• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 26 Шілде, 2024

Ұстаның көрігі

606 рет
көрсетілді

Қайыржан Жұбаниязұлы 1890-1930-жылдары Ойыл өзені бойындағы ауыл­дардың соқа-темірі мен күрек-сайманын соғып, үй тұрмысындағы зат­тарын бүтіндеп қана қоймай, зергерлікпен де айналысқан. ХХ ғасыр бас­­­ындағы ауылдардың шаруашылыққа қажетті бұйымдарын соққан ұста қолының табы қалған дүниесі – ағаштан жасалып, былғарымен қап­тал­ған көрігі бүгінде Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке та­ри­хы музейінде тұр. Қастерлі дүниені 2006 жылы ұстаның қызы Ақзер Қайыр­жан­қызы тапсырған.

«Сыртқы пішіні домбыраға ұқсас, ұзындығы – 1,30 см, ені – 61 см, биіктігі­ 35,5 см болатын, ағаштан жасалған, төменгі жағы қатпарлы былғарымен қапталған үш қақпақты көрік темір балқытқанда немесе көмір қыздырғанда пештегі оттың қызуын арттыру үшін қолданылған. Былайша айтқанда, бұл – жел үрлейтін құрал. Беткі қақпағындағы төрт тақтай екі белдік ағашпен бекітілсе, төменгі жағындағы қатпарланған былғары көрік ішіне үрленген ауаны ұстап тұруға лайықталған. Мойын ағашы былғары жіппен ортаңғы қақпаққа бекітілген. Көрікті басқанда ішін кернеген жел беткі қақпағындағы төрт саңылау тесіктен шығады. Көріктің жоғарғы жағына «П» әрпі тәріздес мойынағаш қағылып, оның ортасына байланған қалың былғары жіптің екінші ұшы көрік бетіндегі ортаңғы тақтайға жалғанады. Ортаңғы тақтайдың екі шынтағы былғары жіп арқылы аяқ тірегішпен байланысқан. Белдік ағашқа байланған жіпті тартқан кезде көрік қозғалады», дейді Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев.

 Ұсталық өнер – атадан балаға берілген қасиет. Ертеде ата-бабаларымыз осы киелі кәсіп иелерін ерекше құрметтеген. Қартайған шебер ұстаханадағы ұзақ жыл пайдаланған құралдарын көзі тірісінде ұрпағына не жақсы көретін шәкіртіне табыстайды. Себебі ол өзі өмірден өткен соң ісінің жалғасқанын қалайды. Содан болар, халқымызда өмірден өткен ұстаның құралы бос жатпауға тиіс деген ырым сақталған. Қалай болғанда да, темірден түйін түйген шебердің қастерлі мүлкі қораның түкпірінде тот басып жатпауға тиіс. Бұрынғы Жетікөл, қазіргі Қараой ауы­лындағы үлкен ұстаханаға иелік еткен әрі ұста, әрі зергер Қайыржан Жұба­нияз­ұлының жарты ғасыр бойы қолынан тастамаған көрігі ұмытылған ұлттық кәсіп туралы осылайша үнсіз сыр шертеді.

 Ақтөбе облысы

Фотосуреттер Ш.Берсиев атын­дағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінен алынды