• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:21

Саудада таза жанның ұпайы түгел

38 рет
көрсетілді

Өңірдегі сауда саласын бір кісідей біліп қана қоймай, осы салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерді барынша қолдап жүрген Дмитрий Довматенконы әріптестері табандылығы, бірсөзділігі, жұмысына тиянақтылығы, берген уәдесіне беріктігі, біртоға мінезі үшін ерекше құрметтейді.

57 жастағы азаматтың еңбек жолы еліміздің тәуелсіздік алған кезеңімен сабақтасып жатыр. Ол «Қазақстан­ның қызмет саласы мен кәсіпорын сау­да нарығының ассоциациясы» заңды тұл­ғалар бірлестігінің өңірлік филиалына 2004 жылдан бері жетекшілік етеді. Қо­ғам белсендісі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік шеңберінде түрлі түйткілдерге араласып, сауатты кеңес береді. Базар – ел экономикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі көрсеткіші. Бүгінде өңірде зама­науи талаптарға сай отыз базар мен сау­да орындары болса, олардың арасын­да­ғы сәулеті, сауда жасаушыларға қолай­лы­лығы және тазалығы жағынан үздік шық­­қандары республикалық сауда желі­ле­рі арасындағы сайыстарда озық шығып жүр.

Дмитрий Довматенко Ақтөбе қала­сын­дағы орта мектепті аяқтап, кеңес армия­сында әскери борышын өтеп келген бойы рентген зауытына слесарьдың көмек­шісі болып жұмысқа тұрады. Сол уақытта ке­ңес одағына рентген құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорында 4 мың адам еңбек етті. Кеңестік қорғаныс саласының жабық кәсіпорны тарихы соғыс жылдарына барады. 1941 жылдың қазанында Мәскеу рентген зауыты 136 маманы, құрал-жабдықтарымен теміржолмен Ақтө­беге көшіріледі. 1954 жылы осы зауыт медициналық құрал-жабдықтарын шы­ғаратын өндіріс болып қайта құрылды.

Осы жерде слесарь көмекшілігінен бастап бригадирлікке дейін көтеріл­ген Дмитрий Адамович Мәскеу поли­тех­никалық институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығы бойынша дип­лом алып, елге оралды. Ұйымдастырушы­лық қабілетімен көзге түскен 25 жастағы жас инженерді әріптестері 1982 жылы Ақтөбе қалалық кеңесіне депутаттыққа ұсынды. Өйткені оның үлкен өндірісте еңбеккердің сөзін сөйлеп, істің көзін таба білетіні әріптестеріне ұнады. Ол заманда кәсіподақ ұйымының да ықпалы күшті еді. Одақтағы ең жабық кәсіпорындардың бірі 90-жылдардың тоқырауына ұшырап, бастапқыда зауыттың 4 мың жұмысшысы кезек-кезек ақысыз еңбек демалысына жіберілсе, кейін қысқарту келді. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, өнім өткізу аясы да тарылды. Инженер-техник мамандар тарихи отандарына қоныс аудара бастады.

Жұмыссыз қалған ақтөбеліктер бала-шағасын асырау үшін ала дорба арқалап, базарға шықты. 1997 жылы Дмитрий Адамовичке қаладағы 250 адам еңбек ететін сауда кәсіпорнын басқару туралы ұсыныс түсті. Бөлшек саудадан гөрі бөлшек жасаудың қыр-сырын жақсы білетін инженерге сауда-саттықпен айналысу қиынға түсті. Сол жылдары Ақтөбе­де орталықтандырылған сауда желісіне түскен тауарды тікелей дүкендерге тарататын жабдықтау мекемелері жұмыс істеді. Директор Довматенко қоймаға түскен тауардың тез сатылымға шығуы үшін тер төкті. Алайда түбегейлі құры­лым­дық өзгеріске түскен экономикада ескі қатынастарға орын да қалмайды. Кәсіп­орынның табысты болуы жақсы менедж­ментке байланысты болатынын сол кезде ұғынған ол 1997 жылы құрылған Қазақ­станның базарлар және кәсіпкерлер қауымдастығына иек артты. Ол жабайы базар саудасына балама көздерді іздеу­ден қашпады. Алайда қауымдастық­тың сау­да жолдарын заңдық тұрғыдан рет­теуге қауқары болмады. Соған қарамас­тан қалада да, далада да қаптаған қара базар­ларда еңбек күші мол шоғырланды. Азық-түлік, киім-кешек, шаруашы­лық бұйымдары, жиһаз, көлік құралдарын сататын сауда нүктелерінде жұмысқа қабілетті азаматтар еңбек етті. Қытай­дан, Түркиядан тауар тасу жолдары жақсы жолға қойылды.

«Мені инженер, сауда мекемесінің басшысы, қоғамдағы өзгеріске бейжай қарамайтын адам ретінде базарлар жүйесін өркениетті сауда жүйесіне алмастыру жолдары алаңдатты. Жасыратыны жоқ, елі­мізде сауда орындарының жұмысын реттеу жөнінде Үкімет қаулысы алғаш рет 2003 жылы шықты. Оған дейін елімізде көпшілік сауда нүктелері мемлекеттік бақылаудан тыс, ашық аспан астында, жаймабазарлар түрінде шоғырланды. Оларға жағдай жасалмады. Жас қыздар, әйел адамдар аязға тоңып, күнге қақталып сауда жасады. Базар басшылығы, ең алдымен, салығын уақтылы төлеп, отбасын асырап жүрген еңбеккердің жағдайын ­жасауы керек. Қауымдастық филиалы сау­да жасаушылардан жеке кәсіпкер ретін­де тіркеліп, кассалық аппаратты сатып алу­ға ұсыныс тастады. Салық төлеушілер­ді заңдастыру ұсынысы алғашқы кезде қатты қарсылыққа тап болды. Мұны­мен бір кезде жергілікті өнім өнірушілері ­тауарларын делдалсыз сататын сауда қа­тар­ларын құру туралы мәселе көтердім. Саяжай тұрғындарының қаланың әр жерінде жеміс-жидек, көкөністерін сататын шағын сауда павильондарын құру туралы ұсындым. Бұл сатып алушыға да, сатушыға да пайдалы емес пе? Алайда осы жоба әлі күнге дейін толық іске аспады», дейді Анатолий Адамович. Мұны­мен бір кезде ол жалдау құны өте төмен ком­муналдық базар салуды ұсынды. 2006 жылы облыстық мәслихат депутаттығы­на сайланған күннен бастап «Табыс» сау­­да нүктесінің жобасын өзі әзірледі. Қазір­гі кезде қаланың оңтүстік-батыс шетін­де, Ақтөбе – Қобда тасжолының бойын­да орналасқан «Табыс» базарында Ақтөбе аудандарының шаруалары өсірген картоп, сәбіз, қырыққабақ, қауын-қарбыз сатылып жүр.

Дмитрий Довматенко облыстық мәс­лихаттың төрт шақырылымының депутаты болған жылдары кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы әріптестік қатынастарды жолға қоя білді. Халық ең көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сату жолдарын жасады, өнім шығаратын кәсіпкерлер мүддесін әртүрлі мінбелерде қорғай білді. Сол еңбегі үшін ҚР мәслихаттарының Құрметті депутаты атағына ұсынылды. Кәсіпкерлікті дамытудағы еңбегі үшін «Шапағат» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері атанды. Қазіргі кезде Дмитрий Адамович Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде әдеп жөніндегі комиссия мүшесі, өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық әкімдіктегі үшжақты комис­сияны басқарады, азық-түлік базарын­дағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб мүшесі.

Ақтөбе облысы