• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Шілде, 2024

Шикізатқа зәру кәсіп

186 рет
көрсетілді

1993 жылы Қытайдан атажұртқа оралған Дәу­рен Халмет нарық бет­алысын байқап, кенжелеп тұрған жабысқақ таспа өндірісін бастауға бел буа­ды. Әдепкіде бұл тауарды Қытайдан тасымалдап сатуды жүзеге асырса, біртіндеп дербес өндіріс ашуды қолға алады. 2004 жылы квазисектордағы қаржы институттарынан жеңілдетілген пайызбен несие алып, бизнесін әртараптандыруға жұм­са­ды. 2016 жылы Алма­ты қаласындағы инду­с­триалды аймаққа алғаш­қы­лардың қатарын­да резидент болып кірді.

Бірер жылдан соң қалалық комиссия шешімімен бір жарым гектар жерді 49 жылға жалға алып, скотч, стреч кленка шығаратын зауыт құрылысын бастады. Қазір «KazTigerTape» ЖШС-да 50 азаматты жұмыспен қамтып, мемлекетке жыл сайын 200 млн теңге көлемінде салық төлеп отыр. 2022 жылы еңбегі жанып, «Қазақстанның «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша дипломант атанды. Бауыры Думан Халмет те Астанада скотч өндірісімен айналысады. Сонымен қатар поли­этилен қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Жабысқақ таспаға қарағанда өнімнің бұл түрі қайта өңдеуге жарайды екен. Бір рет пайдаланудан кейін түкке жарамай қалатын стреч кленкалардың өмірі ұзаратынын ісімен көрсетіп жүр.

«Біз шығарып отырған тауар­­дың барлық түрі кез кел­ген кә­сіпорынға қажет. «Са­мұ­рық-Қазы­наның» өзіне қа­рас­ты компанияларды отандық тауар­лар­ды сатып алуға міндеттеуі қа­зақ бизнесінің екінші тынысын ашты», дейді кәсіпкер.

Айтуынша, бір әттеген-ай бар, ол – әлі де болса импорттық өнім­дердің бәсі басым екендігі.

«Алыс-жақын көршілеріміз­дің бәрінде өз елінде шыға­рылатын тауарлардың им­порт­тан келетін баламасына­ шек­теу енгізудің көптеген тә­сілі бар. Қазір бизнесті қос өк­педен қысып тұрған факторлар іште де, сыртта да жетеді. Өз саласы бойынша айтар болсақ, импорттық скотч, полиэтилендерге түрлі демпинг қолданып, сонымен бір мезгілде тауар өндірушілер үшін коммуналдық тарифке жеңілдетілген баға арқылы қолдау көрсетуге болады. Тарифтің қазіргі деңгейі, орта­дағы делдалдардың ауадан ақша жасап үйренген әбжілдігі қос өкпеден қысып барады. Үкіметке шағын және орта бизнес үшін тариф бағасын қайта қарайтын кез келді», дейді.Кәсіпкер сөзінше, жабысқақ таспаға қажет шикізатты өз елімізде өндіруге мүмкіндік бар. Тауардың наны – полипропилен Атыраудағы KPI зауытында дайын­далады.

«Сол зауыт Қытайға өте арзан бағада біз дайындайтын өнімге қажетті шикізатты сатады. Мұндай шикізат дайындайтын зауыттар Қытайда жүздеп саналады. Ал біздің жақ сол елдегі зауыттар ұсынған бағадан төмен сатады. Қажетті шикізатты біздің елден арзан бағада сатып алған қытайлық кәсіпкерлер бағасы арзан өнімдермен нарықты жаулап барады. Өткен аптада Алматыда өткен жиындардың бірінде сол зауыттың менеджерімен кездесіп, бізге де Қытайға сатқан бағамен сатуларын өтіндім. Келіспеді. Мұны «Самұрық-Қазына» шеңбе­рін­де шешуге болады. Жалпы, бізге қажет шикізатты шетелге экспорттаумен айналысатын компаниялардың өзіміздің ШОБ-қа қажетті шикізат өнімдеріне қа­тыс­ты баға саясатын қайта қарай­тын кезі келді», дейді Дәурен Халмет.

Айтуынша, экспортты ғана емес, ішкі нарықты да ойлау маңызды. Ішкі жалпы өнімдегі ШОБ үлесін кемі 50 пайыздан асыр­сақ, бизнестің күре тамырына қан жүріп, ішкі нарықтың ландшафтына айтарлықтай өз­ге­ріс енер еді, дейді ол.

«Ішкі нарыққа қажет дүниені өз күшімізбен жапсақ, сыртқы нарықтың да жалына жармасу­ға болады. Бізде қазір Ресейге шығуға мүмкіндік бар. Бірақ рубльге қатысты жағдай бұл ойым­ызды кейінге қалдырып тұр. Қазір аймаққа филиал құ­ру­дың қажеті жоқ. Бұл да қазақ бизнесі үшін тиімді. Қазір оң­түстік облыстарда жылыжай бизнесі дамыған. Сондықтан әр аймақтың ауа райына бейім­дел­ген полиэтилен кленке шы­ғаруды қолға алдық. Оңтүстік аймақта жылыжай бизнесімен айналысып жүрген ағайынға өнімдерімізге тапсырыс беруге болатынын айтқымыз келеді», дейді кейіпкеріміз.

Кәсіпкер Президент немесе Үкімет жанынан отандық ШОБ-тың тынысына мониторинг жасап отыратын, тек Мемлекет басшысына ғана есеп беретін агенттік немесе комитет құрылса деген тілегін де айтып қалды.

«Бұл бизнеске деген көз­қа­растың әртараптандырылып, кәсіпкерлікке қатысты шешім қабылдаған кезде осы саланың өкілдері пікірінің ескерілуіне жол ашар еді. Көп жағдайда отандық тауар өндірушілердің жағдайына әсер ететін тағдырлы шешімдер бизнеске мүлдем қатысы жоқ тұлғалардың айтқа­ны­мен шешіліп жатады. Кез келген индустриалды жо­ба­ларға қатысты шешімдерде биз­нес өкілдерінің айтқаны ес­керілсе, мемлекет қаржысы тек қажетті нүктелерге ғана бағыт­та­лып, ішкі нарықтағы тауар түр­лері әртарап­тандырылар еді», дейді.

АЛМАТЫ