Кіндігіміз бесінші атадан қосылатын қаным еді.
Ана Алтайдың екі жағына қақ бөлініп қалған Хангелдінің ол кісі Моңғолия бетіндегі көшін бастап, мен Қытай шекарасынан асып Астанада қосылып едік. «Қанымсың ғой», деп қатты қысып еді тас жібіткен ыстық құшағына! Қаламымен ғасыр көшірген қайран ғұлама! Бумын, Тоныкөк қағандардың рухын жеткізіп еді, ана топырақтан атажұртқа! Күлтегіннің көк тасын көтеріп, Астана төріне орнатуға атсалысқан еді. Ата домбыраның жұпар үнімен сүйсіндіріп еді дүйім қазақты!
Тарих туралы том-том ғылыми еңбектердің құнын білуге біздің ақыл-ес әзірге жете қоймайтыны бесенеден белгілі. Тарихи таным мен тамырлы түйсік қалғып кеткен қазіргі қазаққа ғасырлар қойнауынан қазына тасып арқа еті арша, борбай еті борша болған салдал атаным-ай! Тарам жолдарда тас тілген қос табаныңды бауырыңа алып, қомын жерде қалдырып көрмеген қос тізеңді бүгіп, мәңгіге шөккенің бе!
Қадіріңді біле алмадық, білгізе алмадық... Халық өз атынан ғылымға еңбек сіңірген қайраткер биігіне шығарғаны да рас.
Тік жүріп, тік кетті! Тік сөйледі! Тізесі тірі жанға бүгілмеді, басы басынғанға иілмеді. Игі өмір, ізгі жүрек! Тоқтап қалды... Жазғасалым-ақ үйімде осылай бір жарқылдап отырып еді, Жәлей апамызбен бірге. Біздің үйдегі немерелерін кезек иіскеп мауқын басып еді, «қаным ғой», деп, қайран аға! Қайран қан! Алла қара нарымызды алдынан жарылқағай!
Ұларбек Нұрғалым, қаламгер шәкірті