Алматыда утильалымға қарсы петиция бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, жиынға Өндіріс және құрылыс министрлігінің, бірқатар жауапты органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев петицияда жеңіл автокөліктер (М1 санаты) утильалымының мөлшерін 100 мың теңгеге дейін және автокөліктің қалған санаттарына 0 теңгеге дейін төмендету, ауыл шаруашылығы техникасы утильалымын толығымен жою, көлік құралдарының бастапқы тіркеу мөлшерлемесін 0,25 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету туралы айтылғанына тоқталды.
Оның сөзінше, жұмыс тобы «КАМАЗ Инжиниринг», «Қазрост Инжиниринг», «КАИК», «Hyundai Trans Almaty», «Hyundai Trans Kazakhstan», «СемАЗ», «Daewoo Bus Kazakhstan», «МТЗ Қазақстан», «Агромашхолдинг KZ», «СарыарқаАвтоПром» зауыттарына барды.
Ол сондай-ақ белсенділердің «утильалым олигархтардың қалтасына түседі» деген сөзін жоққа шығарды. ӨҚМ өкілінің айтуынша, «Жасыл даму» АҚ барлық қызмет туралы есепті, соның ішінде аудиттен өткен қаржылық есептілікті жариялайды. Жалпы, жұмыс тобы петицияда баяндалған уәждер мен талаптарды қарастырған. Ол бойынша тиісті мемлекеттік органдар тарапынан нақты аргументтер де ұсынған.
Ә.Бектібаев петицияны қарастыру барысында шығу тегі беймәлім әртүрлі статистикалық мәліметті пайдалана отырып, утильалымды енгізу автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техника бағасының күрт өсуіне, сондай-ақ автокөлік паркінің ескіруіне алып келді деген уәждер келтірілгенін атап өтті .
Департамент директорының айтуынша, қарсы тараптың келтіріп отырған деректерінің бәрі 5-6 жыл бұрынғы статистикалардан алынған.
«Бұл уәждің барлығы шындыққа жанаспайды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай 2015 жылдың басындағы жағдай бойынша (утильалым мен бастапқы тіркеу алымы енгізілгенге дейінгі бір жылда) елде жеңіл автокөліктер паркі 4 млн бірлікті құраған. Қолданыс мерзімі 10 жылдан асқандары – 72,5% және қалған 8,2%-ы – 3 жылға дейінгілер. 2022 жылдың басына (утильалым мөлшерлемесі 50%-ға төмендегенге дейін) жеңіл автокөліктер паркінде пайыздар үлесінің көрсеткіші оң өзгеріске бет бұрған. Мәселен, қолданыс мерзімі 3 жылға дейінгі автокөліктер үлесі 8,2%-дан 13,6%-ға дейін өсті, ал 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 73%-дан 63%-ға дейін төмендеді», дейді.
Алайда көлік құралдарын заңдастыру шаралары автокөлік паркі құрылымына кері әсерін тигізіпті. Мәселен, тек 2023 жылы елімізде алғаш рет қолданыс мерзімі 2 жылдан асқан 334 мыңнан астам автомобиль есепке қойылған. Оның 285 мыңының қолданыс мерзімі 10 жылдан асқан екен. Ішкі істер министрлігі есебіне сәйкес, қолданыс мерзімі екі жылдан асатын автокөлік бастапқы тіркеу саны утильалым және бастапқы тіркеу енгізілгеннен кейін қысқарған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80%-ын отандық кәсіпорындар құрастырып жатыр. Олардың утильалымға еш қатысы жоқ. Ал шетелден әкелінетін 20%-ға жуық таңдаулы техниканың жылы жаңа болса, одан алынатын бастапқы төлем мен утиль-алым да аса көп болмайды.
Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша Ә.Бектібаев петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды. «Петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа жанаспайтынын ескере отырып, сондай-ақ шешім жобасын жария талқылау барысында қосымша негіздемелер ұсынылмағанын ескере отырып, петицияны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылады. Түпкілікті шешім Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 90-6-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылданатын болады», деп түйіндеді ол.