• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 25 Шілде, 2024

Алпыс балуан

109 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың қатарында Алпыс балуан да бар. Оның есімі мен аңызға бергісіз жеңістері жергілікті өлкетанушылар мен тарихшыларға, қазыналы қарттар мен көкірегі ояу, көзі ашық жандарға мәлім болғанымен, қазіргі жас­тар атақты балуан жайында білмеуі мүмкін. Сондық­тан оқырман қауым үшін даңқты балуанның өмір жолы ­туралы қолда бар деректерді тағы бір мәрте жаңғыртып қойғанды жөн көрдік.

Есімі Арқаға тарап, абы­ройы алысқа жа­йыл­ған Алпыс балуан­ Бөрі­­байұлы Павлодар өңі­рінде 1800-1870 жылдары өмір сүр­ген. Алып күш иесі Баянауыл дуа­нының түйе балуаны ретінде Қара­өткелдегі Бақкерей асында бас жүлдені жеңіп алған. Бұдан басқа да жиын-тойларда жеңіске жетіп, күрес өнерін жетік меңгеру арқы­лы жұртшылыққа ерекше көңіл күй, екпінді рух сыйлай білген. Алпыс балуанның кенже ба­ласы Кенжетайдың көзін көр­ген­дер оның ерекше ірі адам бол­ғанын айтады. Осыдан-ақ Алпыс балуан­ның өзінің де қан­ша­лық­ты алып болғанын елестете беріңіз.

Алпыс Бөрібайұлының Ертіс бойындағы той-томалақтарда күрес­кен сәттері туралы сан түрлі әңгіме бар. Алғаш рет үлкен топқа нағашы жұртына – Қан­жығалы арасына барғанда түсіпті. Мұса Әдепұлы деген түйе балуанды жеңіп, мерейі өсіп, мәртебесі артқан. Содан кейін жолы ашылып, халық­тың ақ батасымен «мен» деген балуандардың жаурынын жер иіскетіп отырған.

Қараөткелде көршілес жат­қан Баянауыл, Көкшетау, Атба­сар дуандарының жиыны өтіп, елдің игі-жақсылары дүбірлі ду­манға Алпыс балуанды да ерте барады. Сол жерде үш дуанның үстінен қарайтын Зілқара қазы ертіп келген Дүмше деген балуанмен күш сынасады. Алпыс өзінің сүйікті әдісіне салып, Дүмшені тік көтеріп алып, жерге атып ұрады. Қарсыластың бір қабырғасы сынып кеткен екен. Сөйтіп, Алпыс балуанның асығы алшысынан түседі. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмайды. Орыс ұлығының алдында баптап әкелген балуанының жеңіліп қалғанына намыстанған «Атағы бар, аты бар, зардабы бар, заңы бар» Зілқара Алпысқа «кісі өлтірген ұры» деп айып тағып, Омбының түрмесіне қаматады. Ол кезде Омбыдағы генерал-губернатордың Песчан бекінісіне әскери-әкімшілік басшы етіп қойған адамы полковник Иван Горбачев болатын. Ал Қазанғап – аға сұлтан, Дәуек болыс басшысы еді. Қазанғаптың араласуы­мен И.Горбачев Алпыс балуан­ды түрмеден босатып алады. Алпысқа Адырау деген жерді беріп, Дәуекке қосады.

Алпыс балуанға қатысты мына бір әңгімені де айтпай кетуге болмас. Баянауылда ардақты бір адамға ас беріледі. Біреулер мұны Шорман биге берілген ас десе, енді бірі Үкібай биге арналған ас екенін алға тартады. Қалай десек те, Бәсентиіннің қарт биі Қазанғап сол жиынға Алпыс балуанды апарады. Бұл балуанның елуден асып, егде тартып қалған шағы екен. Күрес бас­талар кезде екі ақ боз ат жеккен пәуескемен келген Шорманның Мұсасы жонын тоғайдан келген жұртқа қарата отырады. Мұны­сы бәсентиіндерге ұнамайды, әлбетте. Алпыс балуан Мұсаның баптап әкелген дәу қара балуанымен белдеседі. Екі балуан ұстаса кетеді. Алпыстың бұрынғыдай тегеурінді емес екенін байқап қалған Бәкі Басарұлы:

– Мұса мырза басымызды билейді, күшімізді билей алмайды. Соқ! – деп айқай салады.

Сол кезде намысқа басқан Ал­пыс балуан дәу қараны тік көте­ріп алып:

– Ал Бәсентиін баласы, мынаны қайда тастайын? – деп гүр етеді.

Бәкі Басарұлы іркілместен: «Мұса мырзаның алдына таста!» деп үн қатады. Алпекең әлгі ­балуанды жерге алып ұрып, бәс бәйгені еншілеген екен.

Ел ішінде Алпыс балуанның сүрінуі туралы да әңгіме бар. Бір­де Қазанғап би дуандағы сай­лау­ға дейін тағайындалатын дуан­­басылық қызметті Тұрсын­бай­­дың Боштайынан алу үшін ­Ом­бы­ға жолға шығады. Жолшы­бай Бәсентиіннің үлкен бір шаңы­рағы саналатын Ақтілес Дәуек­тің үйіне түседі. Дәуектің неме­ре т­уысы Алпыс балуан да сол үйде екен. Кешкі қонақасыға бір астау етті көтеріп әкеле жат­қан Алпекең аяқ астынан сүрі­ніп жы­ғылады. Мұ­ны көрген Қазан­ғап би Дәуекке қарап: «Мен осы ара­­дан кейін қай­­тайын. Атан түйені көтергенде сү­рінбеген Алпы­­сымыз бір астау ет­ке сыр біл­дір­ді. Ырымға жақсы емес, бұл сапарда жолым болмас», деп ер­те­ңінде аттың басын кері бұ­­рып­ты.

Алпыс балуан қазіргі Ақтоғай ауданы Жаңатап ауылының сырт жағындағы Дәуек зираты деп аталатын үлкен қорымға жерленген. Ал Алпыс балуанның да, Дәуектің де жерленген жерлерін Дәуектің шөбересі Керей Рамазанов ақсақал көр­сеткен. Керей ақсақалға бұл орындарды көрсетіп, нұсқаған – Алпыс балуанның ұрпағы Омар­ға­­лы марқұм. Алпыс балуан­ның шө­­­бе­ресі Темірболат Омарға­лы­ұлы бүгінде Жаңатап ауылында тұ­­ра­­ды.

Шүкір, бабамыздың есімі ұмытылған жоқ. Баянауыл өңі­рінде Алпыс балуан асуы бар. Пав­л­одар жақтан даңғыл жолмен келе жатқанда Баянауылға 3-4 ша­қырымдай жер қалғанда оң жақ­та Төлеу бұлағы кездеседі. Осы бұ­лақтың бойымен жоғары қарай өрлеп, 5-6 шақырымдай шық­­қанда кездесетін үстіртті адам­­дар Алпыс балуан асуы деп атай­­ды. Бұған қоса жергілікті ақын Қимадиден Нығманов «Ал­пыс балуан» деген поэма жазып, баба­мыз­дың есімін кітапқа қал­дырды.

Міне, тарихта жауырыны жер иіскемеген Алпыстай ба­луан өткенін біреу білсе, біреу біл­мес. Әйтпесе, шетелдің ойдан шығарылған кейіпкерлеріне елік­теп жүрген қазіргі жастарға үлгі боларлық тұлғаның бірі дәл осы Алпыс Бөрібайұлы екені дау туғыз­байды. Сондықтан мұндай мар­ғасқа тұлғаларымызбен мақ­тануға, оларды ұлықтауға тиіспіз. Осы орайда Алпыс балуанның есі­мін өзі жерленген Ақтоғай ауданы Жа­ңа­тап ауылындағы орталық көшеге берген орынды деп ­санаймын.

 

Серік САМАТОВ, өлкетанушы

Павлодар облысы