Биыл ақпанда Қазақстан мен Үндістан арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толды. Бүгінде қос мемлекеттің тауар айналымы өңірдегі басқа елдердің Үндістанмен арадағы тауар айналымының жиынтық көлемінен асып түседі. Жуырда БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Үндістан диалогі» секілді ірі халықаралық ұйымдарда өзара әріптес ел – Үндістан Республикасының Қазақстандағы елшісі Нагендра ПРАСАДПЕН сұхбаттасқан едік.
– Екі елдің ынтымақтастығындағы қандай басымдықтарды айрықша атап өтер едіңіз?
– Үндістан мен Қазақстан ғасырлар бойы өркениеттік байланыста болды. Біздің ел 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Содан бері қарым-қатынас күшейе түсті. 2009 жылы елдеріміз арасындағы «Стратегиялық серіктестік туралы» декларацияға қол қойылды. Бұл біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтерді. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі және өркендеуші мемлекет қана емес, біздің елдің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Сіздердің бай, мол табиғи ресурстарыңыз, соның ішінде пайдалы қазбалар, дамып келе жатқан экономикасы және технологияға бейімделуі қос елдің барлық салада байланыс орнатуына мол мүмкіндік береді.
Сіздердегі мұнай мен газдың едәуір қорын және біздің энергия сұранысының артуын ескерсек, энергетика саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бүгінде Үндістан жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшыға айналды. Франциямен бірлесе отырып, 100-ден астам мүше елдерді қамтитын Халықаралық күн альянсын құрды. Сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіден бас тартуды көздейтін биік мақсаты бар. Екі ел де жасыл энергетика саласында ортақ мүддеге ұйыса алады. Қазақстан қазір технологияны бейімдеуде едәуір жетістіктерге жетті, ал Үндістанның ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеудегі шеберлігі елдеріңіздің экономикасын әртараптандыру және цифрлық трансформацияны енгізу жөніндегі бастамаларын толықтырады. Екі ел де инновациялық және экономикалық өсуді ынталандыру үшін бір-бірінің артықшылықтарын пайдалана отырып, киберқауіпсіздік, электрондық үкімет және «ақылды қалаларды» дамыту сияқты технологиялық бастамаларды жүзеге асыруда ынтымақтаса алады. Қазір біздің қорғаныс өнеркәсібіміз оқ-дәрі, қару-жарақ өндірумен ғана шектелмейді. Шетелге экспортталады. Елдеріміздің әскери дайындық пен білім саласында ынтымақтастығы жақсы. Сондықтан бұл салада да бірлесіп атқаратын жұмыс көп. Мәдениет және білім беруде екі елдің ортақ жоспарын нығайту тиімді бола түспек. Білім алмасу бағдарламалары, мәдени фестивальдар және университеттер арасындағы академиялық серіктестіктер мәдениетаралық оқу тәжірибесін байытып, мәдени мұраны сақтауға ықпал ете алады. Туризмді дамытуға да үлкен мүмкіндік бар. Оның дәлелі ретінде былтыр Қазақстанға келген Үндістан туристерінің санын айтуға болады. Бұл сектор әуе қатынасын, қонақжайлылық пен туризмнің қосалқы секторлардағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра алатыны анық. Білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістік көп. Оның мысалы, Үндістаннан келген 8 000-нан астам студент қазірдің өзінде Қазақстанның түрлі университетінде білім алып жатыр.
– Үндістанның біздің елмен дипломатиялық және экономикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған қандай бастамалары бар?
– Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлармен тұрақты алмасудан басқа, біз барлық саладағы қатынастарды нығайтудың институционалдық тетіктерін орнаттық. 2019 жылы біздің ел «Үндістан – Орталық Азия» диалогі, Үндістанның Сыртқы істер министрі мен Орталық Азияның 5 мемлекеті арасындағы министрлер деңгейіндегі диалог басталды. 2022 жылы Үндістан мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Үндістан – Орталық Азия саммитін қолға алды. Қазақстан Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болғанымен, былтыр екіжақты сауданың жалпы көлемі небәрі 1 миллиард долларды құрады. Бұл әлеуеттің аз ғана бөлігін құрайды. Үндістан –әлемде қарқынды дамып келе жатқан бесінші ірі мемлекет. Елдеріміздің фармацевтика, пайдалы қазбалар, энергетика, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар және цифрлық технологияларды дамыту салаларында ынтымақтас етуге ортақ нәрсесі көп. Сол үшін екі елдің Үкіметаралық комиссиясы, белгілі бір секторға арналған бірлескен жұмыс топтары және Үндістан – Орталық Азия Іскерлік кеңесі сияқты қос мемлекет арасындағы сауданы ынталандыру және байланыстарды тереңдету үшін бірнеше екіжақты институционалдық тетік құрылды.
Үндістан – Бірыңғай төлемдер интерфейсі (UPI) арқылы цифрлық төлемдер бойынша әлемдегі көшбасшы. Былтыр қазанда біз достықтың нышаны ретінде Орталық Азияның барлық еліне Бірыңғай төлем интерфейсі технологиясын ұсындық. Бұл орайда біздің ел Ұлттық Stack, Цифрлық валюта, RUPAY картасы секілді тәжірибе мен технологиясын бөлісуге дайын. Сонымен қатар металдар мен минералдар саласында ынтымақтастық етуге үлкен мүмкіндік бар. Үндістан пайдалы қазбаларды, әсіресе Қазақстандағы сирек кездесетін жерлерді барлауға көмектесуді, осындай маңызды салада ынтымақтастықты ұсынып отыр.
– Көптеген үнді студенті біздің елде білім алып жатыр. Оның ішінде медицина да бар. Бұл статистика Үндістанда медицина мамандығына сұраныстың жоғары екенін көрсете ме?
– Үндістан – ежелден академиялық алмасуды дамытқан ел. Қазір студенттеріміз өздерінің академиялық және қызметтік мақсаттарында әртүрлі елге саяхат жасай алады. Бұл орайда Қазақстан да үнді студенттері үшін медициналық білім алуда Еуразиядағы білім алатын орындардың біріне айналды. Ал жалпы мәдениет пен білім берудегі байланыстың тарихы тереңде жатыр. Қазір Үндістан Үкіметі де Қазақстанның студенттеріне еліміздің көрнекті университеттерінде бакалаврдан бастап Phd-ға дейінгі академиялық дәреже алу үшін стипендия ұсынады. Сондай-ақ елшілік қос елдің көрнекті университеттері арасындағы құрылымдық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Өзара түсіністік туралы меморандумдардың жүзеге асуына ықпал етті. Кейінгі бір жыл ішінде елшілік Үндістан мен Қазақстан мекемелері арасында 9 меморандумға қол қойды. Мәселен, биыл маусым-шілде айларында Мумбайда өткізілетін Үндістан технологиялық институтының (IIT) жазғы мектептерінде Қазақстан университетінің 35-ке жуық студенті қабылданды. Ал жақында Ә.Бөкейхан университетінің 5 маманы біздің төрт университетке ICCR академиялық бағдарламасы аясында оқуға барды. Сол секілді Үндістан делегациясы да Қазақстанға қарым-қатынас орнату мақсатында келіп тұрады.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуда Үндістан елшілігі қандай жобалар немесе бағдарламаларды қолдауға дайын?
– Болливудтан басқа екі жақта да бір-бірін толықтыра түсетін керемет мәдени дүние көп. Біздің ел «Әлем – бір отбасы» тұжырымдамасына сенеді. Үкіметтің жетекші бағдарламасы ITEC – осы философияның бір бөлігі. 160 серіктес ел қатысатын ITEC бағдарламасы аясында Үндістан Қазақстанға жыл сайын 100 орын бөледі. Бұл Қазақстанның әртүрлі мемлекеттік мекемелеріне және жеке сектордың сарапшыларына, басшыларына біліктілігі мен тәжірибелерін арттыруға мүмкіндік береді. Себебі Қазақстан 1992 жылдан бері Үндістанның ITEC серіктесі. Сол уақыттан бері Қазақстаннан 1 400-ден астам маман, оның ішінде 1 100-ге жуық мемлекеттік қызметкер, 300-ден астам әскери қызметші өздерінің әлеуеті мен біліктілігін арттырды.
Екі ел арасындағы мәдени алмасуды күшейту мақсатында Үндістан мен Қазақстан екі жыл бұрын Мәдени алмасу бағдарламасын жаңартты. Елшіліктің С.Вивекананда атындағы Мәдени орталығы қазір Қазақстан азаматтары үшін үнді биі, музыкасы және йога сабақтарын жүргізеді. Қос елдің атаулы фестивальдары мен мерекелері кезінде үнді мәдениетінің концерттерін ұйымдастырады. Осы елдің мекемелері мен ұйымдары ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысамыз. Орталық Үндістанда қазақ мәдениетін насихаттауға да ықпал етеді. Мысалы, былтыр сіздердің бес орындаушылық өнер ұжымы түрлі мәдени фестивальдарға қатысу үшін біздің елде болды.
– Қазақстан 2022 жылдан бастап Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз тәртіпті іске қосты. Дәл осындай мүмкіндік біздің азаматтар үшін жасала ма? Мысалы, елшіліктің Қазақстан азаматтарына беретін виза құны қымбат екені жиі айтылады.
– Иә, Қазақстанның біздің азаматтар үшін берген 14 күндік визасыз тәртібі ел, жер көру үшін үлкен мүмкіндік берді. Үндістанға келушілер саны 2022 жылғы 28 000-нан 2023 жылы 78 000-ға дейін айтарлықтай өсті. Қазір Үндістан қазақ достарына электронды виза жүйесін ұсынады. Оған сәйкес визаны бірнеше күн ішінде үйде отырып 10 доллардан төмен бағамен алуға болады.
– Сарапшылар ТрансАуған маршруты Үндістанмен сауда байланысын едәуір күшейтіп, екі ел арасындағы тауар айналымын арттырады деп санайды. Не айтар едіңіз?
– Орталық Азия теңізге шыға алмайтындықтан, Үндістан мен Орталық Азияны байланыстыратын көлік дәлізін дамыту өте маңызды. Үндістан осындай байланысты қамтамасыз ету үшін Халықаралық Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін құру туралы жұмыстар жүргізіп жатыр. Байланыс – даму мен өркендеудің синонимі. Иранның Чабахар порты арқылы өтетін маршрутты Үндістан Ауғанстанмен, одан әрі Орталық Азиямен байланысты қамтамасыз ету мақсатында жасаған. Үндістан бұл портты қиын кезеңдерде Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету кезінде пайдаланған. Бұл порт теңізге шығу жолдарын қамтамасыз етеді және теңізге шыға алмайтын Орталық Азия елдеріне халықаралық нарыққа, соның ішінде Үнді мұхиты аймағына оңай қол жеткізуге жол ашады.
– Былтыр әуе қатынасының артуының арқасында Үндістаннан келген турист саны рекордтық көрсеткішке жетті. Үнді халқы Қазақстанның қандай өлкесіне көбірек қызығушылық танытады? Ал біздің азаматтарға Үндістанның қай өңіріне баруға кеңес берер едіңіз?
– Басты себептің бірі – екі елдің виза беру тәртібінің жеңілдеуі дер едім. Қазір бізде Гоаға тұрақты чартерлік рейстерден басқа, Алматы – Дели бағытында ұшатын «Air Astana» және «Indigo» авиакомпаниялары бар. Сол сияқты Қазақстаннан Үндістанның әртүрлі туристік орындарына туризмнің өсуі байқалады. Олар үшін Қазақстанның ең тартымды әрі таңғажайып табиғи сұлулығымен, жанды мәдени орындарымен танымал Алматы қаласы алдыңғы орында. Алматы облысы бойынша турлар, соның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері бар. Кейінгі жылдары Түркістан сопылық туризм үшін де танымал бола бастады.
Ал Үндістанға барсаңыздар, міндетті түрде Аградағы әлемнің жеті кереметінің бірі – Тәж Махалға барыңыз дер едім. Тәж Махал – махаббат пен сәулет сұлулығының рәмізі. Екіншісі – Джайпур, Раджастхан. Бұл жер «Қызғылт қала» деген атпен танымал. Джайпур керемет сарайлар, тарихи бекіністер, дәстүрлі қолөнер мен тоқыма бұйымдарын ұсынатын базарларымен белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Дели – Агра – Джайпур шетелдік туристер үшін алтын үшбұрышты құрайды. Үшіншісі – Керала шығанағы. Мұнда дәстүрлі кеттувалламс үй қайықтарына отырып, әйгілі аюрведа курорттарында табиғаттың тамаша сұлулығын сезінуге болады. Төртіншісі – Хайдарабад. Бұл аймақ Голконда, Чар Минар сияқты тарихи ескерткіштерімен, космополиттік мәдениетімен таңғалдыра алады. Бесінші – Араб теңізінің жағалауында орналасқан Гоа штаты тамаша демалыс орны. Бұлар тек негізгі бағыттар ғана. Үндістанның туризмі туристердің барлық талғамына сай теңіз, қарлы тау, шөлді дала мен заманауи қалаларды тамашалауды ұсынуға әрқашан дайын.
– Елдеріңізде 30-ға жуық негізгі тіл, ал халық 17 негізгі тілде сөйлеседі екен. Осынша тілде сөйлесетін үнділіктердің ортақ тіл табысуының сыры неде?
– Үндістан өркениетінің бес мың жылдық тарихы бар. Біз – халықтың мәдениеттері, діндері мен тілдерінің үлкен бірігуі бар плюралистік қоғамбыз. Расында біздің ел әртүрліліктегі бірліктің көрнекті мысалы. Конституциямызда 22 тіл енгізілген және Үндістанда 1 650-ден астам диалект бар. Бұл – халық арасында бірлік пен келісімді нығайтудың кілті. Үндістанда бірнеше жүз жыл бойы парсы тілі сотта қолданылған, содан кейін британдық билік кезінде ағылшын тілі білім жүйесіне енгізілді. Басқару билігінде осы тілдердің қолданылуына қарамастан, қазір хинди тілі Үндістанда кеңінен қолданылады және жекелеген штаттар жергілікті билік органдарында өз тілдерін сақтап қалды.
– Үндістан архивінде қазақ тарихына қатысты мұралар көп жинақталғандығы айтылады. Қазақ пен үнді халықтарын байланыстыратын ортақ тарих туралы айта кетсеңіз.
– Қос халықтың көне және тарихи қарым-қатынасы 2000 жылдан астам уақытқа созылған. Елдер арасында тауарлар үнемі және тұрақты алмасып отырған. Ең маңыздысы, ой және мәдени алмасулар жүргізген. Буддизмнің Үндістаннан Орта Азияға және сопылықтың Орта Азиядан Үндістанға жетуі – бұған айқын мысал. Қазақтар мен үнділерді байланыстыратын ортақ тарихты ғасырлар бойы жүргізілген әртүрлі тарихи-мәдени өзара байланыстардан байқауға болады. Осы ортақ тарихтың кейбір негізгі аспектілеріне тоқталсақ, ежелгі сауда жолдарымыз бар. Ежелгі Жібек жолы және басқа да сауда жолдары аймақтар арасындағы мәдени алмасу мен сауданы жеңілдетіп, тауарлармен, ой және технологиялармен алмасуға әкелді.Үнді және қазақ мәдениетінде де, діни ілім мен сәулетімізде де ұқсастық жоқ емес. Осы уақытқа дейін тарихшы ғалымдар үнді және қазақ халқы арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланысты тауып жатыр. Бұл жұмыстың әрі қарай да жемісті жүзеге асқанын біз де қалаймыз.
– Қазір Үндістанда моғол билеушілерімен байланысты қанша тарихи кесене сақталған?
– Үндістан бай мәдени мұра және ресурстардың болуына байланысты, ғасырлар бойы бірнеше басқыншылықты басынан кешкен. Билеушілер басып алу кезеңдерінде әлі күнге дейін сақталған бірнеше керемет ескерткіш тұрғызды. Мысалы, Тәж Махал, Кутб минар, еліміздің әртүрлі аймағындағы сарайлар өзінің ерекше сәулетімен туристерді қызықтырады. Сондай-ақ Үндістан – әлемдегі барлық діннің отаны. Үндістан континенттерге тараған буддизм және жайнизм сияқты діндерді тудырып қана қоймай, өз елінен қашқан зороастрлықтардың да отаны болды. Біз 200 миллионнан астам мұсылман, 60 миллион христиан басқа дін өкілдері бар көпдінді елміз.
– Ал қазақ халқына тән қандай құндылықты байқадыңыз?
– Қазақтар да өте тату, қонақжай халық. Бұл бейбітшілікті сүйетін адамдардың ашық қоғамы. Сондай-ақ қазақ жастарының технологияға бейім, жаңа технологияны пайдалануға деген құлшынысын байқадым. Қазір Қазақстан өзінің бай минералды көздері, адам ресурстарының үлкен қорының арқасында Орталық Азияда ғана емес, бүкіл аймақта сауда орталығына айнала алады. Әлемдік тәжірибесі мол, өз елінде де қызмет етіп жүрген бірнеше Қазақстанның жоғары лауазымды адамымен таныстым. Мұндай құндылыққа бай қасиет Қазақстанның өсуіне, дамуына, өркендеуіне әрі аймақта бейбітшілік орнатуға ықпал ете алатынын көрсетеді.– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Жадыра МҮСІЛІМ,«Egemen Qazaqstan»