Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты трилогиясын алғашқылардың бірі болып оқыдым. Одан жақсы қаламгер шығатынына шүбәм жоқ еді, кең тынысты романист болғанына қуандым. Әділбек інімізді өткен ғасырдың 90-жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке алған едім. Жүрген жүрісі, жігіттік кейпі, азаматтық мінезі, қызметке жауапкершілігі беделін өсірді.
«Лениншіл жас» – «Жас Алаш» газеті қазақ әдебиетіне ерекше ұстахана болған басылым. Осы қасиетті шаңырақтан үлкен әдебиетке келген халқымыздың қабырғалы қаламгерлері қаншама. Олар қазақтың Шерхан Мұртазасы мен Сейдахмет Бердіқұловтың көрігінде шыңдалып, ірі санаткер жазушылардың қатарына қосылды. Өйткені «Лениншіл жас» – «Жас Алашта» ұлтын сүйген қаламгерлер ғана жұмыс істейтін. Сол үлкен мектептің бір шәкірті – Әділбек Ыбырайымұлы.
Әрине, трилогияны бүге-шігесіне дейін оқып, оған көркемдік-идеялық тұрғыдан баға беру қиын. Бірақ бізге жетпей тұрғаны – ұлттық сана мен ұлттық тарихымыздың қатпар-қатпар жолдары. Жасыратыны жоқ, тарихымыздан, тілімізден, ділімізден ажырату үшін қаншама қысым мен қиянат жасалды. Соған қарамастан Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлер қазақ тарихының ақтаңдақ кезеңінің ақиқатын ашып, оның көркем тарихын жасауға ерекше еңбек сіңірді, сіңіріп жүр.
Абылай хан бабамыздан тарайтын ұрпақтардың тағдыры зерттеліп, жазылып, ұлт санасын жаңғыртуда. Соның ішінде Кенесары хан туралы біраз дүниелер жазылды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы батыр бабамыздың есімін халқына танытты. Сахналанды, соңында қудаланды.
Әділбек Ыбырайымұлы бұл трилогияда екі ғасыр бұрын өмір сүрген хан Кененің әдеби-көркем образын жасауға тырысқан. Шығарманың басынан аяғына дейін қазақ халқының асыл мұраты мен Кенесарының елдік, мемлекеттік мүддесін жоғары қойған қайраткерлігі мен қаһармандығы арқау боп, оқырманын ерлікке, қайсарлыққа жетелеп отырады.
Романның бірінші кітабы «Арланның азуы» Тезек төренің қырғызға сапарын суреттеуден басталады. Тезек төре – Абылайдың шөбересі. Бәрінің шыққан түбі бір.
Кенесары ханның басы шабылып, қолы талқандалғаннан кейін өтіп отырған Орманбет ханның анасына арналып беріліп жатқан асқа жүзге жуық қазақтың мығымдары барады. Осы топтың ішінде Сұраншы батыр, Сүйінбай ақын, ыстының ақиығы Бөлтірік шешен бар.
Әрине, бұл қазақ-қырғыздың баяғыдай арқа-жарқа кездесу жиыны емес. Орманбет «иттің құйрығындай қайқы қасы керіліп, төңіректі бағжия бажайлай» қарайды. Олардың арғы көздегені белгілі. Қырғыз қолынан қаза тапқан Кенесары әруағын тағы бір қозғап, бәсекелес жұртты мұқату. «Түпкі ойлары тауы шағылып, еңселері езілген елді одан сайын тұқыртып, ұнжырғасын салбыратып жіберу еді». Орманбет манаптың сенгені де, бұ жолы сілтер семсері де қатпа қара Қатаған.
Айтысты алға шығарған Әділбек осы жерден «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» айналған қазақтың азапты жылдарына шегініс жасайды. 1749 жылғы қазақ хандығының қалмақтарға қарсы жойқын соғысы басталды.
– Жоңғарлар орыс пен қытайдың дем беруімен ғана дүбініп қойған жоқ, қоқан, қырғыз тәрізді жандайшаптарына да арқа сүйеді. Біздің батырлар қашан да туған елінің жанында, – деді Көкжал батыр.
Иә, автор батырдың аузына Мүйізді Өтеген, шанышқылы Бердіқожа, шапырашты Наурызбай, Қангелді батыр, Райымбек батыр туралы толғақты ой салады. Бір сөзбен айтқанда, жазушы осы кезеңді қазақтың басын біріктіретін тарихи сәт деп біледі.
Абылай хан жоңғарларды талқандап, Отанды азат етті. Қытай және патшалық империямен тең мәртебедегі мемлекет орнатуды көздеді. Қазақтардың жеңісі көршілес қос алыпқа қолайсыз болып тиді. Сыртқа қашқан жоңғар нояндары желеуге ілініп, 1756 жылы Қытаймен арада соғыс өрті тұтанды. Ол Абылайдың даналығының арқасында бір жылдың ар жақ-бер жағында келіссөзбен шешілді.
Әйгілі абыз Бұхар жыраудың хан мен қараға көрегендігімен айтылған бәтуалы уәжі – «Семсер жүзіндегі серттің» басты идеясы. Ол – қазақ елінің Тәуелсіздігі, бүтіндігі. Міне, бүгін біз дербес мемлекетпіз. Тарихты тану арқылы өзімізді танып жатырмыз.
Трилогияның екінші кітабы «Серт» толықтай Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Ұлы қазақ даласы мен Ресей империясы арасындағы қақтығыс бекер болған жоқ. Ол орыс императорының қазақ даласын отарлау саясатына байланысты өрбіді.
Кенесары: «Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдігін әперем!» деп семсердің жүзін сүйіп, серт берді. Сол серт тәуелсіздік, тұтастық анты еді. «Азаттық жолындағы күреске ақ сауыт киіп, ақбоз ат мініп шығуға біржола бет бұрдым» деген оның қасына Наурызбай, Әбілғазы сұлтан, Бопай ханым, дала жолбарыстары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай, қазақтың ардагер ұлдары Шәкір, Жәуке, Төлебай, Көбек, Бөрші, Базар, Басықара, Танаш, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батырлар және Қарабас сынды оғландарды топтастырды.
Әрине, өз қандастары ішінен күреске қарсы шыққандары да жасырын емес. Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы, кіші жүз сұлтандары Ахмед пен Арыстан Жантөриндер, Баймағамбет Айшуақов сияқты жалтақ бай-шонжарлар бар еді.
Соған қарамай Ұлы дала төсінде Кене ханның өзі бас болып, он жыл отаршыларға қарсы Отан соғысын жүргізді. Жалпы, автордың романдағы оқиғаларды үш кезеңге бөліп, Кенесары тұлғасы мен ол бастаған ұлт-азаттық қозғалысын осы тарихтың кіндік діңгегі етіп алғаны дұрыс көркемдік шешім болған. Өйткені тарихшылардың межелеуінше, патшалық және кеңестік отаршылдыққа қарсы қазақ даласында 200 жыл аумағында өрістеген 300-ден аса қарулы қарсылықтың ішіндегі бүкіл ұлтты тұтас қамтыған әрі батыр да емес, басқа да емес, ханның өзі бастап, басқарған бірден-бір көтеріліс дәл осы Кенесары қозғалысы екені белгілі.
Аталған трилогия – І. Есенберлиннің «Қаһарынан» кейін, Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихында Кенесары қозғалысына басы бүтін тікелей арналған ең алғашқы кесек туынды. Ақыры патшалық империяның айтақтауымен, астыртын ұйымдастыруымен Кенесары хан мен Наурызбай сұлтанның басы Алатаудың етегінде шабылды. Ханның басын алған соң оны Омбы губернаторына жіберу ұйғарылды.
Алайда Кене хан өлсе де, қайсарлық өлмеді.
Трилогияның үшінші романы «Рух» деп аталады. Бұл – Сыдық төре, Сыздық сұлтан деген атқа ие, күрескер тұлға – Кенесарының ұлы Садық төренің әке аманатына адалдығын танытатын қайсарлыққа толы дүние. Шығарманың бүкіл өн бойы Кенесары бабамыздың мына сөзінен өзек тартады.
«...Бірақ сендер астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, иығымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дейді өлер алдындағы ақтық сәтінде.Бір сөзбен айтқанда, Алашшыл жұрттың рухы жығылмаған тағдыры туралы тарих беттері арқылы тіл қатты. Ұлтсыздану рухтан айырады, ол бәрінен де қасіретті. Қазақ бүгін қаһарман бабаларының рухын тірілтумен келеді.
Ахмет сұлтан Кенесариннің өмірбаяндық очерктерінің түсініктемесін жазған Сырдария облысының статистикалық комитетінің төрағасы Е.Т.Смирнов Сыздық жайлы былай деген екен. «Әңгімелескен кезде оның өңі өзгеріп кететін. Тез әрі көркем сөйлейді. Ойлы, момын адамдай көрінетін. Садық сұлтанға сол кезде сергек, сері, өте талантты адам екенін көрсететін, «Құдай сүйген» адам екенін байқайсың. Көңілі жас, нағыз дала арыстаны ол – қырғыз халқының тәуелсіздігі үшін күрескен соңғы сарбаз...»
Бұл мойындау ғой. Жау жақтың адамы болса да, ғалым адам ретінде Садық сұлтанның биік рухын мойындайды.
Ал Ресей империясының әскери шенеуінігі Н.Павлов: «Кенесарының баласы, Абылай ханның шөбересi, Тұрандағы аса iрi тұлғалардың бiрi болып табылатын даланың осынау жаужүрек ұлының бойына бiзге деген өшпендiлiк ана сүтiмен бiрге дарыған едi» деген жазбасы жүрекке қалай әсер етпесін.
Кенесары ханның Ахметтен тараған ұлы Әзімхан Кенесарин 1917 жылы Орынборда өткен Бүкілхалықтық І құрылтайға қатысты. Одан кейінгі ІІ жалпықазақ съезіне Сырдария облысы қазақтары атынан келіп, съезд төралқасының орынбасары болды.
Ол «Сіздердің қолдап, мақұлдауларыңызбен қазақтың, қазақ қана емес, тұтастай Алаштың қамын жейтін «Алаш» ұлттық саяси партиясының құрылғандығын мәлімдеймін», деп жар салды. Және Әлихан Бөкейхановты партия жетекшілігіне ұсынады.
1930 жылы Әзімхан Кенесарин атылып кетті.
Хан Кененің киесі Қазақ даласын кезіп жүр. Оны жеткізген – Тәуелсіздіктің рухын көтеріп, трилогиясын ұсынып отырған жазушы Әділбек Ыбырайымұлы. «Семсер жүзіндегі серт» деп аталатын үш томдық шығарма – Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты туынды. Расында да, Кенесарының көксегені тәуелсіз қазақ елдігін құру еді. Батырдың осы арманы орындалып, автор үш томдығын «Тәуелсіздіктен тамыр тартқан алып бәйтеректей рухы асқақ, мақсаты биік Қазақ деген салт атты аламан, әлем өркениетінің көшіне қарай кетіп барады», деген жолдармен аяқтайды. Бассыз қоғамда басы кесілген батырлардың орны тарих төрінде. Тек қоғам бассыз болмасын дейді. Трилогияның философиялық түйіні, ұрпаққа ұсынар ғибраты осындай.
Талантты қаламгер Тәуелсіздік биігінен Абылай ханның, хан Кененің, Сыздық сұлтанның, Әзімхан Кенесариннің рухын тірілтіп, халқымен табыстырды. Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы жаңа дәуірдегі әдебиетіміздің мәртебесі мен еңсесін көтерерлік кесек туынды, семсері шындықпен суарылған шығарма деп сеніммен айта аламыз. Әрі ол – ұлттық романдар галереясын толықтырған Тәуелсіздік дәуірдің төл дүниесі.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері