайтынын нұсқап көрсетті. Мемлекеттік қызмет онсыз да ерекше бақылау мен күтімді қажет ететін жандар үшін азапты процедураға айналды. Фракция мүшесі Николай Арсютиннің айтуынша, азаматтар өз шағымдарын Денсаулық сақтау министрлігіне жазады, көбі медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдық бөлімшесі екенін білмейді. Яғни бұл бағыт бойынша халықты жеткілікті ақпараттандыру ақсап тұр. Сол секілді заңнамаға сәйкес есту қабілеті бұзылған адамдарға мүгедектікті белгілеу есту, сөйлеу функционалдық бұзылыстарының дәрежесіне байланысты және ілеспе патологияларды, сондай-ақ есту протездеуінің тиімділігін ескере отырып жүзеге асырылады. Есту қабілеті нашар адамдар үшін есту аппараттарын жартылай еститіндер мен қолданатындар үшін және мүлдем естімейтіндер үшін бір топ, яғни мүгедектіктің үшінші тобы белгіленеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ренішін тудырады. Өйткені есту қабілеті мүлдем жоқ адамдар жұмыс істей алмайды және олар үшін мүгедектіктің басқа тобы айқындалуы керек.
Сонымен қатар депутаттар мүгедек жандарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оңалтудың техникалық құралдары мүгедектігі бар адамға жоғалған функцияларды ішінара немесе толығымен толтыруға, өмір сапасы мен белсенділігін арттыруға, сондай-ақ жақын адамдарына күтім жасау үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қарапайым сөзбен айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамның қоғам өміріне қосылуына көмектеседі. Өкініштісі, оңалтудың техникалық құралдарының тізімі өте шектеулі, сондай-ақ нарықта инновациялық өнімдердің болуына қарамастан қолданылып жүрген құралдар бұрыннан моральдық тұрғыдан ескірген және едәуір жаңартуды қажет етеді. Мысалы, «Робин» деп аталатын ақылды көмекші камералар мен жасанды интеллект көмегімен үй-жайда және көшеде жүруге көмектесетін, көз жанарынан, есту қабілетінен айырылған адамның жолындағы кедергілерді танып, атайтын, жақын адамдардың бет-әлпетін анықтай алатын ресейлік жаңа буын – электронды құрылғы.
«Жыл сайын мүгедектігі бар 200 мыңнан аса адам техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Алайда бюджет есебінен сатып алынған техникалық құралдар көбіне мұқтаж жандардың талабына жауап бермейді және оларды қамтамасыз ету үлесі 70 пайыздан аспайды», дейді Н.Арсютин.
Сөйтіп, депутаттар өңірлер бөлінісінде мүгедектікті белгілеуге байланысты, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сауалнамасы негізінде проблемалық мәселелердің тізбесін жасау қажеттігін айтты. Мұндай жағдайда Мәжіліс, оның ішінде «Ауыл» партиясы фракциясы депутаттарының қатысуымен медициналық әлеуметтік сараптама жүргізудің қолданыстағы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуші жұмыс тобын құру, оңалтудың техникалық құралдарының тізбесін кеңейту мәселесі бойынша нақты ұсыныстар білдіру және мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдардың құнын қамтамасыз ету (өтеу) тетіктерін өзгерту мүмкіндігін қарастыру оң шешім болмақ.