• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 27 Шілде, 2024

«Мәттақам Серік»

93 рет
көрсетілді

Біздің ауыл адамдары біреуге қосымша ат қойып, айдар тағуға келгенде, алдына жан салмайды. Қиыннан қиыстырып қояды. Мәселен, ауылда Жақсылық есімді екі әкеміз болды. Жарықтық, екеуі де кеудесі орден-медальға толы озат малшы еді. Бір қызығы, біреуінің түсі – ақ, екіншісінікі – сары. Сол екеуін бір-бірінен шатастырмау үшін біреуін «Ақжал айғыр», екіншісін «Сары айғыр» деп айтатын. Бұл жанама есімді оларға құрдастары әзілдеп шығарды ма, білмедім, кейін ауыл арасына кең тарап кетті. Сондай-ақ «Серік» деген ат та көп кездесетін. Ауылда осы есімді иеленген бір топ ағамызды жұртшылық мінезіне, қызметіне, тегіне қарап, біріншісін Торғай Серік, екіншісін тәй-тәй Серік, үшіншісін Қойшының Серігі, төртіншісін «Кәпір Серік» деп атаушы еді.

Әсіресе Серік ағамызға «Кәпір» деген қосымша ныспы қашан жалғанғанын білмеймін, мен ес білгеннен солай атайтын. Оның жауа­бын кейін ұқтым. Секең ұзақ жылдар ауылда шопыр болып істеді. Шопыр болғанда, жай емес, майталманы десек болады. Қойшыларға су таситын көліктен бастап, талай шопырдың түсіне кіріп, соны жүргізсем деп армандайтын біраз көлікті тізгіндеді. Ауылға келген алғашқы «КамАЗ-дың» да біреуін сол жүргізді. Оның басқа шопырдан ерекшелігі – тазалығы. Тәртіпті сүйеді. Өз ісіне өте мәттақам. Ол мінген көлік айнадай жалтырайды. Тап-таза. Дөңгелегіне дейін жабысқан қиқым көрмейсіз. Қашан көрсеңіз, жай қарап тұрмайды, қолындағы сулы шүберегімен көлігінің біресе айнасын, біресе терезесін сүртеді. Кейбір қатарласы секілді езуіне темекі қыстырып, бұралқы сөзге ерік беріп, әр нәрсені ермек етпейді. Ал ол кісінің машинасына мінем десеңіз, алдымен аяқкиіміңіз таза болу керек. Егер бәтеңкеңіз беті-қолын жумаған баладай салтақ-салтақ болса, онда үйге қайта беріңіз. Көлігіне мінгізбейді. Оны өзім талай көргенмін. Жұрт «Кәпір» деп осы мінезіне қарап атаса керек.

Серік ағамыз кейін көк «УАЗ» сатып алды. Түсі де керемет. Анадайдан жалт-жұлт етіп көзге шалынады. Осы көлікпен сонау 90-жылдардың ортасы мен 2000 жылдардағы қиыншылық кезеңде біздің ауылды асырады. Қысы-жазы бір тоқтамады. Адам тасыды, азық-түлік тасыды. Ауыл адамдары жеке шаруасымен ауданға, қалаға баратын болса, Секеңді жалдады. Өйткені оның көлігі сенімді. Ешқашан жолаушысын жолда қалдырмайды. Әлдебіреулердің көлігі секілді жолда дөңгелегі жарылып, немесе моторынан май ағып, бейнетке батпайды. Оның көлігі қанша ескі болса да, жаңа машинадай ойнақтап, діттеген жеріңізге жеткізеді. Серік ағаның осы қасиетін білетін жұртшылық оны ауданнан да, қаладан да келіп жалдайды. Қысқасы, еліміздің қай бұрышында да Секеңнің «көкбозатының» тұяғы тимеген жер жоқ.

Оның тазалықты сүйетін мінезіне байланысты бір оқиға бар. Бұл болды ма, болмады ма білмеймін. Бірақ ауылдастар болғандай жыр қылып айтады. Ауылдың берекесі кетпеген кезі. Серік ағамыз «КамАЗ» көлігімен кеңшардың қойма меңгерушісі екеуі қаладан жүк алып келе жатады. Серік аға да шылым шегеді. Бірақ оның көлігінде темекі тартқанын көрген жоқпын. Жол ұзақ. Қойма меңгерушісі алыс жолдан есінеп шаршаса керек, өзімсініп, Секеңнен рұқсат сұрамай, қалтасынан темекісін алып, оттығымен тұтатып, түтінін бұрқ еткізеді. Сол кезде Серік аға кілт тормоз басады. Жоғары жылдамдықта жүріп келе жатқан көлік бірден тоқтайды. Шошып қалған ол «Не болды?» деп сұрап үлгермейді. Оны орта жолдан түсіріп кетеді. Бұл оқиға келесі күні кеңшар басшысына жетеді. Директор Секеңді шақырып, осы оқиғаның мән-жайын сұраса, ағамыз сабырлы қалпымен: «Сіз өз кабинетіңіздің кір-қоқысқа толып, шашылғанын қалайсыз ба? Қарасам, бәрі рет-ретімен жиналған – тап-таза. Менің кабинетім – көлігімнің кабинасы. Мен де сондай ұқыптылықты, тазалықты жақсы көремін» дегенде директор тілі байланып қалған адамдай үнсіз қалыпты.