Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Сондай ақ Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады.
Азаматтардан арыз-шағым көп
Отырыста газ саласы бойынша қазіргі жағдай туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, биыл елімізде газ өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға – 60,5 млрд текше метрге дейін артады. Негізгі өсім Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен болады деп көзделіп отыр. Ал тауарлық газ өндірісі өткен жылғы 29,8 млрд текше метрге деңгейінде қалады.
Бұл ретте тұтынудың болжамды көлемі 2023 жылмен салыстырғанда тағы да өсіп, шамамен 20,9 млрд текше метрді құрайды. Премьер-министр жауапты ведомство басшылығының назарын ұлғайып келе жатқан тұтыну көлеміне аударып, тапшылыққа жол бермеу үшін бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
Бүгінде Үкімет ел аумағын газдандыру және газ тасымалдау жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 60%-ына немесе шамамен 12 млн адамға газ қолжетімді болды. Инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар магистральдық газ құбыры салынып, жөнделді.Биыл газдандыруға республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. «Іс-қимыл жоспары» шеңберінде қосымша 105,4 млрд теңге қарастырылды. Бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 км-ден астам газ желісін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Қашаған кен орнында катарлық инвестор «UCC Holding» компаниясымен бірлесіп, газ өңдеу зауыты іргетасын қалады. Таяуда Орталық Өріктау, Батыс Прорва және Қаламқас газ жобалары іске қосылады. ҚМГ мен «Eni» Жаңаөзенде газ, күн және жел энергиясымен жұмыс істейтін алғашқы гибридті электр стансасын салуға кірісті. Премьер-министр инфрақұрылымды жаңғыртуға, газ барлау мен өңдеуге инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сөйтіп, халықты газбен жабдықтауда сапалы қызмет көрсетудің маңызды екенін айтты.
«Газбен жабдықтау мәселесіне қатысты азаматтардан Үкіметке көптеген арыз-шағым түсіп жатыр. Тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қажетін қамтамасыз ету үшін «Алматы –Байсерке –Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырып жатыр. Алайда газ құбырының қорғау аймағында жекеменшік құрылыстардың болуына байланысты жерді алу қажеті туындап отыр. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұмысты жедел жүргізуді тапсырамын», деді ол.
Көлеңкелі экспорттың жолы кесіледі
Үкімет басшысы сұйытылған мұнай газын шетелге заңсыз шығару мәселесіне назар аударды. Елімізде биыл 1,6 млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіру жоспарланып отыр. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға қажетті құнды және тапшы шикізаттар біздің елімізде автомобиль отыны ретінде көбірек қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, газбен жүретін автокөлік саны бір жылда 18%-ға өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 582 мың бірлікті құрады. Тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ таратылады. Сараптамаға сәйкес, жанармайдың бұл түріне сұраныс шекаралас аймақтарда артып келеді.
Сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс-жақын шетелдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен екенін ескеріп, көрші елдерге үлкен газ көлемін заңсыз экспорттау мәселесі сақталып тұр. Өндірілген көлемнің бір бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберіледі. Сонымен қатар МӨЗ-де жыл сайын жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы факторлар нәтижесінде елімізде жыл сайын шамамен 20-25% деңгейінде сұйытылған газ тапшылығы байқалады.
«Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне қарасақ, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Аталған жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірдегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын», деді О.Бектенов.
Сондай газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан, елімізде көгілдір отын тапшылығы орын алғанын айтты. Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы кешіктіріліп жатқанына тоқталды. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестиция тарту да баяу жүріп жатыр. Сондықтан Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма берілген еді. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» 105 млрд теңге бөлмек. Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінетін қаржының уақтылы игерілуін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін желілерді салу бойынша барлық жұмысты аяқтауға тиіс.
Сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдаланатын автомобильдердің саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Соған қарай газ баллонды жабдықты орнату кезінде заңнаманы бұзу фактілері де көбейген. Премьер-министр мұндай жағдай азаматтардың өміріне қауіп төндіретінін айтты. Ішкі істер және Энергетика министрлігіне көлікті қайта жабдықтау және техқұжаттамада тиісті белгінің болмауына байланысты кәсіпкер жауапкершілігін күшейту жөнінде тиісті шара қабылдауды тапсырды. Ал Энергетика министрлігі баламалы отын саналатын сығымдалған газ өндірісін ынталандыру жұмысын жандандыруы қажет.
Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы
Отырыста экономиканың түрлі саласына жасанды интеллект технологиясын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ-ді дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Экономистердің есептеуіне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ІЖӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Қазір елімізде 93 ақпараттық база қосылған «Smart Data Ukimet»-те мемлекеттік органдар дерегін жинау бойынша шара кешені жүзеге асырылып жатыр. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Бүгінде 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.
Премьер-министр жасанды интеллект құралын қолдану көптеген күнделікті міндетті автоматтандыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Бірқатар өндірістік үдеріс, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелді және төтенше жағдай болжамын есептеп, әртүрлі қауіп пен кибершабуылдарды анықтай алады.
Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Оның қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи монополия субъектілері бар.
«2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдердің саны 5 есе өсуге тиіс. Осыған орай, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды. Бұл экономикаға тұтастай мультипликативтік әсер береді», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірге, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану, оны бизнес пен ғылыми ортада қолдану мүмкіндігін қарастыру да өте маңызды. Сондықтан Қаржы министрлігіне ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету жүктелді.
Цифрлық даму ведомствосына Ғылым, Оқу-ағарту, Еңбек министрліктерімен бірлесіп, білім алушы мамандардың, өңірлік құзырет орталықтары мен бағдарламалау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатындағы бағдарламаны қалыптастыруды міндеттеді.
Премьер-министр Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын күшейтуді тапсырды.