Мына ғалам қызыққа толы ғой, шіркін. Неге бұлай дегенімді әңгімелеп берейін. 13 жастағы Яир Уайтсон Израильде тұрады. Осыдан бірнеше күн бұрын әкесімен бірге «Кармель» тауына сейіл құрады. Әу бастағы мақсаты – ерекше тастарды жинап, үйіндегі топтаманы толтыру еді. Бірақ ізденімпаз бала 18 ғасыр бұрынғы ерекше қазынаға жолыққан.
Әкесі мен баласы тау-тас аралап жүріп, Ежелгі Рим дәуіріндегі карьерлер мен ферма қирандылары сақталған аймаққа тап болған. Соған жақын жерде байырғы мола да бар-тұғын. Жасөспірім осы аймақтан Минерва құдайы бейнеленген 1800 жылдық сақинаны тауып алған. Израильдің көне жәдігерлер басқармасының хабарлауынша, жәдігер толығымен сақталған әрі көркем бейнеде деседі.
– Қазбалар мен тастарға қызығамын, оларды жинағанды жақсы көремін. Сондай бір серуен кезінде кішкентай жасыл затты байқап қалдым. Басында жай ғана тот басқан болт деп ойладым. Тазалап көрсем, сақина екен. Үйге әкеліп, оны мұқият қарап шықтым. Сақинадан бір қарағанда жауынгердің бейнесін көруге болады. Көп ұзамай Израильдің ежелгі заттар басқармасына хабарластық. Сол кезде сақинаны сарапшылар мұқият тексеріп, Минерваның бейнеленгенін айтты, – дейді Уайтсон.
Солай. Жағдайды тізбектеп бердім. Енді жоғарыдағы таңданысыма оралайын. Көбіне Рим мифологиясындағы Минерваны грек құдайы Афинамен теңестіреді. Негізінен Минерва – соғыс әрі даналық құдайы. Осыны зерттеп отырып, кейінгі жылдары Израильдің жағдайы мен оның басына түскен кезеңді ойладым. «Құдайдың» жүзігі тура осы сәтте текке табылмаған болар деген ой түйдім. Мына ғалам қызыққа толы ғой, шіркін!