Журналистерді аккредиттеу тәртібі өзгереді. БАҚ өкілдерін іс-шараларға тіркеу қағидалары «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа тәртіпке қатысты түсініктеме берді.
Қаулы жобасы биылдың 1 тамызына дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр. Құжатқа сәйкес журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі бірыңғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ медиа платформада қазақ және орыс тілдерінде аккредиттеуді жүргізуге өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарландыру жүктеледі. БАҚ өкілдеріне уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аккредиттеу карталары беріледі.
– Жалпы аталған құжат жобасы қолданыстағы ережелермен салыстырғанда аса көп өзгермеген. Мысалы, аккредиттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда іске асады, – деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.
Министр журналистердің арасында ең көп сауал тудырған БАҚ өкілдері қандай талаптарды сақтауы керек деген Ереженің 10-тармағына тоқталды.
– Біріншіден, кез келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап, жариялай алады. Алайда журналиске бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды.
Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қатысы жоқ.
Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші (яғни іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған, деді ол.
Айта кетерлігі, АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың тәжірибесі көрсеткендей, белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады. Мысалы, Еуропарламенттегі БАҚ қызметін реттейтін Ережеде түсірілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленген.
– Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте Министрлік уәкілетті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидатын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламентті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады.
Бесіншіден, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режімдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі болып есептеледі. Қорытындылай келе, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мен журналистердің мәртебесін арттыру – әрқашан Министрлік қызметінің басты басымдығы екенін тағы да жеткізгім келеді, деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 маусымда «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған еді. Жаңа құжат 20 тамызда, кейбір нормалары 2025 жылдың 1 қаңтар айынан бастап күшіне енеді.