Еліміз 2029 жылға таман 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартуды мақсат тұтып отырғаны белгілі. Президент тапсырмасымен осы маңызды мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық цикл іске қосылды. Алда аса маңызды бес жыл тұр. Осы орайда сырттан инвестор тарту ісін белсенді атқару, инвестициялық климатты жақсарту, сәйкесінше ол үшін заң мен тәртіпті жүйелеу, Мемлекет басшысы айтқан инвесторды қолдауға тиісті «Бір терезе» қағидатын әділ жүргізу аса маңызды. Бұл орайда бізде біршама табыс та бар, олқылық та жоқ емес. Осы ретте шетелдік инвестиция тарту мәселесіне тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдерін бір үстел басына жинап, салаға қатысты өзекті сауалдардың жауабын іздеп көрдік.
«Egemen Qazaqstan»:
«– Дәл қазіргі сәтте инвестициялық ахуал қалай?» деген сауалға жауап беруден бастасақ.
Марат Есенов,
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары:
– Үкімет бұл салада қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Еліміздің Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттерімен көрші орналасуы инвесторлардың Қазақстанда өндіріс ашып, өз тауарларын шығарып, экспорттауына үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген компанияларды тартып, салаға қатысты тиімді жұмыстар жүргізуге болады. Былтырдың өзінде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 23,4 млрд доллар болды. Экономикамызда дәстүрлі түрде мұнай-газ, тау-кен, металлургия жетекші орын алса, қазір өңдеу өнеркәсібіне назар аударылып жатыр. Әдетте «Қазақстанда қандай перспективалық бағыттар бар?» деген сұрақ туындайды. Бұл жерде 3 бағытты айта аламыз: «жасыл» энергетика секторы, сирек кездесетін жерасты металдары және ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстар. Энергетика саласы бойынша оңтүстік облыстарда күн сәулесі панельдерін орналастыру, жел электр стансаларын салуға қатысты бірқатар жоба бар. Кейінгі 3-4 жылда жел электр стансаларын салу үшін оның арнайы жабдықтарын Қытай мен Ресейден алып келеміз. Бұл – 1 млрд теңгеге жуық импортталған зат. Енді мұндай қажетті құралдарды өз елімізде шығару қолға алынып жатыр.
Былтырдың өзінде шетелдік инвесторларға қатысты 4 жоба енгізілді. Оларға Үкімет тарапынан айрықша қолдау көрсетіледі. Жалпы, инвестициялық келісімшарт аясында Инвестиция комитетінде жылына 40-тан аса жоба жасалады. Қазірдің өзінде 10 жобаға қатысты өтініш қаралып жатыр. Олардың барлығы түрлі саланы қамтиды. Инвестиция құятын адам қандай да бір тәуекелдерді назарға алады. Мен мынадай қаражат саламын, ертеңгі күні шығарған өніміміз нарықта сатыла ма, жоқ па, бәсекелестік жағы қалай болады деген нысаналы ойларды алға қояды. Келген инвесторға заңды түрде 25 жылға салық жеңілдіктері сақталады. Мұнда жерге қатысты, өзге де мәселелерге қатысты көп жеңілдіктер қарастырылады. Бұл жердегі жұмыстар әр салаға инвестиция құйып отырған кәсіпкерлердің сол сала бойынша тиісті министрліктердің келісімі арқылы жүзеге асады. Бірақ бұл үдеріс ұзаққа созылады. Себебі жоба түрлі сараптамадан өтеді.
«Egemen Qazaqstan»:
– Осыдан біраз уақыт бұрын ұлттық цифрлық инвеститциялық платформаны іске қосу туралы да айтылды. Платформа қандай артықшылықтар сыйлайды?
Рауан Аташбеков,
ҰЭМ Инвестициялық саясат басқармасының басшысы:
– Платформаны іске қосу арқылы бизнестегі барлық үдерісті цифрландырамыз. Яғни рұқсат алуды автоматтандыру, бизнеске қатысты инфрақұрылым мен жер учаскелерін анықтау туралы ақпаратқа дер кезінде қолжеткізу деген секілді. Бұл бүкіл инвестициялық жобаның басынан бастап, іске қосылғанға дейінгі жұмыстарды көрсетіп отырады. Сондай-ақ ол кез келген жобаны сүйемелдеген кезде туындаған мәселелерді де тез арада шешуге көмектеседі. Демек, цифрлы платформа – ашық және жедел түрде бизнеске қолдау көрсететін жоба.
«Egemen Qazaqstan»:
– Аталған платформа енді іске қосыла ма?
Бауыржан Тұяқов,
Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің атташесі:
– Цифрлық платформа өндірістік жағдайда іске қосылды. Биыл 18 мамырда Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің алдында таныстыру болды. Сол платформаның барысында барлық мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, «Жол картасы» негізінде 704 жоба енгізіліп отыр. Кез келген басшы мемлекет деңгейінде қай өңірде қандай жобаның түйткілді мәселесі бар, соны осы платформа арқылы көре алады. Платформа тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жерде мәселелердің деңгейіне қарай «қызыл», «сары» және «жасыл» түсті бағдаршам болады, сол негізде жауапты қызметкермен байланысып, неліктен бұл жобалардың іске аспай тұрғанына қатысты жауап ала алады. Жалпы, бұл ұлттық цифрлық инвестициялық платформа ғана емес, басқа механизмдер сәтті түрде іске асып жатыр. Жыл басынан бері түрлі шаралар өткізілді. Бір ғана статистиканы айтар болсақ, 1 сәуір мен 1 шілде аралығында инвестицияға қатысты 6 отырыс өтті. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының төрағалығымен құны 15 млрд теңгеден асатын 29 инвестициялық жоба бойынша нақты шешімдер қабылданды. Мұндағы негізгі тетік – инвестициялық бағыттағы жұмыстарды күшейту. Әлгінде айтып кеткен меже үш деңгейлі бағытта жұмыс істейді. Орталық мемлекеттік органдар ғана емес, елшіліктер мен өңірдегі басшылықпен бірге жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Инвестиция тартуға тапсырыс беру тетігі де әр өңірдің ерекшелігіне сай, сондай-ақ бизнес қауымдастықтардың сұранысына сәйкес жүреді. Мұнда салаға қатысты басым бағыттар анықталып, олар біздің елшіліктерге, орталықтарға жолданып, осыған қатысты әрекеттер өз деңгейінде басталып кетті.
«Egemen Qazaqstan»:
– Сарапшылардың пікірінше, қандай да бір инвестициялық жобаның құны анықталғанда біздің ел ол жобаның құнын жоғары қояды екен. Сосын инвесторлар қымбат жобадан бас тартады. Дәл сондай жобаны көршілес Өзбекстан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінде одан әлдеқайда арзан сомаға істеп жатыр деген пікірлер бар. Бұл қаншалықты рас? Сонымен қатар еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов бір сөзінде өңірлердің басым бөлігінде шетелдік инвесторларға қатысты жергілікті билік тарапынан қысым көрсету, тағы басқа заңсыздықтар болатынын ашық айтты. Бұған қатысты қандай ой айтасыздар?
Сұлтан Өтебеков,
Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басқарма аға прокуроры:
– 2023 жылдың сәуір айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторларды қолдауға қатысты бастама көтерілді. Бұл – біз үшін тың мәселе, өйткені бұрын-соңды прокурорлар инвестицияға қатысты жұмыстармен айналыспаған. Ал әлгінде өзіңіз айтқан олқылықтар көбейген соң аталған жобаларға қатысты және өзіміздің отандық инвесторлардың арыз-шағымының көбейгені Президентті алаңдатып, бұған қатысты прокуратура органдарын тартуға себеп болды. Бір жыл ішінде көптеген құқық бұзушылық анықталды. Біздің орган өңірлер бойынша 350 инвестордың құқығын қорғады. Бұл жерде жергілікті құқық қорғау органдары, әкімдік, тіпті министрлік тарапынан да қысым байқалған. Айта кетейін, қазір кез келген инвестор үшін өзекті мәселе – жер учаскесін алу. Себебі жобасын жүзеге асыру үшін жер алып, құрылыс салуы қажет. Мысалы, Ақмола облысында бір шетелдік инвестор белгісіз бір себептермен 3 жыл бойы жер учаскесін ала алмаған. Ал жобасының құны – 62 млрд теңге. Прокурорлардың араласуымен созбалаңға салынған іс шешімін тауып, инвестор жер учаскесіне қол жеткізді. Қазір жоба жүзеге аса бастады. Келесі бір мысал Қызылорда облысындағы инвесторға қатысты. Сомасы 390 млн долларды құрайтын үлкен жобасы бар инвестордың жер учаскесіне қатысты мәселесі шешілмей, 6 ай бойы сергелдеңге түскен. Ол да прокуратураның араласуынан кейін 1 жарым айдан соң жер учаскесін алып, өз жұмысын бастап кетті. Жалпы, 50 млн доллардан асатын қаржыны құюға ниеттілердің саны көп емес әрі шектеулі. Екіншіден, бізде қарастырылып жатқан, сүйемелдеуге жататын 700-ден астам инвестициялық жоба бар. Өздеріңіз білетіндей, біздің елімізге келген шетелдік инвестордың алдынан шығатын тағы бір мәселе – мемлекеттік бюрократия. Одан соң инвесторды әуреге салып, әр мекемеге жүгірту. Түсіндірме жұмыстары да дұрыс жүргізілмейді. Шындығы сол, инвесторларға деген көмек әлі де кем. Қарапайым мысал айтайын, кез келген инвестор жобасын жүзеге асыру үшін жергілікті атқару органынан рұқсат қағазын сұрайды. Ал ондағылар бірден рұқсат берілмейді деген сырғытпа жауап қағазын қолына ұстата қояды. Бірақ не себепті рұқсат берілмейді, белгілі бір жөн-жосығы ашып айтылмайды немесе заң талаптары негізінде түсіндірілмейді. Тағы бір мысал, біздің елде бір жобаның құрылысын бастауға, рұқсат қағазын алуға, жер учаскесіне алуға қажетті 30-40 құжатты жинауға 1,5-2 жылдай уақыт кетеді екен. Осының бәрі Мемлекет басшысы ұстанып отырған экономиканы инвестиция арқылы дамыту тапсырмасын орындауға айтарлықтай кедергі.
«Egemen Qazaqstan»:
– Сіздер осындай жағдайлар барысында кризис-менеджер ретінде жұмыс істеп келдіңіздер. Енді іске ұдайы осы позициядан араласу жалғаса бермейтін шығар? Яғни белгілі бір тәртіп қалыптастырып, бюрократияны жою амалдары іске асырыла ма?
Сұлтан Өтебеков:
– Иә, сұрағыңыз орынды. Кейінгі бір жылда біз белгілі бір құқық бұзушылық болса, соны жоюмен айналыстық. Қазіргі таңда біз келесі кезеңге көштік, бұл жерде ендігі жұмыс – құқық бұзушылықтың алдын алу. Бізде «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» деген жоба бар. Оның ерекшелігі – кез келген инвесторға қатысты белгілі бір құжатты немесе инвестордың қызметіне нұқсан келетін белгілі бір шектеу шараларын қабылдау алдында барлық мемлекеттік органдар прокуратурамен келіседі. Яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болса, рұқсат құжатын тартып алатын болса, қызметін тоқтататын болса, бірінші кезеңде бізге жүгінеді. Ал бюрократияны азайту үшін бізде «Жасыл дәліз» жобасы Үкіметпен бірге жүзеге асырылып жатыр. Мұнда ірі инвесторларға қатысты барлық құжат түрлерін қысқа мерзімде реттеу мәселесі қарастырылады.
«Egemen Qazaqstan»:
– Ал инвесторға қатысты құқық бұзушылыққа жол берген мемлекеттік жауапты органдар қандай да бір жауапкершілікке тартылып жатыр ма?
Сұлтан Өтебеков:
– Әрине, бір жыл ішінде 350 инвестор жобасына қатысты жергілікті әкімдіктерден бастап, басқа да жоғары қызметтегі 84 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде соңғы екі айды алсақ, мысалы, мұндай шаралар негізінде Денсаулық сақтау вице-министрі жұмыстан босатылды. Президенттің былтырғы 4 желтоқсандағы «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығынан соң инвестициялық штабтың деңгейі жоғарылап, қосымша уәкілеттіліктер берілді. Штабтың ерекшелігі – тапсырманы орындамаған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Тіпті қызметтен босатуға дейінгі шаралар да қамтылады.
«Egemen Qazaqstan»:
– Жиынымызға Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков те қатысып отыр. Қайырбек мырза, елдегі инвестициялық саясатқа көңіліңіз тола ма? Қандай кем-кетік бар? Мемлекеттік органдардың салаға қатысты жұмысы қаншалықты дұрыс қалыптасқан?
Қайырбек Арыстанбеков,
Экономикалық саясат институтының директоры:
– Бізде макроэкономикалық саясат тұрғысынан теңгерімсіздік пайда болып отыр. Соның құрбаны болып барамыз. Бұл мәселе, өкінішке қарай, жеткілікті айтылмай отыр. Рас, біз елге шетелдік инвесторларды тартып жатырмыз. Менің алдымда сөйлеген азаматтардың сөзіне сенсек, оларға жағдай жасау мәселесі де қарастырылып жатыр. Жақсы, бірақ кейінгі 10 жылда төлем балансының көрсеткіші, бухгалтерлік есеп бойынша табыстар тең бөлінбейді. Елге кіріп, бізде жұмыс істеген шетелдік инвесторлардың тапқан табысы бір жыл ішінде сыртқа кетіп жатыр. Оның айырмашылығы мен айтқан баланстан белгілі. Соңғы 20 жылда бізде бірде-бір профицит болмаған екен. Яғни елден табыс көптеп кетіп жатыр деген сөз. Ал енді үздік дамыған елдердің тәжірибесіне назар салсақ, осы табыс балансын тең қарастырады. Бізде мұндай тәртіп әлі жолға қойылмады. Бертіндегі 10 жылдың өзінде қанша табыстан ұтылдық? Теңгемен емес, доллармен айтайын, жыл сайын 24 млрд доллардан ұтылыппыз. Ал бізге шетелден не кіріп жатыр? Тек Ұлттық қорға түсетін шамамен 1-1,5 млрд долларды ғана айта аламыз. Сол ғана кем-кетігімізді толтырып отыр. Міне, ең бастысы, осы мәселені тезірек қолға алу керек. Маман ретінде менің ұсынысым мынадай: шетелдік инвесторларды тарту, әкелумен қатар ұлттық инвесторларды да шетелге шығаруды ұмытпау керек. Менің ойым – шетелдік тәжірибе негізінде бізге сыртқы экономикалық барлау қызметін қосу қажет. Шет мемлекеттер солай істеп отыр. Тіпті бізге келіп жатқан инвесторлардың да өз барлау қызметі бар. Бізге де осыны қалыптастыру маңызды. Расы сол, біздегі жағдай мүлде басқа. Соңғы 30 жылда шетелге барған капитал ұрланып жатыр. Әлемдік стандарт бойынша, ақша шетелге шыққан соң ол не зауыт, не құнды қағаз, қандай да бір капиталға айналып, бір жыл ішінде Қазақстанға пайда әкелуі қажет еді. Сол жағы бойынша бізде кемшін түсіп жатыр.
«Egemen Qazaqstan»:
– Бұдан өзге қандай мәселе бар?
Қайырбек Арыстанбеков:
– Бұл – бірінші мәселе. Екіншісі – кейінгі 10 жылда кәсіпкерлікті шағын, орта және ірі бизнес деп бөлдік. Кәсіпкерлік Кодексінде де инвестициялық мәселелер көзделген. Бұл жерде ел экономикасының қауіпсіздігіне зиян келтіретін факторлар пайда болды. Мысалы, біз орта бизнесті жоғалтып алдық. Айтайын дегенім, шетелдік инвестицияны ойлай бермей, отандық инвесторларды да ойлауымыз қажет. Санамызда «бізді құтқаратын шетелдік инвесторлар» деген ой әбден бекіп алған. Жоқ, әріптестер, инвестициялық баланс, яғни ақша құюды қарасақ, салымның 70%ы отандық инвесторларға тиесілі. Сондықтан орта бизнесті аяққа тұрғызу қажет. Бұл жерде Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер енгізу маңызды болмақ. Онда көрсетілген әр бизнестің бөлінісі, ондағы жұмыс күші мен өнім шығарудағы үлесі туралы критерийлерді қайта қарастырған жөн. Ал қазіргі құжатпен кете берсек даму болмайды. Қазірдің өзінде қолда бар орта бизнес өкілдері шағын бизнеске қашып жатыр. Неге? Салық төлемеу үшін. Сол мәселемен олар өздерінің бизнесін 3-4 шағын бизнеске бөліп, салық төлеуде аз қаржы жұмсап отыр. Бірақ жұмысы жүріп жатыр. Ал олардың құрылымын қайта біріктірсе, ол негізінде орта бизнеске жатады. Бұл жерде Салық кодексін қайта қарастыру мәселесі қатар туындайды. Сондықтан алдымен азаматтарға шағын бизнеске келуге көмектесу, одан кейінгі кезеңде оларды орта бизнеске ынталандыратын тетік қалыптастыру қажет. Бізде осы мәселеде кемшілік көп. Бизнестегі байланыс шынжыры үзіліп қалған.
«Egemen Qazaqstan»:
– Бұған қатысты «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілі қандай ой айтады?
Марат Есенов:
– Мысалы, үлкен жоба – Қызылордадағы шыны зауытын алайық. Ол расымен үлкен жоба және жанынан шағын бизнеске қатысты 8 кластер жоспарланып жатыр. Оның ішінде автокөлікке әйнек шығару, тағы басқа өнімдерді өндіру бар. Мұндай жобалар Қостанайдағы автомобиль құрастыру зауыты жанында да қарастырылған. Бұл жерде автоөндіріске қажетті, шағын бизнестің қолынан келетін өнім шығару бағытында ұсыныстар жеткілікті. Жалпы, мұндай мәселенің шешімі лезде табылмайды. Сіз айтып отырған орта бизнестің дамымау себебі – біз айтып отырған тәуекелділікке кеп тіреледі. Шығарған зат ертең бәсекеге сай бола ма деген мәселе. Дәл сондай өнімнің көрші елдермен салыстырған бағадағы айырмашылығы салаға өз әсерін тигізіп жатады.
Қайырбек Арыстанбеков:
– Менде бір ұсыныс бар. Біздегі даму институттарында 100-ге жуық салыққа немесе субсидияға қатысты түрлі қолдау пакеті бар. Соны шағын, орта және ірі бизнеске бөліп тастау қажет. Шағын бизнеске келген адамды белгілі бір қолдау, мысалы, 20 қолдау пакеті күтіп отыруы керек. Ол адам шағыннан орта бизнеске ауысқанда да Үкімет оған 50 қолдау пакетін берсе, оның ісі сөзсіз алға басады. Ал ортадан кейін өз бизнесін нығайтқан адам ірі кәсіпкерлікке ауысатыны белгілі. Міне, осы жерде қалған 30-ға жуық қолдау пакетімен демеу берілсе, ел экономикасына үлес қосатын бизнес өкілдері көптеп шығар еді.
«Egemen Qazaqstan»:
– Осы жиынға кәсіпкер, жиһаз өндірісімен айналысатын «Shosa» ЖШС директоры Саян Сәдуақасов келіп отыр. Ол кісінің пікірін де тыңдасақ.
Саян Сәдуақасов,
«Shosa» жшс директоры:
– Біз полипропиленнен жиһаз фурнитураларын жасап шығарып, ел ішінде сатып жатырмыз. Арагідік Ресейге де экспорттаймыз. Негізінен Түмен, Новосібір, Омбы қалаларына сатамыз. Бірақ осы кәсіпті жүргізу барысында көптеген келеңсіздікке тап болатынымыз жасырын емес. Кішкентай кәсіпкер болған соң салықтан жалтарамыз. Сол себепті, құжат жағы да кемшін түсіп жатады. Несие алайық десек, тек кепілсіз қымбат несие ғана ала аламыз. Арзан кредит алу үшін бизнес-жоспар, бухгалтерлік есептілік керек. Тығырыққа тіреліп қалғандықтан, даму да болмайды.
«Egemen Qazaqstan»:
– Мұндай жағдайда арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрамына қосылған оңды болатын шығар?
Саян Сәдуақасов:
– Әкімдікпен сөйлесіп едік, АЭА құрамына тек 2027 жылдан бастап кіруге болады деді. Ондай алаңға қадам басудың да өз кезегі болады екен. Тапқан табысымызбен «Даму» арқылы алған кредитімізді, жалға алу шығынын жауып жатырмыз. Ресейден бөлек, Беларусь пен Грузия да біздің өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Мұндайда «QazTrade», «KazakhExport» көмектесеміз дейді, бірақ олар көмектесу үшін де құжатымыз тура болуы керек. Біз ол жағынан аздап ұяттымыз.
Қайырбек Арыстанбеков:
– Саян 100 мың теңге айлық берсе, соның 38 мыңы аударымдарға кетеді. Сонда қолма-қол жалақыға 60 мың теңге қалады. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге Салық кодексіндегі осы мәселені реттеу керек. Не болмаса барлығын бір әлеуметтік төлемге біріктірген дұрыс. Дәл қазіргі кедергілер шағын және орта бизнес басшыларының жалақы төлеуіне мұрша бермейді.
«Egemen Qazaqstan»:
– Осы ретте «ASTANA INVEST» Арнайы экономикалық аймақ жобаларын жүзеге асыру департаментінің директоры Алмат Әлімбай мырзаға сауал қоюдың реті келген сияқты. Қазіргі уақытта АЭА инвестициялық портфелі қалай қалыптасып отыр? Спикерлер айтып отырған қиындықтар сіздерде де көрініс тауып жатыр ма?
Алмат Әлімбай,
«ASTANA INVEST» Арнайы экономикалық аймақ жобаларын жүзеге асыру департаментінің директоры:
– Қазір елордада екі арнайы экономикалық аймақ бар. Бірі – «Астана – жаңа қала», екіншісі – «Астана-Технополис». №1 Индустриялық парк 99 пайызға толды. Екіншісін салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның аумағы – 409 гектар. Қазір қалада қандай кәсіпті дамыту керек, өнеркәсіптің қай түрі сұранысқа ие деген сұрақтар негізінде талдау жасап, №2 Индустриялық паркті кластерге бөліп, алдағы уақытта солай бермекшіміз. Ол паркке инвесторларды 2027 жылдан бастап орналастыру қарастырылып отыр. Заң бойынша индустриялық аймақ толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек. Инфрақұрылым – өте қымбат дүние, оны жасау және жеткізіп беру оңайға түспейді. Инвесторлар шағымының 60-70 пайызы да осы инфрақұрылым проблемасымен байланысты. Қазір №2 Индустриялық парктің инфрақұрылымын есептеп, мемлекеттік сараптамаға кіргізіп жатырмыз. 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында инфрақұрылымды жүргізіп, 2026 жылы дайын етеміз деген жоспарымыз бар. Сонымен бірге лого парктер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни бір аймақта логистикалық орталық жасау керек. Әр тауардың бағасы логистикаға тікелей байланысты. Бизнеске жағдай жасайтын болсақ, ол күнделікті ішіп-жейтін тағамымыздың, тұтынатын тауарымыздың бағасына тікелей әсер етеді. Сол мақсаттағы лого парктер жобасын да 2027 жылы іске қосамыз деп ойлаймыз.
«Egemen Qazaqstan»:
– №1 Индустриялық парктегі ұлттық инвесторлар мен шетелдік инвесторлардың ара салмағы қандай?
Алмат Әлімбай:
– «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейміз және инвесторларды отандық, шетелдік деп бөліп жатпаймыз. Шетелдік инвесторлар әрине, баршылық. Бірақ тиісті инфрақұрылым тапшылығынан біз оларға жер телімдерін ұсына алмай отырмыз.
Марат Есенов:
– Қазір бізде 704 жоба мониторингте тұр. Тоқсан сайын өзгертіп тұрамыз. Биыл 240 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Былтыр 198 жоба іске асырылды, оның ішінде 47-сі – шетелдік инвесторлардың жобасы.
«Egemen Qazaqstan»:
– 2022 жылғы геосаяси жағдайдан кейін инвесторлар ағыны болады деп күтілді. Расымен, елімізге инвесторлар көптеп келді ме? Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды?
Марат Есенов:
– Релокация бойынша Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетімен бірігіп ауқымды жұмыстар іске асырылды. Ресейдегі 100-ден астам шетелдік компания бізге келді. Бұл да біздің инвестициялық климатты жақсартуға елеулі үлес қосты.
Қайырбек Арыстанбеков:
– Сол релокация кезінде біздегі IT өнімдердің экспорты 500 млн долларға жетті. Яғни көптеген компания бізге келіп тіркеліп, рәсімдеп, өнімдерін сатылымға шығарған. Үкімет те тиісті қолдау танытты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Марат Есенов:
– Оның үстіне, Ресей компанияларының өздері де солтүстік облыстарға келіп, көбірек шоғырланды. Әсіресе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына келіп, өндірістерін орналастырды. Өйткені санкцияға байланысты тікелей тауарларын шығара алмайды ғой.
«Egemen Qazaqstan»:
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) – инвестиция мәселесінде өзіндік орнын тауып келе жатқан сегмент. Қазір елімізде 1183 МЖӘ жобасы бар екен. Олар өз-өзін қаншалықты ақтап жатыр?
Талғат Тұрсынбаев,
«Атамекен» ҰКП МЖӘ халықаралық сертификатталған сарапшысы:
– 1183 жобаның 759-ы – іске асырылу мерзімінде, қалған 400 жоба – мерзімі аяқталған немесе мерзімінен бұрын шарттары бұзылған болып саналады. Жалпы сомасы 2,5 трлн теңгеге жобалар жүзеге асырылып жатыр. МЖӘ жобалары шикізат өндірісіне, аграрлық салаға арналмаған. Жобаларымыз тек инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға – балабақшадан бастап жолдарға дейін бағытталады. МЖӘ саласындағы ең үлкен жоба – Алматы қаласындағы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы. МЖӘ саласында 29 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар 20 млрд теңгеден астам салық төлемі бюджетке түсіп жатыр.
Баршаңызға белгілі, 2017 жылдан бастап «Сергек» камераларын енгізе бастадық. Бір қаланың өзін «Сергекпен» қамту құны 20-30 млрд теңгеге шығып кетіп жатты. Сөйтіп, қымбат деді, оған халық та қарсылық білдірді. Бірақ ақыры енгізілді. Қазір «Сергек» 8 қалада жұмыс істейді. 2 қалада инвестициялық сатыда тұр. Осы жүйе енгізілгелі Астана және Алматы қалаларында жол апатынан зардап шегетіндер санын азайтуға қол жетті. Бұл – әлеуметтік көрсеткіш. Тікелей қаржылық көрсеткішке келсек, осы уақытқа дейін Астанада 24 млрд теңге жұмсалды ғой, ал «Сергек» арқылы бюджетке төленген айыппұл сомасы 68 млрд теңгеге жеткен. Өз-өзін үш есе ақтап отыр.
«Egemen Qazaqstan»:
– МЖӘ жобасының ұтымды екенін осы мысалдарыңыздан анық байқаймыз. Ал енді сала түйткілдері дегенде бірінші кезекте нені айтар едіңіз? Соңғы екі жыл бойы елімізде инфляция қатты өршіп, қатаң ақша-несие саясаты жүргізілді. Бұл үдеріс МЖӘ жобаларына ауырлық түсірді ме?
Талғат Тұрсынбаев:
– Әрбір ЖШС, АҚ-лардың барлығы – жекешелік әріптес деп аталады, алайда кәсіпкерлік кодекске қарайтын болсақ, оның бәрі – инвестор. Бәрінің проблемасы ортақ. Оның ішінде бюрократия бар, оның ішінде инвестициялық сот шешімдерінің түйткілі бар. Жиын басталмай тұрып сізбен бірге Шымкенттегі түркиялық инвестордың оқиғасын талқыладық. Ол инвестор қаладағы жедел жәрдем қызметін модернизациялағысы келген. Жобаның құны – 6 млрд теңге шамасында. Жоба басталған соң 5 жыл ішінде ақшасын өтеп алуы керек еді. 2019 жылы алуы керек 1 млрд теңге, қазір – 2,4 млрд теңге. Сіз айтып отырған ақша-несие саясаты мәселесіне келіп тірелеміз. Енді кәсіпкер «сен маған 1 млрд теңге емес, 2,4 млрд теңге төле, бұл сенің қателігің» дейді. Біз бұл іске қатысқан кезде теңгерімділік саясатының сақталуын қадағаладық. Бюджеттің де ақшасы артық шығып кетпесін және әу бастағы шарттар орындалсын дедік.
«Egemen Qazaqstan»:
– 2029 жылға дейін экономикамызға 150 млрд доллар инвестиция тарту межесін бағындыра аламыз ба? Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде инвестициялық жобалар құрылымы өзгере ме? Яғни шикізаттық емес сектордағы жобалар көлемі арта ма?
Марат Есенов:
– Қазір инвестиция ландшафты өзгеріп жатыр. 2005-2007 жылдары мұнай саласындағы тікелей инвестиция үлесі 75 пайыз болса, қазір 30-36 пайызға түсті. Демек өңдеу саласына көңіл бөліне бастады.
Қайырбек Арыстанбеков:
– Ондай межеге жету үшін экономикалық өсу қарқынын нығайтуымыз керек. Қазір біздің экономикалық өсім деңгейіміз 5 пайыз екені айтылады. Алайда біздің есептеуіміз бойынша 3,5 пайыз.
5 пайыздық өсім болған елдерде бюджет тапшылығы болмайды екен. Ал бізде қаражат тапшылығы байқалды. Мемлекет басшысы экономиканы екі есе арттыру туралы жақсы тапсырма берді. Сол тапсырманы Үкімет тиісті деңгейде орындауы қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына жауап ретінде Үкімет экономиканы екі есе ұлғайтудың бағдарламасын әзірлеуі керек еді. Әлем елдері осылай істейді.
Рауан Аташбеков:
– Осы тапсырмаға сәйкес, Стратегиялық жоспарлау агенттігі 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын дайындап жатыр. Соның аясында 2029 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын өзектендіріп жатырмыз. Ол тұжырымдамада ең негізгі екі көрсеткіш бар. Біріншісі – негізгі капиталға салынатын инвестиция үлесін ішкі жалпы өнімнің 23 пайызына жеткізу. Екінші көрсеткіш – 150 млрд долларды тарту. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-дегі инвестиция үлесі 15,1 пайыз болып тұр. Былтырдың қорытындысы бойынша ішкі инвестиция – 80 пайыз, сыртқы инвестиция 20 пайыз үлесті еншілеп отыр.
– Бүгінгі іс-шарамызға арнайы келіп, тұшымды пікірлеріңізді ортаға салғандарыңызға көп рахмет.
Дөңгелек үстелді дайындағандар Абай Аймағамбет, Ержан Қожас,«Egemen Qazaqstan»