Катонқарағай ауданының тумасы Дүйсенбі Бөлкебаев 1943 жылдың күзінде Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар одағының мүшесі ретінде алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Елде соңынан ерген бір інісі мен екі қарындасы қалған еді. Майданда 32-гвардиялық атқыштар дивизиясына қызыл гвардияшы болып қатарға алынады.
Қазақ жауынгері 1944 жылдың 27 ақпанында Қырым түбегінде алапат шайқаста көзсіз ерлік көрсетті. Шабуыл кезіндегі ұрыстың бірінде екі немістің көзін жойып, әрі қарай траншеяға түсіп, үш фашисті қоян-қолтық ұрыста жан тапсыртқан. Жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, қаруластарына жол ашады. Ержүректілікпен көзге түскен Дүйсенбі Мәмежанұлын әскери бөлім басшылығы «Ерлігі үшін» медаліне ұсынады. Бұл медаль сержант құрамы үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына пара-пар болатын. Басшылықтың бұл шешіміне қазақ жауынгерінің бір ғана ерлігі себеп болған жоқ. Қызыл гвардияшы әр ұрыста өжеттілігімен көзге түсетін, онымен қоса құралайды көзге атқан мерген болыпты. Оның оғынан талай фашист қаза тапқан. Осындай ерлігімен ерекшеленген жерлесіміз, өкінішке қарай, өз марапатын көрмей, бұл фәнимен қош айтысады. «Батыр бір оқтық» демекші, 1944 жылдың наурыз айында жаудың атқан бір түйір оғы батырдың өмірін қиған. Өкініштісі, соғысқа аттанар алдында отбасын құрмаған, жалындаған жас жігіт Дүйсенбі Мәмежанұлы Қырым соғысындағы төбелердің бірінде мәңгілік мекенін тапты. Бір-ақ оқ жас өмірді жұлып алып кетті. Сонау алыста ағайын-туыс, қазақ жері, өр Алтай қалды. Ерлік үшін берілген медалі де иесін таппай жарты жолда қалған еді. Ауылдағы ағайынға үш бұрышты қара қағаз ғана жетіпті. Бәлкім, қазақтың бір ұлының есімі сол алыстағы түбекте ескерілмей қалар ма еді? Егер қарындасы Мәукеннен туған жиендері болмағанда.
Дүйсенбі Мәмежанұлының жиені Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Жанболат Қошанаев араға жылдар салып, нағашы атасының есімін жаңғыртты. Жанболат Елубайұлы – өмірін Отан қорғауға арнаған жан. 2016 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін тағы да бес жыл өз саласында елеулі еңбек еткен. Тек осыдан бір жыл бұрын жұмыстан қолы босағанда есіне анасының аманаты түседі. Бұл жөнінде ардагердің өзі: «Бала кезіміз. Анам жалғыз қалғанда ағасын еске түсіріп, білдіртпей көз жасын сығып алатын. Мен бала болсам да анамнан неге жылап отырғанын сұраймын. Сонда анам туған ағасының сұрапыл соғыста із-түссіз кеткенін айтып береді. Бір жыл бұрын осы оқиға жиі есіме түсе бастады. Оған дейін нағашымды табайын деген ой мазалап, қызметтің бағытымен іске кіріспеген едім. Өткен жылдан бастап нағашы атамды іздестіру жұмысына кірістім. Ең бірінші кезекте Астана қаласының Алматы аудандық қорғаныс істері жөніндегі әскери комиссариатына бардым. Олар маған барлық дұрыс жолын айтып, кеңестерін берді, көмегін көрсетті. Алғашында, Ресей Федерациясы Подольск қаласындағы орталық архивке ресми түрде хат жолдадық. Арада біраз уақыт өткеннен кейін жолданған хатқа жауап келді. Анамның аманатын орындай алғаныма, нағашымды тапқаныма қуаныштымын», дейді.Ресми сұрау жіберілгенімен оны соңына дейін күту, дерек пен дәйектерді жинау, құжаттарды реттеу оңай шаруа емес. Жанболат Елубайұлы алған бетінен қайтпай, іздестіру жұмысын жалғастырып, үмітін үзген емес. Біраз уақыттан кейін Астанадағы Ресей Федерациясының елшілігінен хабар келеді. Олар сонау 1944 жылы қаза тапқан Дүйсенбі Бөлкебаевтың жиені Жанболат Елубайұлы екені расталған соң, елшілікке ағайынды Қошанаевтарды шақыртып, нағашысына жетпей қалған «Ерлігі үшін» медальін табыс етеді. Шаң басқан архивтен бүкіл құжат көтеріліп, Дүйсенбі Мәмежанұлының ерлігі сипатталады. Нәтижесінде Ресей Президенті Владимир Путиннің қолы қойылған «Куәлік» пен медаль қазақ жеріне оралды. Медальді жиендері нағашысының көзіндей көреді. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі», дегеніміз осы болар.
– Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының елшілігі, Қорғаныс министрлігі және Подольск қаласындағы орталық архивінің қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Осы мекемелердің қызметкерлері соғыста із-түссіз жоғалған нағашымды тауып берді. Бұл – екі мемлекет аралығындағы достықтың тікелей көрінісі. Осындай бейбіт күндерді сыйлаған ержүрек нағашы атам Дүйсенбі Бөлкебаевқа және барша соғыс ардагеріне мың тағзым, – дейді Жанболат Елубайұлы.
Қуанышқа орай, нағашыларының жатқан жері де белгілі болыпты. Жиендері мен ағайын-туыстары биыл Катонқарағай ауданының Аққайнар (бұрынғы Черновая) аулында үлкен ас беріп, батырды еске алуды жоспарлап отыр. Нағашы атасының кіндік қаны тамған аулынан бір көшені соғыс ардагері Дүйсенбі Бөлкебаевтың атына берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда сонау 1943 жылы Алтайдан Қырым өлкесіне соңғы сапарына шыққан соғыс ардагері туған жеріне оралғандай болар ма еді? Болашақта киелі Катонқарағай жерінен бір уыс топырақ алып, Қырым өлкесіне мәңгі мекен тапқан төбеге апарсақ деген жоспар да бар. Ұрпақтары Жеңістің 80 жылдығы тойланатын 2025 жылы Дүйсенбі атаның 100 жылдығы да аталып өтілетініне сенімді. Бейбіт күнді сыйлаған батырларымызға мың тағзым!
Шығыс Қазақстан облысы