Ертіс-Баян фермерлері жеміс дақылдарына түсетін зиянкес жәндіктерден зардап шегіп отыр. Шаруалардың егіс алқаптарында жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен, қызанақ көбелегінен келген шығын 50 мың гектарға дейін жетеді. Қоңыр мәрмәр қандала және басқа да жаңадан пайда болған зиянкестер зор қауіп тудырады.
Аграрлық сектордың дамуы және жемістер мен көкөністерге сұраныстың артуы жағдайында зиянкестермен күресу үшін химиялық пестицидтерді интенсивті және бақылаусыз қолдану барған сайын артып келеді. Сонымен қатар жаһандық жылынумен бірге зиянды организмдердің түрлік құрамы да өзгеріп, жаңа аурулар пайда болып жатыр. Осыған орай, ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мамандары Павлодар облысының фермерлеріне өсімдік ауруымен күресудің заманауи әдістерін қолдануды үйрете бастады. Бұл қауіпті препараттарды қолдануды 60%-ға дейін азайтуға, оларды қауіптілігі төмен заттарға ауыстыруға, ал кейбір кезеңде тыңайтқыштардан толық бас тартуға мүмкіндік береді.
Павлодарда ФАО, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ГЭФ-тің «Орталық Азия мен Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және құрамында ТОЛ бар пестицидтерді жою» жобасы аясында ұйымдастырылған тренинг өтті. Оған Павлодар облысының фермерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҮЕҰ өкілдерін қосқанда 30-ға жуық адам қатысты.
Сарапшылар өсімдіктерді кешенді қорғау (IPM) туралы кеңінен баяндады. Бұл – қауіпті және карантиндік зиянкестердің таралуын бақылауда ұстауға, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және пестицидтерді тұтынуды азайтуға көмектесетін ФАО-ның бірегей құралы. IPM әдістері көптеген елде таза топырақты сақтау, биоәртүрлілікті және халықтың денсаулығын қорғау үшін кеңінен қолданылады. IPM тиімділігін көрсету үшін ФАО 2023 жылы елімізде алма бақтарында, қызанақ пен қырыққабатта сынақтар өткізген. Тәжірибе көрсеткендей, пестицидтерді қолданудың айтарлықтай азайғанына қарамастан, пестицидтер ескі әдіспен қолданылған орындармен салыстырғанда жақсы нәтижелерге жеткізген. Сонымен қатар шығындарды көбейтудің қажеті жоқ еді.
Мысалы, кәдімгі тәжірибе бір маусымда 20-дан астам пестицид қолдануды қажет етсе, ал IPM-де – тек 6, яғни экономикалық тиімділігі 80 пайыздан астам болды. Бұл орайда токсикологиялық бағалау топырақта да, жемістерде де химиялық заттардың ізінің жоқтығын көрсетті. Бұл өскен өнімнің «тазалығын» айғақтайды.
Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми зерттеу институты өсімдіктер карантині бөлімінің меңгерушісі Жанна Исинаның сөзінше, әлемнің көптеген елі өсімдікті қорғаудың экологиялық таза технологияларына белсенді түрде көшіп жатқанда, қазір елімізде өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін тек жоғары улы пестицидтермен өңдеу керек деген стереотип қалыптасқан.
«Бірақ бұл мүлдем қате көзқарас. Топырағымыз бен экологиямызды сақтау, қауіпсіз ауыл шаруашылығын дамыту үшін тыңайтқыштардың мөлшері мен өңдеу мерзімін оңтайландыру қажет. Ерекше қауіпті пестицидтерге балама таңдау да маңызды жайт, бұл қауіптілік класы 3-4 пестицидтерді, биофунгицидтер мен биоинсектицидтерді қолдануды қажет етеді», дейді ол.
Мамандар пестицидтердің бос контейнерлерін пайдалану мәселесі де аса өзекті дейді. Өкінішке қарай, көптеген өңірде мұндай қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесі әлі жоқ. Нәтижесінде, пестицидтерге арналған контейнерлер полигондарға түсіп, өртеніп кетеді. Пестицид қалдықтары төгіліп, топырақ пен су қоймаларына сіңіп, қоршаған ортаны ластайды. Шаруалар контейнерлерді күнделікті өмірде, әсіресе азық-түлік мақсатында пайдаланса, одан да қауіпті.
«Тәжірибе көрсеткендей, адамдар бос канистрлерді дұрыс жууды да білмейді. Көбіне олар мүлдем жуылмайды және пестицидтердің қалдықтарымен бірге кәдеге жаратуға жіберіледі. Ең сорақысы, әлгі контейнерлерді су немесе тағамды сақтау үшін пайдаланады. Пестицидтердің қалдықтарымен жанасу адамдарда улану және басқа да ауыр ауруларды тудыруы мүмкін. Контейнерлерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін үш рет шаю технологиясын қолдану керек. Зерттеуге сәйкес бірінші жуудан кейін пестицид қалдықтары бастапқы мөлшерден 1,4 пайызға, екіншісінен кейін 0,021 пайызға, ал үшіншіден соң 0,00035 пайызға дейін азаяды. Бұл үш рет жуу әдісі қауіпті заттардың мөлшерін айтарлықтай кемітіп, контейнерлерді кәдеге жаратуға мүмкіндік береді», деп атап өтті ФАО-ның пестицидтерге арналған контейнерлерді басқару жүйесі бойынша ұлттық кеңесшісі Әсел Шаханова.
Павлодар облысы