Әйгілі қобызшы, ұлт өнерінің қайраткері Дәулет Мықтыбай (1904-1976) – қазақ музыка мәдениеті тарихына есімі алтын әріппен жазылатын тұлға. Ол – Қорқыт (VII-VIII ғасыр), Қетбұға (XII ғасыр), Қойлыбай (XVII-XVIII ғасыр) сынды қобызшылардан үзілмей жалғасып келе жатқан мың жылдық дәстүрді жаңғыртып, ұрпаққа жеткізген, осы музыка саласын ұлттық консерваторияда биік деңгейге көтерген біртуар.
Бүгінде «Қазақ радиосының» алтын қорында Дәулет Мықтыбай орындаған 30-ға жуық қылқобыз күйі сақталған. Оның репертуарында 50-ден астам күй болған деседі. Дейтұрғанмен кеңес тұсында ұлттық мұраға қандай теперіш болса, Дәукеңе де соның салқыны тиген.
Сүйек жағынан келсек, Дәулет Мықтыбай – әйгілі қобызшы Қойлыбайдың ұрпағы. Ел арасында батыр аты шыққан бабасы Базаргелді Оразұлы – Қойлыбайдың Талшыбық атты қызынан туады.
Дәулет Мықтыбай қазіргі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Құмкөл ауылында Әупік би шаңырағында дүниеге келген. Әупік Мықтыбайұлы (1870-1953) Сарыарқада ауқатты, білімді, беделді, сыйлы, өнерге жақын, қобыз тартқан бесаспап азамат болған. Анасы – Дәмеш Сабындыкөлді жайлаған Манам Темеш сүйегінен. Ел естелігінде ол кісіні де қайырымды, өнерлі жан еді деседі.
Әупік би бала Дәулетке жасынан Қойлыбай бабасынан жеткен «Қоңыр» атты күйді үйретеді. Ұлының ынта-қабілетін көріп, бірте-бірте халық күйлерін меңгерту аясын кеңейтеді.
Дәулет Мықтыбайдың екінші ұстаз ағасы – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин. Ол Сәкеннен «Сарыарқа», «Әупілдек» күйлерін үйреніп, кейінгілерге жеткізген. 1957 жылы Сәкен ақталған соң, оларды ел арасында ашық насихаттай бастаған. Ал 1964 жылы 24 шілдеде «Қазақ радиосы» таспасына жаздырады. Сонымен қатар қобызшы Сәкен Сейфуллин туралы біршама ауызша дерек жеткізіп кетеді.
ХХ ғасырдың бас ширегінде Қорғалжын – Алаш азаматтары топтасқан жер болды. Бұл өңір – Түркістан автономиясын құрысқан, М.Шоқаймен бірге «Бірлік туы» газетін шығарысқан Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың ауылы. Көнекөз қариялар Қорғалжын басында Міржақып Дулатұлының басқаруымен бірнеше Алаш басқосуы өтті деседі. Жиынға қатысушылар ішінде Мағжан Жұмабай, Мырзағазы Есболұлы, Асхат Сейдалин, Ахмет Бірімжанұлы, Кәрім Тоқтабаев, Сейдәзім Қадырбайұлы, Телжан Шонанұлы, Сейілбек Жанайдарұлы, Сыздық Мешінбайұлы, Қосымжан Бабақұлы сынды тұлғалар болыпты.
Алаш зиялылары Хайретдин Болғанбайдың туысы Әупік бидің үйіне түстенеді. Мал шалынады. Өңірдің ақсақалдары, атқамінерлері, өнерпаздары жиналады. Әсіресе Ақмоладан, Атбасардан әнші-күйші көптеп келеді. Халық сұрауыменен Әупік Мықтыбайұлы Қорқыттың «Қоңырын», халықтың «Ақсақ құлан», «Аққу», «Айрауық», «Саржан төре» күйлерін орындап, әр туындының аңыз-әпсанасын қатар жеткізіп отырады. Әңгіме мен ән-күй қыза келе, шаңырақ иесі түп нағашысы Қойлыбайдын қобызы туралы кеңінен толғайды.
Әупіктің тебіреніп айтқан әңгімесі Мағжан ақынға қатты әсер етеді. Осы көңіл күйден кейін «Қойлыбайдың қобызы» атты поэма жазады.
Қорғалжындағы Алаш азаматтарымен кездесу тарихи оқиғаға айналады. Қонақтар қайтарда 15 жасар Дәулет Қорғалжыннан Атбасарға дейін бірге еріп, Алаш тұлғаларына қызмет көрсетеді. Міржақып Дулатұлы алғыс ретінде Дәулет Әупікұлына мына өлең шумақтарын арнап, бата береді:
«Талай елді аралап,
Талай жерді саралап,
Біз келеміз бұл күнде,
Елге үлгі шашқандай,
Дұшпанның көңілін басқандай,
Айбарлы едік ол күнде.
Толықсыған заманға,
Қаратылған амалға,
Елден ауып көшкен соң,
Ұшырап сапар шеккен соң,
Не демес көк ми надандар?
Серпіліп тұман ашылар,
Қамыққан көңіл басылар.
Бейнетті қанша көрсем де,
Іздеймін жолын Алаштың,
Дұшпанменен таластым.
Бермейміз елді қорлыққа,
Көнбейміз бекер зорлыққа,
Соны көктеу түрі бар.
Шырағым Дәулет, сен-дағы,
Біздің жолға ер-дағы,
Талаптың мін тұлпарын.
Саған болсын бұл нұсқа,
Бұл нұсқаны берік ұста,
Алғырдан туған сұңқарым.
Түзелмес заман жайланып,
Басқа дәурен айналып,
Сонда бізге ерерсің,
Не қызықты көрерсің.
Кешеден бергі қызмет
Еткеніңе рақмет,
Қайырлы болсын талабың!»
20-жылдары Дәулет Мықтыбай неше түрлі саяси құқайды көрді. 1928-1930 жылдары ағасы Нығметжан екеуі тәркілеуге және күштеп ұжымдастыруға қарсы тұрады. Осы үшін 1934 жылдың күзінде Нығметжан сотталып, 17 жылға бас бостандығынан айырылады.
Бұл уақытта бір жағынан халық шығармашылығына да мүмкіндік берілді. Ел арасында әншілік, күйшілік өнерімен танылып үлгерген дарынды әншілер – қарағандылық Қали Байжанов, қорғалжындық Қосымжан Бабақұлы, Дәулет Мықтыбай 1933 жылы Қарағанды облыстық радиосында қызметке алынды. Арқаның еркін жүрген өнерпаз ұлдары осында музыкалық білігін жетілдіріп, тәңірі сыйға тартқан киелі өнердің небір тылсым сырын игерді.
Осында жүріп Қарағандымен іргелес Павлодар, Ақмола облыстарына да гастрольдік сапармен барған Дәукең үшін бұл кезең – қылқобызда орындаушылық шеберін шыңдаған шақ болатын.
Ұлытау, Баянауыл, Жаңаарқа, Қарқаралы, Балқаш жаққа барған сапарларында ескі аңыздар мен көне күйлерді ерінбей жинады. Тәттімбет, Жанақ, Жаяу Мұса, Шашубай Қошқарбайұлы, Маясар Жапақұлы, Жәкен Байтуұлы, Әбікен Хасенұлы, Бегімсал Орынбекұлы шығармашылығы мен өнері оған айрықша әсер етті. Нәтижесінде, Қарағанды радиосында тұңғыш рет қылқобыз сүйемелдеген музыка хабарлар берді.
Ол Жаңаарқадағы Сайдалы Сары Тоқаның ауылында «Сары дала» атты күйді Е.Сарбиұлынан, Түгіскен ауылында Бұралқы Құдайбергенұлынан Ықыластың «Айрауықтың ашы күйі», «Шыңырау» күйлерін үйренді. Бұл күйлерді Дәулет Мықтыбай 1964 жылы шілде-тамыз айларында «Қазақ радиосына» жаздырды. Қобыз күйін естіген халық ғасырлардан жеткен сарынды түйсінгендей еді.
Дәулет Мықтыбай халық арасынан «Қамбар батыр», «Қазан» (1-нұсқа), «Кертолғау» (екі түрі), «Жолаушының қоңыр күйі» (1-түрі), «Жолаушының қоңыр күйі» (2-түрі) сынды мұраларды жинады.
1933 жылы Дәулет Мықтыбай Қарқаралыға барады. Аштан есепсіз қырылған халықты көріп, терең қайғыдан күй шығарады. Халықтың көңіл күйін қобызға түсіреді. Күйдің аты – «Зартолғау». Бұл күйді қазір тыңдасаңыз да көзіңізге жас келеді.
1934 жылы қобызшы Алматыда өткен Бірінші Бүкілқазақстандық өнерпаздар слетіне қатысып, жүлдегер атанады. Дәл осы жиында маңдайалды музыка мамандарының назарына ілігіп, мақталады.
1936 жылдың басында Даулет Сабындыкөл ауылының тумасы Зейнеп Сәтқызына үйленеді. Сол жылы 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына жалғыз қобызшы ретінде баруға жолдама алады. Бірақ «Пәле табан астында» деген рас екен, қобызшының үстінен домалақ арыз түседі: «Д.Мықтыбаев алашордашы Міржақып Дулатовпен байланысты болған, туған ағасы Нығметжанмен бірге конфискацияға, коллективизацияға қарсы шыққан», деген мазмұнда.
Сөйтіп, декадаға баруға дайындалып жүрген Даулет Мықтыбай 23 сәуірде түрмеге қамалады. Басты айып – «аштық туралы айтып, халықты кеңес үкіметіне қарсы қойғаны». Тергеушілер өнерпазды көп қинайды, ұрып-соғады. «Ұзақ жылға лагерьге кетесің, не атыласың» деп қорқытады. Өлемін деп ойлаған Дәулет Мықтыбай тергеушілерден соңғы аманаты ретінде қобызын сұрайды. Қызыл жағалылар «Шалса, соңғы рет шалсын» деп рұқсат береді. Қолы киелі аспапқа тиген Дәулет суық сарынмен қобызын сарнатып, аруақ шақырады. Бураша бұла мінез көрсетіп, шабынып, әртүрлі қимыл жасап, милиция қызметкерлерін есінен тандырады. Аяқ астынан топалаң тигендей көбісі әлсіреп құлай бастайды. Не керек, емдеуші де сол сәтте өзі болып кетеді...
Жұрттың айтуынша, қобызшы киесінен қорыққан тергеушілер оның туған жылын 1905-тен 1912 жылға өзгертіп, 1936 жылы 20 маусымда түрмеден босатады. Бірақ саясат тақырыбына бармау туралы қолхат алады. «Зартолғауыңның» атауын өзгерт, не оны ұмыт!» деген тапсырмадан соң, күйдің атын өзгертеді. Сонымен қатар түрмеде отырғаны жөнінде тіс жармау да мықтап айтылады.
1937 жылы қобызшы Қарағанды облысы филармониясына әртіс болып орналасады. Ал 1939 жылы Алматыға қоныс аударып, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға жеке қобызшы-орындаушы болып қабылданады. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ұжыммен бірге концерт береді.
1941 жылы өнерпаз қара қобызын арқалап майдан даласына концерттік бригадамен барады. Кеңес сарбаздары Даулет Мықтыбай қобызын окопта да отырып тыңдап, рухтанады. Қобыз дауысын естіген жаудың мысы басылып, есі шығады. Дәулет Мықтыбай ұлттық музыка тарихында алғаш рет қобыз аспабын баян мен балалайкаға қосып, жаңа үндестікті үлкен сахналарға шығарады.
1941 жылы ауыр жарақат алады, емделіп, қайта соғысқа аттанады. 1942 жылдың күзінде тағы да жараланады. Ұзақ емделеді. Комиссия шешімімен соғыс майданына жіберілмейді.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, Қазақконцертте жұмысын 1965 жылға дейін жалғастыра береді. 50-60 жылдардағы саяси біржақтылық қобызшыға да тиеді. «Анау топтың, анау мектептің өкілі» деп сынағандарға қасқайып: «Мен – халық өнерінің өкілімін», дейді екен. Қарт қобызшыға қысым жасалып, бірнеше рет жұмыстан қуылады. Қуғынды көп көрген досы, академик-тарихшы Әлкей Марғұлан оған: «Дәуке, олармен айтысып қайтесің? Қылқобызыңды үндемей тарта бермейсің бе? Бәрін тарих өз орнына қояды», депті.
Қобызшы 1965 жылы жұмыстан шығып, туған жеріне оралады. Уақытын бос өткізбей, халық арасында қобыз сарынымен емдік шаралар өткізеді. Дәстүрлі бақсылық салтымен ауру адамды екі оттың арасынан өткізіп, алаумен тазартады, аластайды. Бұл да – Дәукең өмірінің жұмбақ, тылсым жағы.
Сонымен қабат ол қобыз өнерін насихаттай жүріп, Ақмолаға жақын орналасқан Оскаров селосына барып, ұлт музыка аспаптарының атасы атанған Қамар Қасымовпен танысып, фабрикада жасалған алғашқы қобыздардың сарапшысы ретінде аспаптарды баптаумен айналысады.
1971 жыл – Дәулет Мықтыбай өміріндегі бетбұрыс кезең. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория ректоры, профессор Ерекеғали Рахмадиев оны Алматыға қызметке шақырады. Ерекеңнің шақыру мақсаты – қобыз класын ашу еді. Сол кезде қобыздан сабақ беретін ұстаз болмай, консерваторияда қобыз класы жабылу алдында тұрған.
Қобызшының ел астанасына қайта келуі осы өнердің бағын ашты. Ол 1976 жылға дейін (қайтқан жылы) профессор Болат Сарыбаевпен бірге 30-ға жуық студентке қобыз өнерін үйретіп, дәріс берді.
Дәулет Мықтыбайдың арқасында консерватория бағдарламасына қазақ халқы және Қорқыт, Кетбұға, Қойлыбай, Жанақ, Жаяу Мұса, Ықылас, т.б. тұлғалар күйлерінің ойнау тәсілі мен ерекшеліктері енді.
Қобызшының шәкірттері – еліміздің мақтаныштары. Солардың ішінде әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кенжебек Күмісбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Пернебек Момынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қуаныш Әжмұратов, Құрманғазы консерваториясы қобыз және баян кафедрасының меңгерушісі, профессор Базархан Қосбасаров, Қ.Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқытушысы, профессор Әбдіманап Жұмабеков, т.б. жұртшылық жақсы таниды.
Бұл ретте Әбдіманап Жұмабекұлы мына бір сөзінде дана қобызшының өнер тарихындағы орны мен мәртебесін дәл көрсетіп, рухы алдындағы борышымызды нақты айқындаған: «Дәулет Мықтыбаев – көне дәстүрді біздің заманымызға жеткізген бірден-бір қобызшы. Егер Дәукең болмағанда қазақ халқы қаншама інжу-маржан, асыл қазынасынан айырылып қалар еді. Осы еңбегі үшін ұлы қобызшыға қазақ халқы атынан ескерткіш орнату – елдік парыз». Біздіңше, бұл ұсыныс әділетті Қазақстанның мақсат-міндетімен сәйкес келеді. Сондықтан жақсылықтан үміттенеміз.
Марат ӘБСЕМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор