Отандық ономастика саласының негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Телғожа 97-нің төрінде де қаламын қолынан тастаған емес. Ол 15 жасынан еңбек етіп, тылдағы майданға араласты. Мал дайындау мекемесінде есепші, бухгалтерлік соқпағы да – бөлек әңгіме. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығын алып шығады. Оқу ордасында Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Аманжолов, Ш.Х.Сарыбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Б.Шалабаев, Т.Нұртазин, Қ.Жармағамбетов, Н.Смирнова, М.Сильченко, С.Толыбеков, С.Бақшылов, Н.Әбішев, Ғ.Жармағамбетова сынды ғалым-ұстаздардың дәрісін тыңдайды.
Студент кезінен зеректігімен, көркем мінезімен көзге түскен жігітті профессор Сәрсен Аманжолов ғылымға баулиды. 2-курста оқып жүргенінде «Қазақ тіліндегі сан есімдер» атты тақырыпта зерттеу жүргізіп, ғылыми кеңесте баяндама жасайды. Ал 3-курста тақырып ауқымын кеңейтіп, студенттердің қалалық конференциясында «Түркі тілдеріндегі сан есімдер» атты баяндама жасап, жүлделі орын алады.
Институтты үздік бітірген жылы Жаркенттегі педучилищеге баратын болады. Алайда ұстазы С.Аманжоловтың кеңесімен Абай институтының аспирантурасына түседі.
1952 жылы Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ысқақов кiшi ғылыми қызметкерлікке шақырады. «Өмір белестері» атты мемуарында профессор М.Балақаевтың көзіне түсіп, «Орысша-қазақша тiл бiлiмi терминдерiнiң сөздігін» даярла» деген батасын алғанын жазады.
Телғожа Жанұзақ 1952 жылы қазанда Ғылым академиясының сол кездегі президенті Дінмұхамед Қонаевпен кездеседі. Болашақ ел басшысы жас ғалымның қабілетін жоғары бағалапты.
Естелік кітабында ғалым: «70 жылдық ғылым жолындағы табысым мен бақытты өмiр жолым үшін осы Тіл білімі институты басшыларына, институт ұжымына, алдыңғы толқын аға ғалымдарға, бiрге өскен әріптестерім мен замандастарыма, ұлағатты ұстаздарыма борыштымын» деп жазыпты.
Профессор 1953-1954 жылдары тәжірибе жинау мақсатымен Ленинград, Мәскеу қалаларында болып, танымал түркітанушылармен, әсіресе Ленинград университетінің профессоры С.Е.Маловпен кездеседі. Сергей Ефимович болашақ ғылыми диссертациясы тақырыбын «Қазақ тiлiндегi есiмдер» деп алу туралы кеңес береді. Тақырыптың өте өзекті әрі күрделі екенін, жан-жақты білімді, ізденісті қажет ететінін, халық тiлiнiң тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей байланысын ескерткен ғалым зерттеушіге «1) араб, парсы тілдерiндегi материалды пайдалану үшін сол тілдерде оқып, жаза білуің керек; 2) Орхон-Енисей жазуын бiлуің керек; 3) тарихи әрi этнографиялық еңбектердi жетік меңгеруiң керек» деп үш түрлі шарт қояды. Сол кезде Телғожа Жанұзақ А.Байтұрсынұлының төте жазуымен де, руна жазуымен де өзінің аты-жөнін жазып береді. Болашақ зерттеушіге көңілі толған С.Е.Малов кітаптарын беріп, күнбе-күн ақыл-кеңесін айтып отырған.
Телғожа Жанұзақ Ленинград қаласында академик А.Н. Кононов, профессор А.К.Боровков, сөздік секторының мамандары, орыс лексикографиясының майталмандары – А.П.Евгеньева, А.М.Бабкин, Ю.С.Сорокин, С.Л.Баженова сынды ғалымдармен де кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдаған. Мәскеуге келген соң Н.А.Баскаков, Н.К.Дмитриев, С.Г.Бархударов, С.И.Ожеговтермен кездеседі.
С.И.Бархударов қазақтың жас ғалымымен танысып-біліскен соң: «Познакомтесь, со мной разговаривает казахский Ожегов!» дейді екен. Бір күні дәл осы сөзді әйгілі «Словарь русского языка» еңбегінің авторы С.И.Ожеговтің өзiне айтыпты. «Құдай аузына салған болар, Степан Григорьевичтің сол сөзі айнымастан арада 50 жыл өткен соң менің жалпы редакциясын басқарып, айтарлықтай тер төгіп, көп еңбектенуімнің нәтижесінде «Қазақ тілінің сөздігі» (50 мың сөз бен сөз тiркесi қамтылған, 774 бет) жарық көрді» дейді ағамыз.
Ғалымның ғылымдағы жолы әрдайым даңғыл бола бермеген, кедергі-тосқауылдар да кездескен: кандидаттық диссертациясын 1959 жылы тәмамдап, 1960 жылдың басында талқылаудан өтіп қойса да, 1961 жылдың 28 желтоқсанында қорғауы, докторлық диссертациясы 1974 жылдың 7 ақпанында кеңейтілген мәжілісте талқылаудан өткенмен, 1976 жылдың 9 наурызында ғана қорғауы, 1989 жылы Ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелерін сайлау барысында көп дауыс алғанмен, корреспондент-мүше бола алмай қалуы... Тіпті кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекітуде де кедергілерге тап болған.
Зерттеуші Мәскеу, Ленинград қалаларынан оралған соң Ісмет Кеңесбаевқа С.Е.Маловтың ұсынысын айтады. Үш айдан кейін Ғылыми кеңесте диссертациясының тақырыбы «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» болып бекітіледі. Бірақ осы тақырыпқа да қарсы шыққандар табылыпты. Ғалым бұл жөнінде естелігінде қызықты етіп жазған.
Әлемге әйгілі ғалымдардан тәлім алған Телғожа Жанұзақ 1952-1980 жылдары Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында диалектологиялық және ономастикалық ғылыми экспедицияларға қатысады. 1987-1988 жылдары филология ғылымдарының кандидаты А.Әбдірахманов, кіші ғылыми қызметкерлер А.Мектепов, Ш.Рахимовтарға басшылық етіп, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарында ономастикалық ғылыми экспедицияда болып, жер-су, этноним, антропонимдерге қатысты материал жинақтайды. 1954 жылы А.Ысқақов, Ә.Ермеков, О.Құдышев, Ә.Хасеновтермен бірігіп «Қазақ тілінің орфографиялық ережесінің» жаңа нұсқасын жасап шығады.
50-60-жылдары «Орысша-қазақша тіл білімі терминдерiнiң сөздiгін», екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін», «Абай тілі сөздігін» құрастырушылардың қатарында болады. 70-80-жылдары 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» автор және алқа мүшесі ретінде қатысады. 1999 жылы «Қазақ тілінің сөздігі» атты көлемді еңбектің жалпы редакциясын басқарды.
1989 жылы Министрлер кеңесінің жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құруға атсалысып, кейін Мемлекеттік ономастика комиссиясының ғалым хатшысы болады. 1990 жылы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның ережесін жазып, академик Ә.Қайдармен бірге 1991 жылы Қазақ КСР-індегі Мемлекеттік және әкімшілік-территориялық бірліктердің атауларын реттеу, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің тұжырымдамасын, 1993 жылы «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеудің тұжырымдамасын» жазды. 1992-1998 жылдары Алматы қалалық әкімшілігіндегі ономастикалық комиссияның мүшесі, 1995-2002 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ ономастикасы бойынша ғылыми зерттеу жобаларының жетекшісі, 1998-2008 жылдары Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның мүшесі, «Халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылы» бағдарламасын өткізу бойынша Ғылым академиясы тарапынан құрылған комиссияның мүшесі, 2000-2005 жылдары Тілдерді дамыту, терминология және ономастика мәселелері жөніндегі сараптама тобының мүшесі болды.
Ғалымның 1961 жылғы «Қазақ тіліндегі кісі аттары» атты кандидаттық диссертациясы мен 1976 жылғы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясы – тіл білімінің классикалық еңбектері. 1991 жылы қазақ тiлi мен түркологияны дамытуға қосқан үлесі үшін «түркі тілдерінің профессоры» деген құрметті атақ берiлдi. Докторлық диссертациясына Мәскеу, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Башқұртстан ғалымдарынан келген пiкiрлер – отандық ғылымның абыройы деп білеміз.
Т.Жанұзақтың докторлық диссертациясына бірінші оппонент болған профессор А.Ысқақов: «Бұл жұмыс – түйіскен бірнеше ғылым саласының жетістігі. Мұны одақ көлемінде оқуға болады» десе, академик Ә.Марғұлан мен профессор Х.Арғынбаев: «Этнография мен тіл тарихының өзекті мәселесін қозғап, түркі, моңғол, тұңғыс қабаттарына бойлайды. Арғын, үйсін, абдал, албан, қаңлы, дулат, т.б. этнонимдерге тарихи-этимологиялық талдау жасайды» деп терең баға береді.
Тілші-ғалым Телғожа Жанұзақ – шебер аудармашы да. Ол орыс әдебиетiнiң классигі А.Куприннiң әңгiмелерiн, балалар жазушысы А.Гайдар мен В.Бианкидің шығармаларын қазақ тiлiне аударған. Ғалым 1959 жылы «Қазақ халық жұмбақтары» атты танымдық кітап та шығарған. Кітаптың алғысөзінде академик Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұмбақтарының жинақ болып, екiншi рет баспасөзде шығуы біздің әдебиетiмiз бен ғылымымызға қосылған құнды қазына екені даусыз. Еңбектiң осы басылуына лайықты қосылған жаңа жұмбақтарды және айтыс жұмбақтарды институттың ғылыми қызметкерi Телғожа Жанұзақов орындады», – деп жазған. Телғожа Жанұзақ 1964 жылы «Қазақ әдебиеті тарихы» ұжымдық еңбегінің – «Қазақ жұмбақтары», 1968 жылы профессор Н.С.Смирнованың тапсыруымен «История казахской литературы» атты монографияның «Казахские загадки» тарауларын жазды.
Телғожа Сейдінұлының ізденімпаздығына, қажымас қайратына тәнті болған ғалым, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов 1987 жылы Мәскеуден жолдаған бір хатында: «Көптен бері көре алмай, сағынған асыл інішек, Телеке! Ардақты халқымның «Інісі бардың тынысы бар» деген дана сөзі еске жаңаша қайта оралды. Хатыңыздан байқағаным, ерінбей көп творчестволық еңбек етіпсіз. Ол үшiн сiзге мың да бiр рахмет! Халық алдында толық жауапкершілік пен тиянақтылық қызмет атқару барлық адамда бола бермейді. Ізденіс, еңбекқорлық – тек нағыз ғалымға ғана тән қасиет. Қарт ағаңыздың шын тiлегi осы қасиет сiзге лайым Қыдырдай серік болсын» деп жазғаны мәлім.
Телғожа Жанұзақ қазақ тіл білімінде соны жол тауып, ономастиканың түрлі салалары бойынша ғылыми еңбектер жазумен қатар шәкірт даярлау ісіне де ерекше мән беріп келеді. Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық, 15 кандидаттық диссертация қорғалды. Ғалым 1979-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде, 1992-1995 жылдары Абай атындағы мемлекеттік университетте дәріс оқыды. Әр жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының диссертациялық кеңесінің мүшесі болғаны да ғылыми қауымның есінде.
Қазақ тіл біліміне, қазақ ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегі ескеріліп, профессор Телғожа Жанұзаққа 1984 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық, 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастыруға қатысып, редакциялық алқасында еңбек еткені үшін 1988 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Мұның сыртында да салалық, басқа да медаль, төсбелгілері бар. 2022 жылы Президент Жарлығымен ғылымдағы ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Ағайымыздың өмірлік серігі Нарима Ерғазиева апайымыз – филология ғылымының кандидаты, профессор. 100-ге тарта еңбектің, оның ішінде 14 ғылыми-әдістемелік оқу құралы мен 55 ғылыми мақаланың авторы. ҚазМУ-де, Білім министрлігінде, Алматы технология университетінде жауапты қызмет атқарған. Ғалымның «Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке» атты диссертациялық еңбегі осы салада жоғары бағаланады. Бүгінде ұлдарын ұяға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырған Телғожа ағайымыз бен Нарима апайымыз – тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Ғылым жолында да, өмір айдынында да бір-біріне серік, сүйеніш ғалымдар шаңырағына сүйсіне қарап, әріптестерімізге үлгі етеміз.
Орынай ЖҰБАЕВА,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторыМарат РЫСҚҰЛОВ,І.Жансүгіров атындағы ЖМУ докторанты