• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ғылым 25 Шілде, 2024

«Sezuаl» технологиясы Америкада дамымақ

138 рет
көрсетілді

БҰҰ-ның WSА ғылым және жоғары технология саласындағы сыйлығына ие болған «Sezual» – ин­клюзивті қала» технологиясын енді әлемнің 100-ден астам елінде қолдану көзделіп отыр.

Инженер-өнертапқыш Ға­лымжан Ғабдіреш «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұр­бек Еңсебаевпен бірлесіп жаса­ған «Sezual» заманауи технологиясын АҚШ-тың мектеп, кі­тапхана, банк және бейін­дік ұйым­дарында қолдануды мақ­сат етіп отыр. Қазір аталған тех­но­логияны шетел нарығы­на ен­гізіп, бейімдеу жұмыста­рын қолға алды. Сөйтіп, олар заманауи технологияны әлемдік сарапшылар қауымдастығы мен коммуникация құралдары арқылы жарнамалап, БҰҰ-ға мүше елдерде дамытпақ.

«Inclusive сity Sezual» – көру, есту, сөйлеу және тірек-қозғалыс аппаратының жұмысы бұзыл­ған жандарға еркін қимылдауға, қоршаған ортада өзін ешкім­нен кем санамай өмір сүруге мүм­кіндік беретін ақпараттық-коммуникациялық және жасанды интеллект негізіндегі технология. Оның навигация және ымдау тілін тану ішкі жүйесі қозғалуға, тиімді қарым-қаты­нас және жазбаша ақпаратқа қол жеткізуге көмектеседі.

Ғ.Ғабдірештің айтуынша, за­ғип және нашар көретін адамдар үшін әзірленген «Sezual» құрылғысы «sezu» және «al» сөз тіркесінен құралған. Биолокатор 15 метр радиуста айналадағы затты көрсетеді. Аппаратты мо­йынға тағып, одан тарайтын тол­қындар арқылы мұқтаж жандар өзі бетімен қозғалып, спортпен де айналысуға болады.

Осыдан бес-алты жыл бұ­рын көзінің торлы қабатын күй­діріп алған Ғалымжанға дәрі­гер көмегі болғанымен, ол за­қым­данған жанарын өзді­гінен сақтап қалудың жолын із­дейді. Жаңа технологияға жүгі­неді. Осылайша, математика пәнінің оқытушысы заманауи ғылымның мүмкіндігі зор екеніне көзі жетеді.

«Алдымен әлемдегі осы­ған ұқсас құрылғыларды зерт­те­дім. Олардың балама түрі көп болғанымен, аз қолданыла­ды. Сондай-ақ мұндай құрылғы­лар күнделікті тіршіліктен мүл­де алшақ жатыр. Қолдану да күрделі. Ал «Sezual» құрыл­ғы­­сы арқылы зағип адамдар айналадағы жанды, жансыз зат­­тарды бірден таниды. Дала­да серуендеп, тіпті велосипед те­беді. Алғашында жаңа құ­рыл­­ғыға қызыққандар аз болды. Шындығын айтқанда, оған сенбеді. Сондықтан оны қолдану­шыларды барынша сендіруге тура келді», дейді ол.

Өнертапқыш-ғалым «Sezual» аппаратының қолдану аясын кеңейту үшін біраз мекемеге барған. Бірақ олар ынта біл­дір­генімен, дені сөз жүзінде қал­ған. Дегенмен өзі ізденісін тоқ­татпайды. Ақыры ғалымның бірегей жобасы бұрынғы Ден­саулық сақтау министрі С.Қа­йырбекованың тікелей қолда­уы­мен 2010-2012 жылдары қол­дау тауып, іске асады. Осыдан кейін Ғ.Ғабдіреш «Global inclusive innovation» мүгедектер бір­лес­тігін құрды. Девайс 2020 жылы стартап прототипін әзірлеу және зерттеу жүргізу үшін Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп алды. «Болашақ» бағ­дар­ламасының түлегі Нұрбек Еңсебаевпен бірлесіп, жобаны жетілдіру жұмысын қолға алды.

Айталық, құрылғының кө­ме­гімен зағиптар саусақ ұшы ар­қылы әріп танып, ол әріпті сөзге, кейін сөйлемге айналдырады. Сонымен қатар дауыстық көмекшінің де өзіндік функ­ция­сы ойластырылған. Осы техноло­­гия арқылы балалар да жылдам оқып үйренеді. Ал оқыту барысында тифлопедагогтің көмегі қажет. Өкінішке қарай, елімізде тифлопедагогтер жоқтың қасы. Бүгінде «Sezual» құрылғысы үшін қорытынды, сараптама базасы қалыптасып, брайль қарпі және зағиптарға арналған караоке арқылы өзін-өзін үйре­ту оқу нұсқаулығы әзірленді. Мұ­нымен қоса өнертапқыш­тар әзірлеген оқу құралы музыка­лық сауаттылықты меңгеруге және аспаптарда ойнауға мүмкін­дік берсе, «Bone» құлаққабы­мен әуен, аудиомәтін тыңдайды. Ал локомотив технология­сы омыртқа жарақаты бар нау­қас­тардың отасыз жылдам оңа­­лып кетуіне ықпал етеді. Сон­­дай-ақ өнертабыс иелері за­ғип адамдарға қажет банктер­де, ха­лыққа қызмет көрсету орта­лық­­­тарында қол қоюға арналған бан­комат әзірледі.

Бүгінде Ғ.Ғабдіреш дайын­даған 30-дан астам жоба инклю- зиялық мүмкіндігінің жоға­ры­­лы­ғымен ерекшеленеді. Онко­логия саласында қол­даныла­тын «ЭРOБ» бағ­дар­ла­масы дұрыс ­ем таңдауға мүм­­кіндік берсе, ­смарт жүйе ар­қылы науқастар­дың ­хал-ахуа­лын анықтайды. Сонымен бірге мамандар мүм­кіндігі шектеулі адамдарға ар­налған жобаларды дайындап, енгіз­геннен ке­йін жаңа технологияны пай­даланып, әлемнің экологиялық мәселелерін шешуге назар аудар­мақшы.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының дерегі бойынша әлемдегі зағип жандардың дені оқи алмайды. Біздің елі­міздегі ресми тіркелген зағип адам­дардың саны 80 мыңнан асады. Олардың 10 пайызға жуығы бала жасынан орта мектепте білім алса, ересек кезінде жанарынан айырылғандарды оқытатын арнайы орын жоқ. Сондықтан жасы үлкен зағип адамдарға арнал­ған брайль құрылғының өзді­гінен үйренуде, әзірше бала­масы жоқ. Оның көмегімен қазақ, орыс, ағылшын, тіпті араб тілін үйрене аласыз. Бүгінде елімізде брайль қарпі арқылы өздігінен білім алу сынақтан нәтижелі өтіп, зағип және нашар көретін адамдарға арналған тифло құралдар тізіміне енген. Оның алғашқы өнімін Атырау қаласындағы арнайы мектеп оқушылары мен Астана қаласында көзі көрмейтін бала­ларға арналған мектеп «Шеврон» компаниясының демеушілігімен қолданып жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, өнер­табысшылар Қазақстанда жасал­ған құрылғыны БҰҰ елдерінде дамыту арқылы оның әлемдегі, сондай-ақ өз еліміздегі қолдану аясын кеңейтуді ойластыруда. Қазіргі таңда олар жаңа техно­логияның бар мүмкіндігін жа­рық әлемнің бір сәтін саусағы­мен ғана сезіне алатын жандар­дың кәдесіне жарату мақсатында жұмыс істеп жатыр.

АЛМАТЫ