• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2024

Алимент жауапкершілігі

238 рет
көрсетілді

Қазір қоғамда баласынан безген әйел де, еркек те көп. Мәселен, Әділет министрлігі берген ақпарға көз салсақ, бүгінде елде алимент төлемей жүргендер саны 300 мыңға жуықтаған. Кейбір көкек әкелер мен безбүйрек аналардың перзенттеріне берешегі 13 млрд теңгеден асып жығылады. Негізі жыл басында борышкерлердің қарызы 20,7 млрд теңгені құраған еді. Құзырлы органдардың табанды әрекетімен сома 35 пайызға дейін төмендеді. Сонда бауыр еті баласына көк тиын татырмай жүргендерді тек титықтатып жүріп төлету керек пе? Сарапқа салдық.

Түйткілді мәселенің түйіні тарқамағалы біраз болды. Ста­тис­тикалық деректер де көңіл көншітпейді. Алимент төлеме­гендердің 281 мыңы – ер азамат болса, 11 мыңнан астамы – әйелдер. Тентекті тезге салғандай жыл басынан бері сот орындаушылар бала алдындағы қарызын өтеуден жалтарған шамамен 7 мың борышкерге елден шығуға уақытша тыйым салды.

«Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу әлеуметтік маңызды мәселеге жатады. Осыған байланыс­ты аумақ­тық әділет органдары мен сот орындаушыларының жұ­мысы Әділет министрлігінің бақы­лауында. Орташа алғанда алимент өндірісінің 95%-дан астамы сот орындаушыларының талаптарын еш қиындықсыз орындайтын жұмыс берушілердің бухгалтерлік қызметтері арқылы өндіріледі. Қазіргі уақытта проблемалық алименттер 21%-ға дейін төмендеді. Яғни 12 883 өндіріс бар. Алимент бойынша міндеттемелерді орын­дамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауап­­кершілікке тартылады. Биыл 1 875 борышкер әкімшілік жауап­кершілік арқалады. Бо­рыш­­­керді қылмыстық жауап­керші­лікке тарту үшін ҚК-нің 139-бабы бойынша Сотқа дейінгі тер­геп-тексерудің бірыңғай тізілі­мінде 304 іс тіркелді. Оның ішінде 115 іс сотқа жіберілді, 55 борыш­кер сотталды», деді Әділет министр­лігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Демек борышкерлердің басым бөлігі – ер азаматтар. Олардың арасында маскүнемдер мен жұмыссыз жүргендерден бөлек, парызын орындағысы келмей, жалған құжат жасатып, жалақы мөлшерін азайтып көрсететіндері әлі бар. Алимент төлемеудегі тағы бір мәселе – бұрынғы жары әкесінің баланы көріп, араласып тұруына үзілді-кесілді қарсы болуы. Психологтер әлеуметтік желіде осы секілді бірнеше себепті алға тартады. «Елімізде ажырасу деректері­нің көп екенін мойындауымыз қажет. Алайда отбасы ойран­дал­ғанымен, екі ортада бала зар­дап шекпеуі керек. Әрине, жағ­дайы жақсы болса, баланы асырауға шамасы жетіп тұрса, аналардың көбі алимент қуып, сот есігін тоздырмайтыны анық. Бірақ көп жағдайда ер азаматтар әйелден ажырасқаны бір бөлек, баласынан да ажырап жатады. Бұдан әкелерге «әкелік» міндетін орындау үйретілмей қалып жатқанын байқаймыз. Асы­лында, әкелік міндет ана мен бала мәселелерімен қатар айтылуға тиіс», деді психолог Роза Әшірбаева.

Бұл да орынды. Енді мына бір ақпаратқа зер салсақ: Алматы облысында алимент төлемей жүргендер құмар ойынға 426 млн теңге жұмсаған. Биыл ақпан айындағы Өңірдің қадағалау ведомствосының хабарлауынша, 150-ден астам отандасымыз «өз балаларына деген нем­құрайлылығынан» алимент төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін елемей, букмекерлік кеңселерде құмар ойынға кірген.

Айзада есімді алматылық тұр­ғын бұрынғы жолдасының ащы сусынды сіміріп, құмар ойын­ды серік еткеніне 10 жылға жуықтағанын айтады. Ақыры тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, маскүнем күйеуінен шаршаған келіншек осыдан 8 жыл бұрын баласын қамқорлығына алып, ажырасып кеткен. Бірақ перзенті үшін алимент міндеттемеген.

«Тұрмыс құрғаннан кейін 1,5 жылдай өзгереді деп сендім. Оған себеп те болды. Жалдамалы жұмыста жақсы ақша тауып, ұлымның бар қажеттілігін өтеп жүрді. Бірақ артылған ақшаға сыра ішіп, кейін үйге келіп мазамды алып, одан қалды ойын автоматтарына айлығын салып жіберуді шығарды. Балам ол кезде кішкентай еді, декреттік демалыста болдым. Ата-енем­нің зейнетақысына ғана күн көретінбіз. Үйдегі сол үлкендердің ықпалымен бәріне шыдадым. Кейін қол көтере бастаған соң, ажырасуға бел будым. Тіпті өкпе-реніштен баламды көрсеткім де келмеді. Алайда уақыт өт­кен соң, ата-енеме өзім апарып, жүздестіріп тұрдым. Күні бүгінге дейін олардан бір тиын да ақша алмадым. Өзім жеткізіп, қажеттілігін толық өтеп келемін», деді Айзада.

Әрине, қоғамда бір өзі әке де, шеше де рөлін арқалаған Айзада секілді өжет әйел көп-ақ. Бірақ бауыр еті баласын жоқшылық пен таршылық көруге мәжбүрлеуге барған безбүйректер тайраңдай бере ме? Осы сауалды арқау етіп, бір жағынан төленбейтін алимент ауыртпалығының жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып, депутаттар Парламентте мемлекеттік алимент қорын құру идеясын көтерді. Шындығында, бұл бастама 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Оның негізгі мақсаты – үш айдан астам әкесінен материалдық көмек алмаған балаларға алимент төлеу. Халық қалаулылары баласы үшін материалдық жауапкершілікті жалғыз өзі көтеруге мәжбүр болған аналарға жанашырлық танытуға шақырады.

Өз кезегінде Премьер-ми­нис­тр­дің орынбасары Тама­ра Дүйсенова жуырда Мем­ле­кет­тік алимент қорын (МАҚ) құ­руды қарастырып жатқанда­рын хабарлады. Оның айтуын­ша, қазіргі кезде Әділет министр­лігін­де құрылған топ мұндай қордан неше адам қанша көлемде қаржы алуға мұқтаж болатынын қа­­рап, есеп-қисабын жүргізіп жатыр.

«Әйелдердің қаншасы әке­лердің жалтаруы кесірінен алимент алмайтыны, тағы қаншасы алиментті толық көлемде алмайтыны, сондай-ақ әкелердің жұмыссыз қалуы не шетелге жұмыс іздеп кетуі салдарынан қан­шасына алимент төлеу тоқта­тылғаны есептеліп жатыр. Мұндай өзекті ақпарат Мемлекеттік алимент қорын құру үшін қажет. Ол қор қанша адамға, қанша мөл­шерде көмек көрсетуге тиіс? Бүгінде керекті қаражат сомасын анықтап алу маңызды», деді Тамара Дүйсенова.

Күрмеуі қиын күрделі мәсе­ленің тағы бір шешімі ретінде жасанды интеллект көмегіне жүгінбек. Енді табысын жасырып, алименттен жалтарғандарды жасанды интеллект анықтайды. Жоба сот орындаушыларының құзырында жоқ ақпаратты алуға жол ашады.

«Борышкер болып танылған­нан кейін борышкер алименттік өндіріс пайда болған кезде тап-тамаша жұмыс істеп жүрген жерінен шартты түрде айтқанда жалақысы 500 мың болса, ол сот орындаушысынан қаулы алғаннан кейін оның жалақысы 80 мың болып қалады. Оны аңду, уақытымен анықтау қиындау болады. Алимент кейсі арқылы біз осындай жағдайларды уақтылы біліп, дер кезінде бұған шара қол­дануға мүмкіндік беретін жаңа­ғы жасанды интеллекттің көме­гі­мен шара қолданып жатырмыз», дейді Мәжбүрлеп орындату депар­таментінің сот орындаушыларын бақылау басқармасының басшысы Гаухар Досжанова.

Бұл – уақыт еншісіндегі дүние. Әзірге Әділет министрлігі дәстүрлі әдіспен борышкерлерді жұмысқа орналастыруды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта ілкімді іс игілігімен 13 022 борышкер еңбекке араласқан. Сондай-ақ алимент бойынша берешекті одан әрі өндіріп алу үшін «Отбасының цифрлық картасы» деректерін пайдалану жұмыстары жалғасып жатыр. Отбасының цифрлық картасы «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интег­рацияланған. Жүйе арқылы мемлекеттік органдардың дерек­қорлары қолжетімді. Әрі қосым­ша табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттердің бар болуы, т.б. сияқты түрлі ақпаратпен қамтылған.

«Осыған байланысты Әділет министрлігінің және Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйе­сімен интеграциялау мәсе­лесі пысықталуда. Рейд­тік іс-шаралар да тұрақты өткізі­ліп тұрады. Мысал ретінде осы жылдың 24 маусымында Павло­дар қаласында рейдтік іс-шара өткізу кезінде «Кибер шериф» мобильдік кешені ЖСО-мен бірлесіп, мемлекет пен жеке тұлғаның пайдасына шамамен 52 млн теңгеден астам сомада берешегі бар борышкерге тиесілі «Митсубиси Аутлендер» маркалы автомашинаны ұстады және қамауға алды», деді Талғат Уәли.