Биылғы көктем атыраулықтар үшін оңай болған жоқ. Қызылқоға ауданының аумағымен ағатын Ойыл, Сағыз, Ноғайты өзендері арнасынан асты. Әсіресе, Ойыл өзенінен бірнеше елді мекенге қауіп төнді. Су басу қаупін сейілту үшін жол жырылып, Миялы, Қарабау, Қоныстану, Тайсойған секілді елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін бөгет тұрғызылды.
Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, су тасқынына қарсы тайталас Миялы ауылында 31 наурызда басталған. Ойыл өзенінің суы бұрын-соңды болмаған қарқынмен арнасынан асып, аудан орталығына қауіп төндірген. Ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып, бөгет тұрғызып жүргенде тасқын су «Миялы-Сағыз» тасжолын шайып кеткен.
«Мұқыр ауылынан жиналған қапшықтар жеткізіліп, атыраулық, мақаттық, көршілес ауылдардағы және «Теңіз» кенішінде жұмыс істеп жүрген еріктілер көмекке келді. Нағыз қысылтаяң шақта облыстық төтенше жағдай департаментінен 3 автокөлікпен 80 құтқарушы дер кезінде жеткізілді. Аудандағы мекемелердің 275 қызметкері, 48 полицей, төтенше жағдайлар саласының 110 қызметкерінің,
20-дан аса арнайы техниканың көмегімен ауылды тасқын судан қорғап қалдық», дейді Қ.Әзмұханов.
Әкімнің дерегіне сүйенсек, Ойыл өзенінің арнасынан асқан тасқын су 10 күн бойы ауданның елді мекендеріне қауіп төндіріп тұрған.
Тұрғындар осынша күн үрейленіп жүрді. Осы кезеңде аналар мен балалар, егде жастағы 570 тұрғын Атырау қаласына, 819 тұрғын эвакуациялық пункттерге жеткізілген. Аудан резервіндегі техникаларға қосымша облыстық штабтан, төтенше жағдайлар департаментінен, сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілердің демеушілігімен қажетті құрал-жабдықтар әкелінген. Қапшықтарға құм толтырылып, бұрынғы 45 шақырымға қосымша 28 шақырым бөгет қоса соғылды. Қызылқоға ауданынан тасқын сумен күреске құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен әскерилерден 3 мыңнан аса ерікті жұмылды. Арнайы 89 техника тартылды.
«Апат айтып келмейді» дегендей, тасқын судың салдарынан шығынға батқандар бар. Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға мал шығынына қатысты 70 өтініш түсіпті. Комиссияның қорытындысына сәйкес 58 шаруа қожалығы мен жеке тұрғындардың өлген 191 малы үшін бюджеттен және өзге көздерден 61 млн 772 мың 062 теңге өтемақы төленді.
Сондай-ақ арнайы құрылған комиссияға су тасқынынан бүлінген 31 үйдің иесі өтініш берген. Оның ішінде 7 тұрғын үйдің құжаты болмаған. Сол себептен бұл үйлердің иелерінің өтініші кері қайтарылды. Ал 24 өтініш қанағаттандырылып отыр.
Аудан әкімі Қ.Әзмұханов тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың өтінішіне орай шығынды бағалауды өз бақылауына алды. Шығынды есептеу үшін техникалық бағалаушылар шақырылды. «Бағалаушылардың техникалық қорытындысына сәйкес 6 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталды. Ал 18 тұрғын үй апатты деп танылды. Аудан әкімі бүлінген тұрғын үйлерге техникалық бағалау жүргізген мамандардың қорытынды хаттамаларын тұрғындарға таныстырды. Төрт тұрғын үй салып беруді сұрады. Бағалау нәтижесімен 20 тұрғынға бүлінген үйі үшін өтемақыға қаржы бөлініп, толық өтелді», деп мәлімдеді аудандық әкімдіктен.
Қазір Қызылқоға ауданындағы Қоныстану ауылында 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал Миялы ауылында 1 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу басталды.
Атырау облысы