• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 16 Шілде, 2024

Өсім жоғары өңірде дәрігер тапшы

73 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақы­пова Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңір активімен кездесу өткізді. Алқалы басқосуға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, облыстық мәслихат өкілдері, қалалар мен аудандардың әкім­де­рі, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және тағы басқалар қатысты.

Жиын барысында С.Жа­қы­пова Мемлекет бас­шы­сының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының іске асырылуы туралы баяндады. Атап айтқанда, базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыстың көбеюі, Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында әлеуметтік қолдау шараларының күшеюі, Отбасының цифрлық картасын енгізу нәтижелері, ел азаматтарын жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

Сондай-ақ министр ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдіс­темесі, 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының, 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамалары туралы да тарқатып өтті. Ұзақ уақыт бойы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қор­ғауды күшейту, мүгедектігі бар адам­дардың өмір сүру сапасын арттыру бо­йынша қабылданып жатқан шара­лар және платформалық жұ­мыс­пен қам­туды реттеу бойынша жүр­гізіліп жат­қан жұмыстар жайы тілге тиек болды.

Кездесу барысында С.Жақыпова өңірдегі ағымдағы жағдайды тал­қы­лап, бірқатар проблеманы шешу жол­дарын ұсынды. Мәселен, Алматы облысының халық саны 1,5 млн адамды құрайды, оның 16%-ы (246 мың) – қалалық, 84%-ы (1,3 млн) – ауылдық. 2050 жылға қарай халық саны 61%-ға артып, 2,4 млн адамға жетеді. Жұмыс күшінің саны – 751 мың адам, 2050 жылға қарай 1,1 млн адамға (+44%) дейін өседі. Бүгінгі таңда жалдамалы жұмыскерлердің үлесі – 68%, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 32%-ды­ құрайды. Жұмысқа жарамды жастар саны – 400 мың адам (56%). Ұлттық статис­тика бюросының мәліметтері бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрайды. Өңірдегі орташа жалақы – 227,4 мың теңге, бұл жалпы республикалық көрсеткіштен төмен.

«Өңірде акушер-гинеко­логтер­дің, нео­натологтердің, педиатрлар мен анес­­­­тезиолог-реаниматологтер­дің тап­­­­шылығы, сондай-ақ ауылдық ­ок­руг­­тер мамандарының компью­тер­лік сауаттылығының төмен деңгейі бай­қалады. Мемлекет шығындары 164,3 млрд теңгені құрайтын ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жыл басынан бастап республика бойынша 2,4 мың жұмыс орны немесе оның жалпы санының 4% ғана құрылды», деп атап өтті министр.

Сала басшысы медициналық маман­дықтар бойынша кадрларды даярлау­ды ұлғайтуды және онлайн-оқыту арқылы қызметкерлердің компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруды ұсынды.

«Жыл сайын құрылатын сапалы­ жұмыс орындарының санын 2024 жылғы 98 мыңнан 2029 жылы 160 мыңға дейін ұлғайту қажет. 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,5%-ға дейін төмендетуді, экономикадағы орта кәсіпкерлік үлесін 21,1%-ға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету маңызды. Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қолдаудың барлық құралын қолдану қажет», деді ол.

Алматы облысының акти­вімен кездесуде С.Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласының бір­неше ақпарат­тық жүйесінің мүмкіндігін көрсетті. Министр отырысқа қатысушыларды Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасымен және еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету салаларында мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Кәсіпорындардың цифрлық картасымен толыққанды таныс­тырды. Қазақстандықтардың әл-ауқаты деңгейін анықтаудың және проактивті форматта мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің негізгі құралы ретінде Отбасының цифрлық картасына және халықты жұмыспен қамту саласында қызметтер мен мүмкіндіктердің кең спектрін ұсынатын Электрондық еңбек биржасына ерекше назар аударылды.

Алматы облысы