Биылғы су тасқыны – елде ұзақ жылдан бері болмаған табиғи апат. Мұндай қысылтаяң тұста отандастарымыз бір-біріне ұйыса қолдау көрсетіп, жұмыла әрекет етті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Төтенше жағдайда тосырқаған жұртқа республиканың әр түкпіріндегі еріктілер керек-жарағын жиып, гуманитарлық көмек жөнелтті. Нағыз бірлік сыналған сәтте Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасының волонтерлері де қапы қалмады.
Міне, тасқын судан қауіп сейіліп, көңіл ашылғалы тура екі айдан асты. Әсіресе еліміздің батыс өңірінде қара терге түсіп, күні-түні толтырылған қап-қап топырақ жаға бойынан алынып, жұрт күйбең тірліктің қамына қайта кірісті. Төтенше жағдайда баспанасыз қалған халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, құқық белгілейтін құжаттарында мәселелер туындаған не жеке тұрғын үйі жоқ көпбалалы отбасыларға Ассамблея өкілдері де үй алып беріп жатыр.
Шынайы жанашырлықты сезінгендердің бірі – Атырау облысы Құлсары қаласындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Дауылбаевтар отбасы. Табиғи апат салдарынан баспанасыз қалған әпкелі-сіңлілі – Шаттық, Ақтілек және Айкөркем бұған дейін Атырау қаласында пәтер жалдап келген. Арулар жуырда ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында қоныс тойын тойлады.
– Құлсары қаласының әкімдігі бізге үй берілетінін хабарлағанда төбеміз көкке жеткендей болды. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын, қуаныш сезімі бойды кернеді. Су тасқынына дейін де туыстарымыздікінде тұрған едік. Мен үйдің тұңғышымын. Осындай жомарт жүректі жандардың арқасында уайымым сейілді. Атырау қаласы, Нұрсая шағын ауданынан пәтер алып берді. Құжаттары толық реттелген соң, асыға қуанышты тойладық, – деді Шаттық Дауылбаева.
Бөркін аспанға атып, баспана кілтін жұдырығына қысқандардың тағы бірі – Батыс Қазақстан облысының Перемётное ауылында су тасқыны салдарынан үйі қираған ерлі-зайыпты Беркінғалиевтер. Олар 3 баласымен бірге пәтер жағалауға мәжбүр болған. Енді ҚХА мүшелері мен меценаттары үй сыйлап, қиын күндер артта қалды.
– Бізге көмектесіп, үй алып беріп жатқан жанашыр жандарға алғысымыз шексіз. Өте қуаныштымыз. Апат аймағында тұрып, барша отандасымыздың шынайы ықыласын сезіндік. Жан-жақтан қаумалап, әр түрлі көмек жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл суға кеткен тұрғындарды баспанамен қамту туралы үндеу жолдаған еді. Баспанасыз тентіреп, дал болған тұрғындар да біз сияқты қуанса екен деп тілеймін, – деді Перемётное ауылының тұрғыны Марал Беркінғалиева.
Негізі алғаш болып, Ассамблея өкілдері Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласындағы Қабиденовтер отбасын жақсы жаңалықпен қуантты. Дархан мен Ксенияның баспанасы су тасқынынан зардап шегіп, қалпына келтіруге жарамсыз болып қалған. Екі баланы тәрбиелеп отырған жұбайларға 4 бөлмелі пәтер беріліп, көмек көрсетілді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылыққа басымдық береді. Халықтың бірлігі мен сабыры қиындықта сыналады. Еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны бүтін халықты жұдырықтай жұмылдырды. Бұл ретте Ассамблеяның әр мүшесі барлық мүмкіндігін аямай, аймақтарға көмек қолын созды. Барлық Достық үйінде волонтерлік орталықтар мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Ассамблеяның меценаттары жан-жақтан қалыс қалмай белсенді түрде қаржылай қолдауларын көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиын жағдайда кәсіпкерлер мемлекетке деген адалдығын осылай халыққа көмек берумен көрсетіп, сөзден нақты іске көшті деп айта аламын. Ассамблея шынымен мұқтаж адамдарға көмектеседі. Баспаналы болғандардың арасында отандасымыз, төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана – Айман Қазова да бар. Оның Арқалық қаласы маңындағы үйі қалпына келтіруге жарамсыз деп белгіленді. Айманның құқық белгілейтін құжаттармен мәселелері болып, баспана алудан үміті үзілген еді. Үміті ақталды, – деді Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ҚХА республикалық штабының жетекшісі Акбаржон Исмаилов.
Жалпы, ҚХА-ның зардап шеккендерге қолдау көрсету жөніндегі республикалық және өңірлік штабтары жедел және үйлесімді түрде «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясын өткізді. Апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеге 1500 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарлар жөнелтілді. Этномәдени бірлестіктердің 12 мың еріктісі қайырымдылық көмек жинауға, эвакуациялауды ұйымдастыруға және азаматтарды ақпараттандыруға белсене қатысты.
– Өткен жылдың өзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Абай ауданындағы алапат өрттен зардап шеккендерге жалпы сомасы 47 миллион теңгеден астам гуманитарлық және қаржылық көмек көрсетілді. Игі істердің үлкені мен кішісі болмайды. Көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып, қайырымдылық жобаларға қолдау көрсету – біздің азаматтық жауапкершілігіміз және патриоттық сезіміміздің айқын үлгісі деп білемін. Сондықтан бұл іс-шаралар әлі де жалғасады. Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықтың темірқазығындай ел бірлігі – ең басты құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Осылайша, еліміздің ауыз бірлігі артып, әл-ауқаты жақсарса, өзгелермен тереземіз тең, керегеміз кең ел ретінде одан әрі дами беретініміз анық, – деді А.Исмаилов.
Тосыннан келіп, тосырқатқан тасқын тұсында жас та, жасамыс та қолынан келген көмегін аямады. Бірі судан қорғанудың амалын істеп, қамал тұрғызса, енді бірі күндіз-түні қара күш жұмсап, тер төккен жұртқа ас-ауқатын қамдады. Тағы бір еріктілер арнайы пункттерде гуманитарлық көмекті реттеп, үлестірді. Бүгінгі қамсыз көңіл сол жандардың еңбегі.