Философия тарихынан біз адамға арқау болатын даналықтың, түсініктің, ғылыми және күнделікті танымның, қайшылыққа толы өмір тәжірибесінің сан қилы үлгісін таба аламыз. Есті адамға философия, әсіресе философия тарихы, көркем әдебиет сияқты өмір оқулығы сияқты. Философия тарихында өлмес, өшпес, ешуақытта мәнін жоймас рухани қазына бар. Мен, міне, алпыс жылдай күн сайын, бір кезде Лев Толстой айтқандай, Сократпен, Конфуциймен, Монтеньмен, Руссомен, Кантпен, Гегельмен, өзінен өзі түсінікті, өзіміздің би-шешендермен, Абаймен, Шәкәріммен ақылдасып, тәлім алып келемін. Мен үшін бұдан артық қарым-қатынас жоқ сияқты. Мен философия тарихынан кандидаттық және докторлық диссертация қорғадым. Батыс, Шығыс, орыс, қазақ философиясының даму жолын қарастырған, Білім және Ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына ұсынған, жер-жерде студенттер оқып жүрген 500 беттік «Философия тарихын» жаздым.
Университетте оқып жүргенде біздің арамызда нағыз философ болу үшін Гегельдің шығармаларын оқып игеру керек деген түсінік болды. Біз, шынында да, нағыз философтар Германияда деп ойладық. Орыс-кеңес философы Михаил Бахтиннің айтқаны бар: «нағыз философтар, әрине, Германияда, Ресейде тек ойшылдар болған» деген. Ол бұл арада кәсіби, маман философтар туралы айтып тұр. Достоевский, Толстой немесе біздің Асан қайғы, Абай, Ыбырай, Шәкәрімдер кәсіби философ емес, бірақ терең ойшылдар. Ойлау да – философияның байырғы кәсібі. Философия – ойлау өнері.
Философияны ілім деп те, ғылым деп те қарастыруға болады. Ғылым ретінде философия сыртқы объективті дүниеге баса көңіл бөледі. Табиғаттың, қоғамның, жалпы дүниелердің даму заңдарын қарастырады. Философия ғылым болған, ғылым болып қалады. Бірақ ғылым жолымен дамыған философия қалай болғанда да өзінің төл қасиетінен – даналықтан және даналыққа ұмтылатын адамнан алшақтап кетеді.Философияның негізгі анықтамасы – софия туралы, яғни даналық туралы, даналыққа бастайтын жолдар туралы ілім. Демек, философияның қызметі ғылыми таныммен шектелмейді.
Ілім ретінде философия адаммен айналысады, адамды мазалайтын сұрақтарға жауап береді. Адам не біле алады? Адам не істеуі керек? Адам неге үміт арта алады? Адам деген не? Адамның дүниедегі орны, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мақсат-мұраты туралы мәселе алда тұрады. Екі түрлі философия бар. Біреуі – кәсіби, ғылыми философия: Аристотельдің, Декарттың, Спинозаның, Канттың, Гегельдің, Маркстің, Мартин Хайдеггердің, тағы басқалардың ілімдері. Екіншісі – көпшілікке бағытталған қарапайым философия (популярная философия): Сократтың, Будданың, Конфуцийдің, Монтеньнің, Достоевскийдің,Толстойдың, біздің ақын-жырауларымыздың, би-шешендеріміздің, Ыбырайдың, Абайдың, Шәкәрімнің сөздері, ілімдері. Қарапайым философия дегенді деңгейі төмен, тайыз түсінік деп есептеуге болмайды. Сократ, Конфуций, Толстой, Абай тайыз емес. Адам өзін мазалаған өміршең сұрақтарға жауапты кәсіби, ғылыми философиядан емес, қарапайым философиядан таба алады.
Философиялық ойды қарапайым, түсінікті тұрғыда жеткізу – қиынның қиыны. Л.Толстойдың айтқаны бар: «Ең қиыны – қарапайым жазу» деген.
Қазір біз философия тарихына, философтардың іліміне партиялық-идеологиялық тұрғыдан қарап, анау – материалист, мынау – идеалист, таным мәселесінде біреу – оптимист, енді біреу – агностик деп іріктеп, жіктеуден бас тарттық деуге болады. Сондықтан, меніңше, Платонға, Кантқа, Гегельге, Маркске, Шопенгауэр мен Ницшеге бүгінгі заман тұрғысынан баға беріп, тиісе берудің қажеті жоқ. Бүгін біз бастан кешіп отырған қиындықтарға олардың еш қатысы жоқ. Олар өз заманы алға қойған мәселелерге өздерінше жауап берді, сөйтіп, адам баласының дүниетанымына айрықша үлес қосты. Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескеретін пікір айтты: «Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті» деді.
Халқымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өсиеті бар: «Жақсыны көзден салмаңыздар, Жақсыдан қапыл қалмаңыздар. Өзі болған ерлердің аяғынан алмаңыздар» деген. Қазақ: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді. Қателеспейтін адам болмайды. «Өзі болған ерлердің» қателігі де өздеріндей ірі, елеулі болып келеді. Қателіктен сабақ алуға болады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.у.) бір хадисінде айтылады: «Абыройлы кісілердің қателік-кемшіліктерін кешіруге тырысыңдар» деген.
Ғылым үшін де, әдебиет пен өнер үшін де, адам мен қоғам үшін де өзекті идея туралы философиялық мәселені өткір қойған, тиянақты шешкен Платон мен Гегель болды. Көпшілік идеяны әдетте затпен салыстырады, заттың санадағы бейнесі деп біледі. Сонда идея бар заттың деңгейінде қалып қояды. Платонның пікірі басқа: затты оның идеясымен салыстыру керек. Зат өзінің идеясына, яғни атына сай ма? Адам адам деген атына, атағына лайық па? Ұстаз ұстаз деген атқа лайық па? Шәкірт шәкірт болып, өнебойы оқып, ізденіп жүр ме?
Платон ілімі бойынша, идея – заттың қалай жасалғанын, қандай екенін, қандай болуы керек екенін көрсететін үлгі эталон. Платоннан бері философияда «бар нәрсе» (сущее) және «бола жақ нәрсе» (должное) деген ұғым пайда болды. Бар нәрсені, болған нәрсені ғылым қарастырады. Ғылым бар нәрсе туралы немесе болған нәрсе туралы дерекке сүйенеді. Бола жақ нәрсе философияны қызықтырады. Адам қандай болуы керек? Ұстаз қандай болуы керек? Мемлекет қандай болуы керек?
Осындай түсінік біздің, бүгінгі оқымыстылардың санасына сіңіп болды деп айту қиын. Бізде әлі идеяны затпен өлшейтін материалистік көзқарас басым болып тұр. ХХ ғасырда өмір сүрген танымал ағылшын философы А.Уайтхед: «Еуропалық пәлсапа дәстүрінің барынша шынайы сипаты мынадай: ол Платонға ескертулер сериясынан құралған» дейді.
Кеңес заманында Кантқа да көп тиісіп едік: идеалист дедік, идеалист болғанда ең тұрпайысы – субъективтік идеалист дедік, дуалист дедік, агностик дедік, дүниені тануға шек қояды дедік. Шығармашылық өмірінің алғашқы кезеңінде физик, математик, астроном ретінде табиғат құбылыстарын диалектикалық тұрғыдан қарастырып, мәңгілік ештеңе жоқ екенін, түбі жер де қартайып, күн де сөніп, табиғат та өлетінін болжап білген ғалым агностик бола ма?!
Қазіргі ғылым Кант болжамының орынды екенін мойындады. Ғалым ретінде Кант барып тұрған реалист. Философияға антропология деген ілім енгізіп, оның негізгі сұрақтарын белгілеп берген Кант емес пе?! Бұл сұрақтарды жоғарыда айтып кеттім: Мен не біле аламын? Не істеуім керек? Неге үміт артам? Адам деген не?
«Адам ешкімге, ештеңеге құрал болмауы керек, ол өзіне де, басқаға да мақсат болуы керек» деген Канттың идеясы қай кезде де құндылығын жоймайды.
Қазір Гегельге де немқұрайды қарау белең алып келеді. Бүгін бізге жетіспей жатқан нәрсе рух болса, сол рух туралы «Рух феноменологиясы» және «Рух философиясы» деген классикалық еңбектер жазып, рухтың мән-жайын ашып берген Гегель емес пе?! Оның ойынша, рух деген – құдірет, қуат, күш; рух деген – намыс пен жігер. Рухы оянған адам да, халық та артта қалмайды, қиындықты жеңіп шығады. Кішкене шегініс жасайын. Менің ойымша, Гегель болмаса, Гегельдің диалектикалық ілімі болмаса, Маркс болмас еді. Маркстің ілімі болмаса, Ленин болмас еді. Ленин болмаса, 1917 жылғы Қазан төңкерісі болмас еді. Ресейдің, Қазақстанның даму жолы басқаша болар еді. Міне, рух дегеннің, идея, теория дегеннің рөлі қандай екені осыдан көрінеді.
«Рух феноменологиясы» деген шығармасында Гегель құл мен қожайынның қарым-қатынасын қарастырады. Құл болатын кім? – деген сұрақ қояды Гегель. Оған: құл болатын әлсіз, қорқақ, ынжық, ар-намыстан жұрдай адам деп жауап береді. Құл тірлік үшін кімге болса да, қалай болса да қызмет етуге дайын тұрады.
Ал қожайын болатын адам батыл, қайсар, ар-намысын, еркіндігін бәрінен де жоғары қоятын адам. Ол үшін басыбайлы құл болғанша, жоқ болған жақсы. Бірақ бәрі де өзгереді. Құл таңертеңнен кешке дейін қожайынға қызмет ете жүріп, өзі де байқамай, өзіне де қызмет ете бастайды. Еңбектің арқасында құлдың сана-сезімі оянады. Ол өзінің қазіргі жағдайы туралы ойланады. Құлдықтың қасіретін түсініп, бұл жағдайдан құтылудың жолын іздестіреді. Құлда бірте-бірте тұлғалық қасиет қалыптасады.
Ал қожайынның жағдайы не болып жатыр? Әрине, ол қалағаны жүзеге асып, рахат күй кешуде. Бірақ «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтқандай, жалқаулық, жатыпішерлік қожайынның қадір-қасиетін, абыройын бірте-бірте жоқ қылады. Ол өзінің әр алуан затқа, сол затты өндіріп жатқан құлға тәуелділігін сезе бастайды.
Сөйтіп, қожайын мен құлдың қарым-қатынасы түбірімен өзгереді: құл қожайынның қожайынына, қожайын құлдың құлына айналады. Мұндай өзгерістің көзі – қарапайым еңбек, еңбектен туған өктем сезім, өзіне деген сенімділік.
Кеңес заманында біз Гегельді идеалистік көзқарасы үшін сынадық. Дұрысында, бұл оның қателігі немесе кемшілігі емес, артықшылығы, көрегендігі екен. Бізге қазір сондай идеализм, идеалға, рухқа жүгіну жетіспей жатыр. Идеализм Гегельге идеяның, рухтың жасампаздық қасиетін түсінуге мүмкіндік берді. Құлдың қожайынға айналуы сана-сезімнің, ерік-жігердің, рухтың арқасында мүмкін болды.
Осы рух кеңес одағынан тас-талқан болып жеңілген Германияға, неміс халқына жеңілістің тауқыметін еңсеріп, тез арада дамыған елдердің қатарына қосылуға себеп болды. Бізде, қазақ елінде де озық елдердің қатарына қосылуға қажет нәрсенің бәрі бар сияқты. Бірақ бұл біз үшін әзірге арман болып қалып отыр. Не жетіспейді? – деген сұрақ туады. Билікте, халқымызда, әрбіреуімізде ерік-жігер, ұмтылыс, намыс, рух, осылардың рөлін түсіну жетіспейді.
Тағы бір неміс философы Артур Шопенгауэрді біз бұрын барып тұрған пессимист, волюнтарист, иррационалист деп оңды-солды сынадық. Сыңаржақтылық, атап айтқанда, құбылыстың бір жағына, келеңсіз, көлеңке жағына көбірек көңіл бөлу Шопенгауэрде басым екені рас. Көп нәрсеге көңілі толмайды, ашып айтады, басып айтады. Бір сөзін келтірейін: «Болашақ – күңгірт, қазіргі шақ – трагедия, өткен шақ – мағынасыз», дейді. Бұл, әрине, асыра сілтеу.
Бірақ Шопенгауэрдің реалист екенін де жоққа шығаруға болмайды. Оның бетке ұстаған қағидаты: Өмірге тура қарау керек. Лев Толстой Шопенгауэрді данышпан деп дәріптейді, оның өмірге, шындыққа бүкпесіз тура қарайтынын атап өтеді.
Шопенгауэр ерік мәселесін өте өткір қойды. Ол тіпті ерікті абсолютке айналдырып жібереді. Ерік-жігер болмаса, адам өмірінде түк те болмайды дейді. Тек адамды сәби кезінен ерік-жігерге баулу керек. Ержеткен соң ерік оған қонбайды дейді.
Фридрих Ницше туралы да кеңес заманында бірауыз жағымды сөз айтылған жоқ: нигилист, имморалист, антихрист деп айыптадық. Мұндай ұйғарымдардың артында не жатқаны, философтың неге мұндай ақылға сыймайтын тұжырым жасағаны беймәлім болып қалды.
Адам деген, Ницшенің пікірінше, өзінен де, басқалардан да асып түсу үшін жаралған жан. Бір орында тұрып қалмау, өне бойы алға ұмтылу – адамға тән қасиет.
Мәдениет, өркениет, білім-ғылым дамыған сайын адам да өсіп, жетіліп, биіктей түсуі керек еді. Бірақ адам тұлға болып өсудің орнына кері кетіп, ұсақталып барады. Леонардо да Винчи, Мартин Лютер, Пико делла Мирандола сияқты алыптар қазір кездеспейді.
Ницше адамзаттың бетке ұстаған мұраты ретінде сверхчеловек (асқан тұлға) идеясын ұсынды. Ол адамға осы тұрғыдан талап қояды. Бұған кім сай келеді? «Адамның құндылығы, дейді Ницше, кім болғанында емес, кім бола алатынында». Адамның өсіп жетілуіне кедергі болатын нәрселер – Ницше ілімінде – қалыптасқан мораль, дін, идеология, қоғамдық пікір.
Қоғамның дамып жетілгенін оның экономикасымен, ғылымымен, техникасымен өлшеу жеткіліксіз. Қоғам қандай адам тәрбиелеп шығарды? – міне, осы маңызды.Тарихта ерте ме, кеш пе, басқаларға ұқсамайтын, сөзімен де, ісімен де, мінезімен де ерекшеленетін дара тұлғалар пайда болады. Осыларды Ницше элита деп танып, қалың бұқараға қарсы қояды. Элита мен бұқараны бөліп тұрған нәрсе – сана-сезім, ақыл-ой, рух, намыс. Бұқара, қалың көпшілік ойланбайды, өзгенің жолымен, айтқанымен өмір сүреді. Ницшенің пікірінше, бұқараға үш түрлі жағдайда көңіл бөлуге болады: ұлы адамдардың солғын көшірмесі ретінде, ұлы адамдарға қарсы тұрған қара күштің иесі ретінде және ұлы адамдардың құралы ретінде.
Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамда дара тұлғаның сирек, бұқараның басым болуы, қоғамдағы моральға, дінге және идеологияға байланысты. Ницше үшеуіне де қарсы болып, қатал сынға алды. Идеология саясаттың ықпалымен адамға құрал ретінде қарайды. Мұндай адам, әрине, тұлға бола алмайды. Идеология көптің қамын ойламайды. Ол билікке ғана қызмет етеді.
Неміс философының пікірінше, қазіргі мораль қалыптасқан қоғамдық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және қиратушы күштерден қорғаудың құралына айналған.
«Екі түрлі мораль бар, дейді Ницше: «мырзалардың моралі» («мораль господ») және «құлдардың моралі» («мораль рабов»). Мырзалардың моралінде «жақсы» деп асылды, көрнектіні, естіні, кең пейілдіні таниды. Ал құлдар моралінде әлсіздерге, бейшараларға, сорлыларға айрықша көңіл бөлінеді. Құлдар моралі адамды көнбістікке, бағынуға үйретеді, күштілерді, жігерлілерді, намысқойларды, еріктілерді шеттетеді, қолынан келсе, оларды құртып жіберуге тырысады. Қалыптасқан екіжүзді моральді сынай отырып, Ницше өзін «имморалиспін» деп таныстырады, ондай моральдан бас тартады.
Ф.Ницшенің есімімен тығыз байланысты тағы бір ұстаным – нигилизм. Ол өзін «нигилизм философы» деп атауын ұсынады. Ницше көпшілік қастерлеп, мойынсынатын құндылықтарды жоққа шығарады. Мораль, гуманизм, демократия, прогресс, теңдік, әділеттілік, еркіндік, шындық дегеннің бәрі, Ницшенің пікірінше, адамды алдарқататын көзбояушылық. Мұндай құндылықтың бәрін қайта қарау керек, түпкі мағынасын ашып көрсету керек дейді.
Ф.Ницшеге дейін философтар дүниені және тарихты ақылға сыйымды, әділетті жүйе деп таныды. Өмір сүрудің мәні де, мағынасы да бар. Дүниеде құдай орнатқан тәртіп, реттілік бар. Дүние былық (хаос) емес, реттелген Космос. Адамның да дүниеде өзіне лайық орны бар. Мұндай көзқарасты Ницше баланың былдыры деп жоққа шығарады. Мұндай түсінікте шындықтан гөрі солай болса екен, солай болар деген үміт пен жалған сенім бар. Ницшенің ілімін, оның дін, мораль туралы, қалыптасқан құндылықтар туралы көзқарасын қабылдау мүмкін емес сияқты. Қалайша діннен бас тартуға болады? Қалайша моральді жоққа шығарамыз? Құндылықтарсыз қалай өмір сүруге болады?! Бірақ Ницшенің ілімін тереңірек талдап зерттеген адам оның астарында терең ой жатқанын аңғарар еді.
Қоғамның дамып жетілуі, алға басуы оның қандай адамды керек етіп, қандай адамды тәрбиелеп шығаруына байланысты. Капиталистік қоғам бір кезде, Ф.Энгельс айтқандай, «алыптарды керек етіп, алыптарды жасап шығарып еді». Адам – қоғамның айнасы. Адамына қарап қоғамды тануға болады.
Адамзаттың басты қателігі, Ницшенің ойынша, діннің, моральдің, идеологияның, ағартудың көмегімен адамның кім екенін, қандай болуға тиісті екенін алдын-ала анықтап, адамға дайын тұрған нұсқаны ұсынатыны. Адамның мүмкіндіктері, қарым-қабілеті бірден байқалмайды. Тек ол өз бетімен әрекет жасап, өзін өзі қалыптастыра бастаған кезде оның кім екені, қандай болатыны көріне бастайды. Ницше адамға: «Ешкімді пір тұтпа! («Не сотвори себе кумира!») Кім болғың келсе, сол бол» деген талап қояды.
Ницше өз ілімінде дінге де, моральға да, қоғамдық пікірге де жеңіл-желпі қарауға болмайтынын, олардың да дүниедегі басқа құбылыстар сияқты қайшылықты болып келетінін ашып көрсетті. Ницше, сөз жоқ, құңдылықтарды да жоққа шығармайды. Тек олардың өмірге, шындыққа сай болғанын, адамға дұрыс бағыт бере білгенін қалайды. Қоғамда, адамдардың қарым-қатынасында жатсыну орын алып, әркім өз мүддесін ғана ойлайтын болса, гуманизм қағидатын кімге ұсынасың?! Қоғамда түсіністік, ынтымақ, сыйластық болмаса, «демократия», «еркіндік», «ашықтық» деп шулағаннан не шығады?!
Қоғамда, билік тарапында әділдік болмаса, «әділеттілік» деп адамды алдарқату неге керек?! Ақиқат деген керемет нәрсе. Бірақ қоғамға, билікке ақиқат, шындық қажет болмаса, саясатқа, идеологияға адамды қалай сендіресің?!
Ницшенің еңбектерінде осындай, осыған ұқсас сұрақ жиі кездеседі.
Ницшенің өз заманындағы әлеуметтік, рухани ахуалға наразы болуының түп-тамыры осында жатыр. Сонымен, Ницше ілімін идеализм, нигилизм, атеизм, имморализм деп сынау жеткіліксіз. Онда шынайылық, сыншылдық, реализм басым. Жалпы, біз жоғарыда сөз еткен Платон, Кант, Гегель, Маркс, Шопенгауэр туралы да осыны айтуға болады. Классиктерді жай оқып қою жеткіліксіз. Оларды түсінуге тырысу керек. Әйтпесе олар туралы сырттай топшылау мәдениеттілікке жатпайды.Философия тарихынан, әр кезде өмір сүрген философтардан үйренетін нәрсе көп. Бұл оңай да емес. Көп еңбектену, іздену, өзіңді-өзің өзгертуің керек. Бірақ «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген даналық сөзді естен шығармайық.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы