Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі әлі сақталып отыр. Өйткені су тасқыны салдарының шығынын есептеу аяқталған жоқ.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің ұсынған ақпаратына қарағанда, су тасқынынан көп зардап шеккен Жылыой және Қызылқоға ауданындағы арнайы комиссиялардың қорытындысымен өлген малдың саны нақтыланды. Бұл комиссияларға Жылыой ауданынан – 100, Қызылқоға ауданынан 58 өтініш түскен. Өтініште көрсетілген 1 067 мал мен 532 үй құсына 185,6 млн теңге өтемақы төленген.
«Бұл қаржының 123,8 млн теңгесі Жылыой ауданы тұрғындарының шығыны үшін берілген. Өйткені бұл ауданда 876 төрт түліктің, атап айтқанда, 93 мүйізді ірі қара, 697 қой-ешкі, 55 жылқы және 31 түйенің өлгені анықталып отыр. Сондай-ақ 532 үй құсы өлген. Ал Қызылқоға ауданында тұратын тұрғындардың шығыны 61,7 млн теңгені құрады. Мұнда 105 сиыр, 40 қой-ешкі, 45 жылқы, 1 түйе шығын болған. Қазір бұл ауданда төрт түліктің шығыны үшін өтемақы толық төленді», дейді Р.Жұмағазиев.
Оның дерегіне жүгінсек, облыста су тасқынынан 39 шаруа қожалығы, 19 жеке кәсіпкер, 90 тұрғын зардап шеккен. Мәселен, Жылыой ауданында шығынға ұшыраған 13 шаруа қожалығы, 16 жеке кәсіпкер, 71 тұрғын тіркеліп отыр. Ал Қызылқоға ауданынан 26 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер мен 29 тұрғын шығынды өтеу жөнінде өтінішпен жүгініп отыр.
«Жылыой ауданының тұрғындарынан қосымша 50 өтініш қабылданды. Бұл өтініштерде 206 малдың, оның ішінде 90 мүйізді ірі қара, 27 қой-ешкі, 58 жылқы мен 31 түйенің шығын болғаны көрсетілді. Сондықтан шығынды өтеу үшін облыстық бюджеттен 88,7 млн теңге бөлінді. Қазір мал иелеріне өтемақыны төлеу үшін қажетті жұмыстар қолға алынды», деп мәлімдеді Р.Жұмағазиев.
Су тасқынынан егістік алқаптарына да зиян келгені жасырын емес. Тасқын су 6 071 гектар аумақты басты. Соның салдарынан 4 754 гектар алқапқа ғана егін егілді. Оның ішінде картоп – 568 га, көкөністер – 1433 га, бақша – 931 га, мал азықтық дақылдар 1822 гектарды құрайды.
«Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрығымен ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидасы бекітілді. Соған сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қала, аудандарда және облыста арнайы комиссия құрылды. Атырау облысында шығынды өтеу мақсатында берілген 152 өтініш тіркелді. Оның ішінде 90 өтініште егістік алқапқа келтірілген шығынды өтеу сұралып отыр. Ал 62 өтініш иелерінің маусымдық үй, қора, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары секілді мүлкіне залал келгені анықталды», дейді Р.Жұмағазиев.
Ал Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлік субьектілердің шығыны өтеліп жатыр. Өңірлік комиссияның шешімімен 177 кәсіпкердің өтініші қабылданып, оларға 1,7 млрд теңгенің өтемақысы тағайындалды. Шығындарды анықтау, зерделеу жұмысына 13 бағалау компаниясы тартылды. Бұл компаниялардан 58 маман бағалау жүргізуге жұмылды.
«Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын ауыл шаруашылығы жануарларының түрі мен жыныстық-жас топтары бөлінісі ескеріліп, нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалды. Осы кезге дейін берілген өтемақы мөлшеріне шағымдану дерегі тіркелген жоқ. Қазір Атырау қаласы мен Махамбет ауданында мал шығынына қатысты өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Өлген малдың саны мен өтемақының мөлшері қалалық, аудандық комиссияның шешімдеріне сәйкес анықталады», деп нақтылады облыс әкімінің баспасөз хатшысы.
Атырау облысы