Башқұрт тілінде «төрк» деген қастерлі сөз бар. Қазақшасы – түрік. Орысша сөз қолданыста «турок», «тюрк» болып кете береді. Түрік тілдерінде 160 миллионнан астам адам сөйлейтінін еске алсаң, көңіліңді қуаныш кернейді. Қазіргі заманда ғалымдар түріктердің бүкіл адамзаттық өркениеттің басы болғанын айтып жүр. Өкініші – Түріктердің бүгінгі ұрпағы тамырдан алыстап кетті. Көбісі түрік сөзінің ішкі мағынасын түсіне бермейді. Алыс-жақын түрік халқына өздерінің бағзы бір түріктің ұрпағы екенін ұғындырсам, Түркістан түбірге сайсаң Түрікстан екенін жетесіне жеткізсем деп жүрген бір азамат – біздің қазақ досымыз Құлбек Ергөбек.
Қазақтың қабырғалы қаламгері Құлбек Ергөбек Түркістанды Түрікстан деп атайды. Өзінің 7 томдық мақалалар жинағын «Түрікстан жинағы» деп таңбалады. Біз де оған ден қойып, Түркістанды Түрік халықтары Меккесі деп танимыз, Түрікстан деп сағынышпен айтып жүреміз. Құлбек досымыздың шақыруымен қасиетті қалаға сапарлап барып, қайтқан соң «Ақидель» журналында солай деп жаздық та.
Құлбек досымыз – «Отырар кітапханасын» (2000 ж.) «тірілткен», Түрікстанда әлемдегі тұңғыш «Б.Кенжебайұлының түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ұйымдастырып ашқан үлкен меценат азамат. Досымыздың 20 жылдай күллі Түрік халықтарына қызмет етіп келе жатқан мәдени орталықтарын ашуын өзіміз көрегендік деп қараймыз. Көрмейсіз бе, Қазақстан Президенті Түрікстанға жаңа мәртебе бермек. Ал Құлбек өз қаржысына ұйымдастырып ашқан түрік халықтарына ортақ мәдени мекемелер қызметін бастағалы 20 жылдай уақыт. Осы 20 жылда Түрік халықтарына қызмет етіп келе жатқан мәдени орталықтардың қалыптасуына біз де өз үлесімізді қосудан танған емеспіз. Кітапханаға ұлы ақын Рәдиф Гаташ татар тіліндегі, профессор В.Я.Бутанаев хакас, Н.И.Васильев саха, біз башқұрт тіліндегі кітаптарды ұдайы жіберіп отырамыз. 24 түрік тіліндегі (Алтай – Тва тілдері аралығында) кітапхана солай қалыптаспаса, енді қалай қалыптаспақ?! Осының ішінен «Түрік халықтары өнер галереясының» тұсауын маған кестіргені үшін досымызға алғысым шексіз. Бір бұл ғана емес, Түрік халықтары әдебиетінің мәселелеріне арналған 7 томдық «Түрікстан жинағының» 7-томына маған Алғысөз жаздырғаны бар. Ол 7 томдықтың да тұсауын маған шештірді.
Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің әлгі аталған «Түрікстан жинағы» ол жазған, кітап етіп бастырған 70-ке тарта кітаптың бір парасы ғана. Ол сұмдық еңбекқор сыншы. Біз Түрік халықтарының ортақ байрақтары Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім айналасында жүріп таныстық. Шыңғыс Айтматов Брюссельден жазған хатында: «Қымбатты Құлбек! Сөз өнерінің қадір-қасиетін нәзік түйсініп, стильдік бояу-өрнегін айырып талдайтын Сенің тағы бір ерекше қасиетің – Сен бір өзіңнің туған әдебиетіңнің мәселесімен шектеліп қалған сыншы емессің, Орталық Азия әдебиетінің де асқан білгірісің», дейтіні бар емес пе?! Құлбек бір қазақ әдебиетінің ғана сыншысы емес, күллі түрік халықтары әдебиетінің білгір сыншысы. Бір башқұрт әдебиетінен Акмулла, Өтембаев, А.З.Вәлиди, М.Кәрім, К.Аралбаев, З.Бикбулатова және Мен жайында әр кезде толымды мақала жазған. Акмулла мен Өтембаев ХІХ ғасырда жасаған башқұрт әдебиеті тарихының өкілдері, Вәлиди – түрік халықтары тарихының ұлы зерттеушісі, тарихшы, Мұстай аға мен Кәзімді үздік поэзия өкілі дейік, Мен балалар ақынымын. Сонда, башқорт әдебиетінің арғы тарихы мен бүгінгі өкілдерін жете біліп отырған жоқ па, сыншы досымыз?
Бір башқұрт қана емес, түрік халықтарының ортақ мақтанышына айналып өткен Мұстай (Мұстафа Сәфич Каримов) аға Құлбекті жақсы көріп, ол жайында сүйіспеншілікпен әңгімелейтін. Башқұрт әдебиеті сыншыларына үлгі ететін. Мұстай Кәрім жақсы көрген Құлбекті біз неге жек көрейік? Біз осылай достасып кетіп едік.
Құлбектің бар кітабы менде бар. Біз кеңестік кезеңнің кітап алмасып оқу дәстүрін жалғастырып келеміз. Қазақ халқын аға тұтатын біз, М.Әуезові бар қазақ әдебиетін де ұлы тұтамыз. Кезінде қырғыз Шыңғыс Айтматовты, татар Мұса Жәлилді, біздің Мұстай Кәрімді – КСРО-ның төріндегі сыйлықтарды алуына себепкер болған Әуезовті ұмыту әсте мүмкін бе? М.Әуезовтің «Абай» романын тығырықтан алып шығатын баспагер Бейсембай Кенжебаевтың ерлігін де Құлбектің еңбегінен оқып білдім. Өз басым қазақ әдебиетінің, оның ішінде балалар әдебиетінің аяқ алысын Құлбек Ергөбек еңбектері арқылы қапысыз бақылап отырамын. Дүниедегі тұңғыш түркологиялық музейдің ашылу рәсімінде түрколог ғалым шәкірті М.Жолдасбеков пен оның досы Махмуд Ғайнуллиннің шәкірті Хатип Миңнегулов лентасын кесіп тұрғанда, өз басым баспагердің «Абай» романын тығырықта тоқтап тұрған жерінен жарыққа шығарып жіберетін қайсарлығын есіме алып толқыдым. «Абай» кейін Мемлекеттік, Лениндік сыйлық алатын «Абай жолы» эпопеясының алтын бастауы ғой. Мәселе осында! Дүние көзіндегі тұңғыш аталатын түріктану музейін өз қаражатына ұйымдастырып ашқан тағы да Құлбек.
Әңгімені Түрік халықтары – Меккесінде туған Түріктану музейі, Түрік тілдес халықтар кітапханасы, Түрік халықтары өнер галереясынан бастап кеттік білем. Оның өзіндік себебі бар. Біріншіден, ешбір халықта, ешбір ұлтта өз халқына осыншалық мәдени-ғылыми ошақ ашып берген бірде-бір жазушы жоқ. Түріктану музейі, Түрік тілдес халықтар кітапханасы, Түрік халықтары өнер галереясы... Қосарлап, топтап айтпай-ақ қоялық. Осының бірін ғана жасаған жазушы бар ма бізде? Жоқ. Музейдің жөні тіпті бөлек. Түрік халықтары әдебиетінде ұстазына арнап өз қаражатына музей жасаған, экспозициялаған екінші бір қаламгер бар ма? Жоқ қой. Құлбек досымыздың өнебойы толы өнегелі іс! Өз басым солай қабылдаймын. Ең бастысы, бұл – бір қазақ еліне жасалып отырған игілік емес, түрік ұлт-ұлыстарының бәріне жасалып отырған ұлтты марқайтар ұлан-асыр қызмет емес пе? «Отырар кітапханасын» «тірілтуін» тіпті кісі таңғалар ғажайып деп білемін.
Осының баршасынан кейін Құлбек досымызды қаламгер ғана емес, қайраткер деп мойындаймын. Түріктану музейінің лентасын қиып тұрып, М.Жолдасбековтің айтқаны бар: «Біздің Құлбек біз мемлекет болып, қоғам болып Астанада аша алмай жүрген түрік халықтарына ортақ қазына-байлықты Түркістанда қарызданып, қауғаланып жүріп, жасап тастапты ғой... Әкім бала, неге Құлбекке жәрдем бермейсіңдер?». Бұл – ұлылық! Міне, Құлбектің шын бағасы! Сосын ғой Менің «Құлбек деген ерің» деп арнау өлең жазып жүргенім.
Екіншіден, Құлбек Ергөбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабы «Түрік тілдес халықтар кітапханасының» ішінде жазылған кітап. Олай ойлайтын себебім – «Йәйғор» (Өфе, 2003) аталатын балаларға арналған жыр жинағымды «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» сыйға тартқанмын. Өзіме ыстық жинақ болатын. Балаларға арналған қазақ ақындары тақпақтарын талдай келіп, әлгі жинақтан Менің: «Ақтан ақ нимә ақ? Яңы ғына қаймақ, Актан тағы ни бар? Яуып торған ақ қар. Ап-ақ қағыз алдым, Ак сәламдар яззым, Бына хатым әзар,Ак юл уга хәзер» (8 бет) секілді ақ бояуға құрылған өлеңдерімді ақ ниетпен танып талдапты. Бала бойына ақ нұр құюда башқұрт ақыны табысты деп жазыпты. Бала көңілінің ақтығы мен ақ түсті құбылысты өзара сабақтастырып, құбылтып ойната білгенімді жоғары бағалапты. Сол секілді татар әріптесіміз Рафис Корбанның «Шигырьләре» (Казан, 2013) поэзия жинағынан Қоянды кейіпкер етіп алып, балаларға татымды тақпақ жазғанын да қазақ ақындарымен салыстыра сәтті талдап шығыпты. Татар балалар әдебиетінің классигі Рәфис Корбан жинағын да сыншы өзі жылдар бойы жинастырып қалыптастырған «Түрік тілдес халықтар кітапханасынан» алғанына күмәнім жоқ. Өйткені мысалға алып отырған жинақтарды бәріміз де «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» тапсырған болатынбыз. Біз Рәфис екеуміздің жинақтарымыз ғана емес, өзбек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, шуаш, шор, тва, хакас балалар ақындары мысалдарын сол өзі ұйымдастырған кітапханадан тапқанына күмәнім жоқ. Түрік халықтары меккесінде «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» секілді игіліктерді жасаған Құлбек. Түрік халықтары меккесінде жасалған мәдени ошақтарға жинақталған рухани игіліктерді тиімді пайдаланып, «Адамның бір қызығы бала деген...» – түрік халықтары балалар әдебиеті жайында сын кітабын жазған Құлбек! Бүгінде «Түрік тілдес халықтар кітапханасының» ішінен бөліп алып, жеке жинақтап, әрі қарай дамытып «Түрік тілдес халықтары балалар кітапханасын» жасақтауды бастаған мәдениет меценатымыз да Құлбек Ергөбек! Ташкент барып, Республика Президенті Шавкат Мирзеевтің Ұлттық паркті – Өзбек жазушыларына беріп, ішінен Жазушылар одағының үш қабатты ғимаратын, Әдеби музейін салдырып берген, «Жазушылар паркі» ішіне Әлішер Науаиден бастап, ұлы жазушыларының кісі бойы сан құбылған ескерткіштерін қондырғанын көріп, Түрік халықтары меккесінде (Түркістанда.Ауд.) – «Түрік халықтары жазушыларының саябағын» ашамын, саябақ ішіне Түрік халықтары жазушыларына сирек тұқымды тал тіктіріп, түрлі республикалардағы Жазушылық қор арқылы, саябақ ішіне Түріктің әрбір ұлтының ұлттық мақтанышты жазушысының кісі бойы ескерткішін қойдырам» деп дабыл қағып жүрген жампозыңыз тағы да – біздің қайраткер қандас қаламдасымыз – Құлбек Ергөбек!
Тап осы Құлбекше «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» жасақтап, ол кітапханаға жинақталған түрік халықтарының әр буын қаламгерлері кітаптарын пайдаланып, түрік халықтары балалар әдебиеті мысалында «Адамның бір қызығы бала деген...» секілді – түрік халықтары балалар әдебиетін ортақ проблемалар жүйесіне құрып, арнайы әдеби сын кітабын жазып шыққан тағы бір қаламгерді біз әзірге білмейміз. Құлбек Түріктану музейін экспозициялауда, Түрік тілдес халықтар кітапханасын жинақтауда, Түрік халықтары Өнер галереясын жасақтауда – түрік халықтары жазушылары арасында жалғыз. Түрік республикаларының әрқайсысында жасақталса құп жарасып кетер мәдени ошақтар да әзірге жалғыз-жалғыздан. Ол – жалғызды жасаушы жалғыз – тағы да қазақ әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек. Өзі жинақтап, жасақтаған мәдени құндылықтарды пайдалана отырып «Адамның бір қызығы бала деген...» секілді күллі түрік халықтары балалар әдебиетінің арғы-бергісін өзара салыстырып, талдап кітап жазған жалғызымыз тағы да Құлбек Ергөбек! Бұл өзі бір сәтімен туған кешенді еңбек. Кітапхана құрады. Өзі құрған кітапханада отырып алуан тілде түскен балалар әдебиеті өнімдерін тақырыптық жүйемен оқиды. Оқыған кітаптарын балалар әдебиеті тақырыбына топтап, өзегіне проблема өріп, түрік халықтары балалар әдебиеті жайында өз кітабын туғызады. Ғажап! Олай болса, Құлбек – әлеуметтік психологияда айта беретін «көпке ұмтылған жалғыз». Оның еңбегінің жаңашылдығы да осында.
Құлбектің қаламынан туған түрік халықтары балалар әдебиеті жайындағы кітапты өзбек достары аударып, өз тілінде оқиды. Башқұрттар – біз де аудару үстіндеміз. Өйткені Құлбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы тек қазақ балалар әдебиетімен шектеліп қалған еңбек емес, ол әрі өзбек, башқұрт, татар, т.б. түрік халықтары балалар әдебиеті жайында сын кітабы. Ол кітаптан мен өзімді ғана тапқан жоқпын. Қазақ Б.Соқпақбаев, қырғыз Ш.Бейшенәлиев, түрікмен К.Таныгуркулов, өзбек Н.Фазылов, татар Р.Корбанды таптым. Шебер жасалған шығармашылық портреттері арқылы қайта табыстым олармен. Олар шын мәнінде түрік халықтары балалар әдебиетінің классиктері еді.
Ирактық түрколог профессор МаҺир Накип фейсбукта (18.07.2024) «Құлбек дегеніміз – кітап, кітап дегеніміз – Құлбек» деп жұмбақ сүйсіністі сөз жазды. Астарын ашып, қыртысын жазып оқыр болсақ, Құлбектің осы досының айтқаны айдай ақиқат. Жинақтағанын, жазғанын есепке алсақ, Құлбек дегеніміз – бір кітап қана емес, бірегей кітапхана. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған еңбегі – бір әдебиет сыншысы ғана жасайтын емес, бір институт жасады десе жарасар ерен еңбек. Түрік халықтары меккесінде туған ерен еңбек «Адамның бір қызығы бала деген...» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты, қазақ әдебиетіндегі, тіпті түрік халықтары әдебиетіндегі ерекше құбылыс.
Гүлфия ЮНЫСОВА, Башқұртстанның халық ақыны,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты